Б.Сапарбаев ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуді талап етті

You are here

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиналыста өңірдегі ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелер қаралды.

Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Кеңес Қанатбаев жиналысқа қатысушыларға Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы қабылданған шаралар туралы мәлімдеді.

Сонымен, уақытында жүргізілген алдын алу шараларының нәтижесінде облыс аумағында аса қауіпті аурулар тіркелмеген. Ағымдағы жылдың бес айында 936 мыңнан аса малға сібір жарасына қарсы, 85 мыңнан астам мал басына пастереллезге қарсы, 157 290 ірі қара малға өзге де жұқпалы ауруларға қарсы вакцина егілді. 271 476 бас ірі қара мал, 583 мыңға жуық ұсақ мал бруцеллезге тексерілді. Бруцеллезді жұқтыру пайызы өткен жылғымен бірдей.

Облыста 41 типтік мал қорымы тіркелген, мал дәрігерлік бекеттер 13 жылжымалы және 6 стационарлық инсинираторлармен қамтылған. Сондай-ақ, ағымдағы жылы Алға, Қарғалы, Мәртөк, Ойыл және Хромтау аудандарында 7 типтік мал қорымын салу үшін қаражат бөлінді.

Ауылшаруашылық малын идентификациялау бойынша шаралар қолданылуда: ірі қара мал 73%, ұсақ малдар 59%, жылқы 18%, түйе 84,3% идентификацияланды.

Өңірде 79 мал сою нысаны әрекет етсе, оның бесеуі ет өңдеу кәсіпорны, 18 мал сою пункті, 56 мал сою алаңы.

Кеңес Қанатбаевтың айтуынша, Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарындағы базарларда малдың ветеринарлық-санитарлық тексеруден соң арнайы тағайындалған орындарда сойылуы үнемі бақылауда.

Облыс әкімі басқарма басшысына аталмыш бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

- Алдымызда мал басын көбейту тапсырмасы тұр. Біздің шешуіміз қажет болатын негізгі мәселе есепке алу мен түгендеуге, сонымен қатар, вакцинациялауға байланысты. Бұл мәселені үнемі қадағалауда ұстау қажет. Егер біз мал басын көбейткіміз келсе, мал ауруын төмендетуіміз керек,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Бұдан өзге, жиын барысында атқару тәртібі мен мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері талқыланды.

Жиын соңында өңір басшысы облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Мұхтар Жұмағазиевті ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына өтуімен құттықтап, «Ақтөбе облысының дамуына қосқан үлесі үшін» төс белгісін табыстады.

Ақтөбе облысының баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы