Б.Сапарбаев облыс әкімінің есептік кездесуінде айтылған мәселелермен көзбе-көз танысты

You are here

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тұрғындармен есептік кездесуі кезінде өңір халқы бірқатар мәселелі сауалдарын жолдап, шешіп беруін өтінген болатын.

Атап айтқанда, Ақтөбе қаласының тұрғыны Гүлмира Есбергенова өзінің мемлекеттік қордан бөлінетін баспананың кезегінде 10 жыл бойы тұрғанын айтып, көмек сұраған еді. Қазіргі таңда ол бірінші топтағы мүгедек қызымен бірге мемлекет тарапынан берілген алаңы 15 шаршы метр болатын уақытша баспанада тұрып жатыр.

Облыс әкімі Заречный-2 ауылына арнайы барып, Гүлмира Есбергенованың жағдайымен танысты. 35 жастағы Гүлмира Есбергенова мен оның екі жақты мидың салдануы сырқатымен ауруымен ауыратын 13 жасар қызы Инабат тұрып жатқан шағын бөлмеде жылу жоқ, тұруға қолайсыз. Гүлмираның кірісі – мүгедектікке байланысты алатын әлеуметтік көмек қана.

- Соңғы 3-4 жыл ішінде Ақтөбеде кезекте тұрғандар үшін бірде бір әлеуметтік үй тұрғызылмапты. Осы жылы біз бес үйдің құрылысын бастамақшымыз. Біз сізге көмектесудің жолдарын қарастырамыз. Сіздің мәселеңізді бақылауға алып, бір жылдың ішінде шешіп береміз деп ойлаймын,-деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімі қала әкімі Ілияс Испанов пен қалалық жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаеваға бұл отбасыға барынша көмек көрсетіп, демеушілер есебінен жағдайы бар басқа уақытша баспана тауып беруді тапсырды.

Бердібек Сапарбаевты күткен Заречный-2 елді мекенінің тұрғындары облыс әкімімен тұрғын алабының өзекті мәселелерімен бөлісіп, тағы бір мектеп салуға және сумен жабдықтауға қолғабыс етуін өтінді.

Бұдан кейін өңір басшысы есептік кездесуде елді мекенді қардан тазарту, жарықтандыру, сонымен қатар медициналық мекеме салу сияқты мәселелерін қозғаған Россовхоз ауылында болды.

Бердібек Сапарбаевпен тілдескен медициналық пункт қызметкері күніне келетін емделушілер санының 30-дан аспайтынын айтып, мекемені кеңейтудің қажеттігі жоқтығын алға тартты.

Елді мекенде жарық мәселесі шешілген, өңір басшысы тұрғындарға ауыз су жайы да дұрысталатындығын жеткізді.

Мәскеу шағын ауданының көшелерін аралаудың нәтижесінде Ақтөбе қаласының әкіміне облыс орталығын қардан тазартуды бақылауда ұстауы тапсырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы