Б.Сапарбаев мұнай-газ компанияларының басшыларына жұмысшылары алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындауға шақырды

Ақтөбе облысында дәстүрлі түрде өңірдегі ірі және орта кәсіпорындар облыс басшылығы мен кәсіподақтардың қатысуымен 2017 жылдағы өндірістік бағдарламаларды, ұжымдық келісім-шарттар мен меморандумдардың іске асырылуы туралы қызметкерлермен есеп беру кездесулерін өткізуде.

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданындағы Жаңажол кен орнында, Темір ауданындағы Кеңқияқ тұзүсті, Кеңқияқ тұзасты және Байғанин ауданындағы Солтүстік Трува кен орнында мұнай және газ өндірумен айналысатын өңірдегі ең ірі «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» мұнай-газ компаниясының жиналысына қатысты. Компанияға облыста өндірілетін мұнайдың шамамен 67% және газдың 88% тиесілі. Компанияның Қазақстанның мұнай нарығындағы көмірсутек шикізатын өндіру бойынша үлесі 7,7% -ды құрайды, сондай-ақ, ол Қазақстанның жетекші мұнай-газ операторларының бірі болып табылады. Бүгінде компанияда 6,3 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

«CНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь жиынға қатысушыларға компанияның 2017 жылғы қызметінің негізгі нәтижелерін таныстырды. Есептік кезеңде кәсіпорын 5 млн. тонна мұнай және мұнай өнімдерін өндірген. Сонымен бірге, 5,105 миллиард текше метр тауарлы ілеспе газы таратылған, бұл компания тарихындағы рекордтық көрсеткіш болып саналады. Өндірісті дамытуға шамамен 100 млрд. теңге инвестицияланды.

Аймақ басшысы кәсіпорынның өндірістік қызметін талдауға сай және тапсырмаларды орындау бойынша, тұтастай алғанда, қойылған міндеттерді орындап, тұрақты жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

«Акционерлік қоғам басшылығының есебі қанағаттандырарлық, жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы әлеуметтік-серіктестік қарым-қатынас тұрақты, басшылық Мемлекет басшысы мен Республика үкіметінің біздің алдымызға қойып отырған міндеттерін түсініп отыр»,-деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, өңір басшысы кәсіпорынға Ақтөбе қаласындағы заманауи  «Өнер орталығының» құрылысы үшін алғысын білдірді.  Еске сала кетейік, құны 1,5 млрд теңгені құрайтын жоба әлеуметтік жауапкершілік аясында жүзеге асырылып, былтыр желтоқсан айында пайдаланылуға берілген болатын.

«Өнер орталығының ашылуы қаламыздың мәдени өміріндегі маңызды оқиға болды. Ақтөбеліктердің атынан осы ерекше нысанның құрылысы үшін ризашылығымды білдіремін. Әлеуметтік жауапкершілікті одан әрі тиімді жүзеге асыру мақсатында Ақтөбеде Ел Президентінің «Сандық Қазақстанға» көшу міндеттерін орындауға мүмкіндік беретін Жаңа ақпараттық технологиялар орталығын салуды ұсынамыз»,-деді Б.Сапарбаев акционерлік қоғамның басшысына қарата айтқан сөзінде.

Облыс әкімі, сондай-ақ, кәсіпорынның 2018 жылға  арналған негізгі өндірістік міндеттерін белгіледі, олардың ішінде, өндірістік көрсеткіштер мен инвестицияларды ұлғайту және өндіріс процесстерін цифрландыру бойынша дайындық және оны жүзеге асыру шараларын жүргізу, сатып алу жұмыстарына жергілікті өнімдердің үлесін қамтуды арттыру, жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар бойынша әлеуметтік міндеттемелерді толығымен орындау, қызметкерлердің еңбекақысын өсіру, ұжымдық келісімшарттарды орындау, сонымен қатар, жоғарғы оқу орындарымен ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша ынтымақтастық жасау, т.б. тапсырылды.

Өңір басшысы ұжымдық келісім - шарттардың орындалуы, жұмысшылардың еңбекақыларын кемінде 15% арттыруға, жұмыс орындарының сақталуына және шетелдік жұмыс күші санын азайтуға ерекше көңіл бөлді.

Кездесу соңында облыстық әкімдік, «СНПС - Ақтөбемұнайгаз» АҚ және кәсіподақтардың аймақтық бірлестігі арасында еңбек қатынастарын реттеу және жұмысшыларға әлеуметтік кепілдіктер беру мәселелері бойынша аймақтық деңгейде келісілген әрекеттер мен өзара түсіністік туралы меморандум жасалды.

Осындай меморандумдар бүгін «CНПС - ATK» ЖШС, «Ұлы қабырға» ҚҚБК» ЖШС және «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-мен арада жасалды, онда, сондай-ақ, облыс басшысы еңбек ұжымдарымен кездесу өткізіп, кәсіпорындар басшыларының өндірістік бағдарламалар мен ұжымдық келісімшарттардың орындалуы туралы есептерін тыңдады.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі