Б.Сапарбаев CNPC вице-президентімен кездесті

Бүгін Ақтөбеде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев CNPC корпорациясының вице-президенті Ван Дун Цзиньмен кездесті.

Жиын барысында серіктестікті кеңейту және мұнай-газ бен өңдеуші салалардағы бірлескен жобаларды жүзеге асырудың келешегі талқыланды.

Өңір басшысы Қазақстан мен Қытай арасында өзара тиімді серіктестік қағидасына құрылған тығыз әріптестік қарым-қатынас орнағанын атап өтті. Бұған еліміздің көшбасшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Си Цзиньпиннің жиі кездесулері дәлел.

«Ақтөбе облысы шетелдік әріптестермен серіктес болу үшін ашық. Қазіргі таңда мұнда шетелдік капиталдың қатысуымен 700-ден аса компания жұмыс жасайды. Олардың арасында сіздердің компанияларыңыздың орны ерекше. Өңірдегі 20 жыл жұмыстың ішінде 100 миллион тонна мұнай өндірілді, ал инвестиция көлемі 13 млрд. долларға өсті»,-деп атап өтті облыс әкімі.

«Мемлекет басшысы жыл қорытындысы бойынша экономиканы 4 пайыздан кем қылмауды тапсырды. Ол үшін біз экономиканың барлық секторларының, соның ішінде мұнай-газ саласының даму қарқынын сақтауымыз қажет»,-деді Б.Сапарбаев.

Осыған байланысты ол мұнай мен газ өндірісі көлемінің төмендеуіне жол бермеуді баса айтты. Сондай-ақ еңбекақыны көбейту, жұмыс орындарын сақтау және қазақстандық мамандардың біліктілігін арттыру сұрақтары да қозғалды.

Өз кезегінде Ван Дун Цзинь облыс басшысына жемісті бірлескен жұмыс үшін алғысын білдіріп, барлық көтерілген сұрақтардың шешілетініне сендірді. Атап айтқанда, жыл соңына дейін еңбекақыны көтеру және жергілікті кадрларды оқыту шараларының жоспары жасалмақ.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі