Б.Сапарбаев өнер және мәдениет саласы қызметкерлерімен кездесті

You are here

Елбасы тапсырмасына сәйкес жаңа жылдан бастап бюджеттік сала, оның ішінде өнер мен мәдениет қызметкерлерінің жалақысы 40 пайызға көтерілетіні белгілі. Мемлекет руханияттың қазығын ұстаушыларды әрқашан шеттеткен емес. Мәдениеттің барлық саласына қамқорлық әлі де жалғаса береді. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония ғимаратында өткен алқалы жиында ақын-жазушылар, әртістер мен әншілер, бюджеттік мекеме қызметкерлерімен емен-жарқын әңгімелесті.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласымен қатар, арнайы сапарлары барысында шалғай ауылдардағы мәдениет ошақтарын өз көзімен көріп, жағдайларымен танысқаны белгілі. Сондықтан олардың қиындықтарымен етене таныс. Қамыстан, саманнан салынған клубтарға кірді, материалдық дүниеден жұрдай мәдениет үйлерін де аралады. Ал, Бердібек Машбекұлының бұрынғы қызметіндегі ізіне қарап сүйсініп, мәдениет саласына серпін күткен ақтөбеліктер бұл кездесуді асыға күткені рас. Бұрынғы басшылардың біліксіздігінен жүдеп қалған мәдени саланың еңсесі көтерілетін күн алыс емес. Өйткені, Ақтөбе - батыс өңірдің рухани астанасына лайықты қасиетті жер. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс әкімі мәдениет саласында қаржы жоқтығын айтып, зар илейтін басшылардың сылтауының жөнсіз екендігін бірден ескертті. Пысық жетекші қаражат көзін әрқашан табады, қолдағы барын ұқсатады. Театрлар - көрермендерін, кітапханалар - оқырмандарын, музей - қонақтарын көбейтуідің қамын жасауы керек. Ол үшін сапалы туынды, сапалы дүние көп болуы тиіс, - деді облыс әкімі. Өйткені, мемлекет тарапынан әркез қолдауы бар шығармашылық ұжымнан да қайтарым болуы керек. Әлемдік дағдарыстың дабырасынан қажыған халықтың қолтығынан демеп, көңілін аулайтын да осы мәдениет пен өнер саласы қызметкерлері.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жуырда ғана мәдениет басқармасының басшысы қызметінен босатылды. Бұл - жүгенсіз кеткен жүйе мен істі басқарудағы шалағайлықтың жемісі. Бүгінгі ресми баяндамасыз, тек ашық-жарқын әңгімеге негізделген кездесуге келгендер ойларын ашық айтып, шерін тарқатуға мүмкіндік алды. Ақтөбеде күні кеше даңқты жерлестеріміз Сағи Жиенбаев пен Тобық Жармағамбетовтардың мерейтойларына билік құлықсыздау қатысты. Осыны айтқан ақын Мейірхан Ақдәулетұлы мәдениет саласының өркендеуі үшін тұжырымдама керектігін жеткізді.

МЕЙІРХАН АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, АҚЫН, КӨСЕМСӨЗШІ

Микрофон тиген әншілердің өкілі облыстық филармонияға дыбыс жазу студиясы керектігін, мәдениет саласы қызметкерлерінің баспанасыз жүргендігін, ақтөбелік өнер иелеріне Астанадан берілетін атақтың бұйырмай жүргендігін айтты. Бишілердің жетекшісі өркендеген ұжымына мемлекеттік мәртебе сұрады. Ал, еңбек ардагері Ғалымжан Байдербес даңқты мерген Әлия Моладағұлованы бауырына басып, жетілдірген Әубәкір Молдағұловтың атын ұлықтап, Мәншүк Мәметова есімімен медициналық колледжді атауға ықпал етуді сұрады. Ал, жас ақындардың да жыры терең.

ИНДИРА КЕРЕЕВА, АҚЫН, ЖУРНАЛИСТ

Залдан қойылған сауалдарға байланысты облыс әкімі Ақтөбеде келесі жылы өлкетану музейіне арналып, жаңа ғимараттың құрылысы басталатындығын жеткізді. Бұл іске металлургия мен мұнайгаз саласындағы іргелі кәсіпорындар демеушілік етуі мүмкін, ал жетпесін бюджет толықтырады. Жалпы, бүгінгі отырыста мәдениет саласына қатысы бар барлық мекемелердің өкілдері көкейлеріндегі сауалдарын іркілместен айтты. Тіпті, мәдениет қайраткерлері соңғы жиырма жылда облыс әкімі деңгейіндегі басшылармен мұндай арнайы кездесудің болмағандығын да атап өтті. Ашық әңгімені жақсылыққа балады, үміт оты өршігендігін жасырмады.

ҚАЗИ ЖАСЕКЕНОВ, "АҚТӨБЕ" ВОКАЛДЫ-АСПАПТЫ АНСАМБЛІНІҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ

Екі сағатқа созылған жиынның қорытындысында облыс әкімі мәдениет саласының алдағы үш жылдық даму жоспары, белгілі тұлғалардың мерейтойларын, мүшайраларды өткізудің тұжырымдамасын жасауға тапсырма берді. Арнайы жұмыс тобы құрылып, барлық ұсыныстарды есепке алуы тиіс. Мәдениет саласы қызметкерлері үшін жатақхана салу, автобус тәрізді тұрмыстық қажеттіліктер бе Ақтөбе өңірінде алдағы уақытта оңынан шешіледі. Кадр мәселесінде елімізге белгілі оқу орындарымен шарттасып, ақтөбелік жастардың тегін білім алуына бюджеттен қаржы қаралады. Кітапханаларды жаңа туындылармен толықтыруға мүмкіндік бар.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Музей саласының ардагері Шайзада Мұқашеваның ұсынысы бойынша Ақтөбедегі көшелердің бірі белгілі дәрігер, бірінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан жалғыз қазақ қызы Аққағаз Досжанованың есімі беріледі. Облыс әкімі өзінің орынбасарына тиісті шараларды рәсімдеуді тапсырды. Ал, сүйегі Орынбор жерінде жатқан Бопай ханымның - Әбілқайыр ханның жан серігінің есімін елге танытуда стратегиялық қадам жасалады.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс басшысымен кездесу мәдениет саласы қызметкерлерінің көңілінен шықты. Көрпеге қарай көсілсек, театр да салынады, музей құрылысы да басталады, жалақы да төмендемейді. Өнер мен мәдениет саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, білім жетілдіруді де облыс әкімі бастау керектігін айтты. Ең бастысы - қайтарымды ұмытпай, сөзден іске көшетін уақыт жетті.

 

 

 

Қосылды: 
10.12.2015 - 15:57
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 16:00

Жаңалықтар таспасы