Б.Сапарбаев шалғай ауылдарды сумен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен халық пен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету сұрақтары жөнінде жиналыс өтті.

Селектрлі жиынға Ақтөбе қаласы мен облыс аудандарының әкімдері, бірқатар жергілікті атқарушы және мемлекеттік органдардың, барлық коммуналдық кәсіпорындардың басшылары қатысты.

Жиында өңірдің газбен, сумен, жарықпен жабдықталуы туралы энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Дастан Аманов мәлімдеме жасады.

Облыстағы газ құбырының жалпы ұзындығы - 6 мың шақырым. Барлық аудан орталықтары газдандырылған. Жыл соңына дейін бес елді мекен көгілдір отынмен жабдықталып, халықтың 87,3%-ы газбен қамтылатын болады.

Сонымен қатар, құбыр суын облыс тұрғындарының 90,6%-ы пайдаланады. Өңір басшысы тұрғындары сырттан әкелінген суды қолданып отырған Ырғыз ауданының Нұра және Мамыр ауылдарының ауыз су мәселелерін шешуді тапсырды.

Өңірді ауыз сумен қамтамасыз ету жүйесін дамыту және жаңғырту мақсатында «Нұрлы жер» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша жалпы құны 2,3 млрд. теңге болатын он жоба жүзеге асырылуда.

Бұдан басқа, 2016-2020 жылдар аралығында "Ақбұлақ" АҚ республикалық, облыстық бюджет есебінен гранттық қаржыландыру, Европалық даму және  қайта құру банкінің рессурстық несиелері есебінен облыс орталығының сумен жабдықтау объектілерін 3,9 млрд. теңгеге қайта жөндеуден өткізбек.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының басты мәселесі - негізігі құралдардың ескіргендігі. Мәселен, электр желісінің 61,5 %  тозығы жеткен.

Бұл мәселенің шешімін табу үшін, Бердібек Сапарбаев комммуналдық кәсіпорындардың инвестициялық бағдарламаларды орындауын қатаң бақылауды тапсырды.

- Егер инвестиция болса, неге құбырлар тоз-тоз болған? Қызмет құнын көтергілерің келсе, сапасын да көтеріңдер,-деді облыс әкімі.

Өңір басшысы жылу маусымына дайындық шараларын жеделдету, тұтынушылардың коммуналдық қызметтер бойынша қарыздарын қысқарту, иесіз желілерге бақылауды күшейтуді тапсырды. Былтырғы жылы Б.Сапарбаевтың тапсыруымен иесіз желілілердің барлығы коммуналдық меншіктердің қарауына берілген еді.

Қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйентаеваның баяндамасын тыңдаған аймақ басшысы квазимемлекеттік секторлардың 396 субъектісі қызметін және кәсіпорындар есебін қалыпқа келтіру мен олардың кірісін жоғарылату бойынша шараларды қабылдауды тапсырды. 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі