Б.Сапарбаев: Жоғарғы оқу орындары студенттерді оқытып қана қоймай, олардың жұмысқа орналасуларына септігін тигізулері керек

Жоғары білім берудің мәселелеріне арналған кеңес өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті.

Кездесуге Ақтөбедегі барлық алты жоғары оқу орындарының басшылары қатысып, өздері басқаратын оқу орындарының қызметтері туралы есеп берді.

Жиынды ашқан облыс әкімі білім сапасына аса назар аударды.

Биылғы жылы Қазақстанның үздік жоғарғы оқу орындарының ұлттық рейтингі жасалды. Бұл рейтингке Ақтөбеден тек Қ.Жұбанов атындағы университет қатыстырылған, бірақ ол көршілес аймақтардың жоғарғы оқу орындарынан төмен тұр, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Ұлттық рейтингке барлығы 57 ЖОО кірді. Олардың арасында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ үздік университеттер ішінен көпсалалы бағыт бойынша 20-шы орынды иеленді. Ақтөбе облысының білім беру мекемелері осы рейтингте техникалық, гуманитарлық, экономикалық, медициналық және педагогикалық бағыттар бойынша үздік оқу орындары қатарына ұсынылмаған.

Түлектерді жұмыспен қамту мәселесі де көңіл көншітпейді. Мәселен, 2017 жылы күндізгі бөлімде оқыған 3,2 мыңнан астам жоғары оқу орындарытүлектерінің 53% -ы ғана тұрақты жұмыспен қамтылған.

Бердібек Сапарбаев ЖОО өкілдеріне: - Білім беру басқармасы мұқтаж мамандықтарды анықтаулары тиіс. Соған сай мамандар даярлауымыз қажет. Біз өзіміз жоспарлы түрде жұмыссыздар қатарын толықтырып отырмыз. Сіздердің міндеттеріңіз студенттерге білім беріп қана қоймай, оларды жұмыспен қамтуға ықпал етулеріңіз керек», - деді.

Ол сондай-ақ, жоғары оқу орындарының арасында әдіснамалық-педагогикалық тәжірибе алмасуды, жастар комитеттерінің жұмысын, ректораттың студенттік қауымдастық пен жоғары оқу орындарындағы тәрбие жұмысын байланыстыруын, сонымен қатар «өткіздік» деген аты үшін ұйымдастырылған ресми іс-шаралармен шектелмеулерін міндеттеді.

Жоғарғы оқу орындардағы «ғылым-білім-өндіріс» жүйесінің дамытылуы да сынға ұшырады.

- Мемлекет басшысы Қазақстанның үшінші жаңғыруын жүзеге асыруды қамтамасыз ету міндетін қойды. Сіздер оқытушылар мен мен студенттерді ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға ынталандыру арқылы аталмыш бағдарламаға үлкен үлес қоса аласыздар. Инновациялық идеялар мен технологиялар жоғарғы оқу орындарының қабырғасында пайда болып, күнделікті өмірде қолданысқа енгізілуі тиіс, - деді өңір басшысы.

Бердібек Сапарбаев М. Оспанов атындағы БҚММУ өкілдеріне оқу орнының медициналық кластерді қалыптастыру мен дамытуға белсенді қатысуын талап етті.

Кездесуді түйіндей келе, облыс әкімі елдің болашағы жоғарғы оқу орындарының бүгінгі жұмысына байланысты екенін атап өтті.

-Сіздер отанның, қазақстандық жас ұрпақтың, балаларыңыздың алдындағы міндеттеріңізді адал және жауапты орындауларыңыз керек, - деді Ақтөбе жоғарғы оқу орындары басшыларына Бердібек Сапарбаев.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі