Бюджеттің игерілмеуіне жол берген мемлекеттік органдар жазаланады

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында бюджеттің 2017 жылғы орындалуына қатысты сұрақтар қаралды.

Қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның мәліметіне қарағанда жергілікті бюджеттің нақты түсімі 100,6 млрд. теңгені немесе жоспардан 103,1%-ды құрады.

- Барлық аудандар мен қала бюджет кірістерінің болжанған көрсеткіштерінің орындалуын қамтамасыз етті. Жасалған талдау оң өсу серпінін көрсетті. Өткен жылы кіріс бөлігі 2015 жылмен салыстырғанда 13 млрд. теңгеден астам сомаға өсті,-деп атап өтті қаржы басқармасының басшысы.

Шығыс бөлігі 99,4% немесе 228,5 млрд. теңгеге орындалды. 1,4 млрд. теңге игерілмей қалған. Ақтөбе қаласы мен Хромтау ауданынан басқа, облыстық бюджеттік бағдарламалардың барлық әкімшілері мен облыс аудандары 100% игерген.

- Біз әр апта сайын жиналыс өткізіп, бюджеттің игерілуін тармақтар бойынша қарастырдық. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне бөлінген қаражатты жүз пайыз игеру жөнінде нақты тапсырмалар берілді. Алайда, бұл тапсырма толық орындалған жоқ,-деп атап өтті  Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысы себебін анықтап, қаражаттың игерілмей қалуына жауапты мемлекеттік органдардың басшыларын жазалауды тапсырды.

Г.Сүйінтаева сондай-ақ, жекешелендірудің 2016 – 2020 жылдарға арналған кешенді жоспарының жүзеге асырылуы туралы баяндады

Бұдан басқа, жиында мемлекеттік сатып алулардың 2017 жылғы қорытындысы мен ағымдағы жылға жоспары қаралды. Аталмыш сұрақ бойынша салалық басқарманың басшысы Гүлназ Сисенова хабарлады.

Өткен жылы басқарма 34,6 млрд. теңгенің 501 жобасына мониторинг жасады, соның ішінде Ұлттық қор мен республикалық бюджет қаражатынан мақсатты трансферлер – 18,2 млрд. теңге, жергілікті бюджет шамамен 16,4 млрд. теңге. 2018 жылдың басында мониторингпен 16,7 млрд. теңгенің 246 жобасы қамтылған.

Облыс әкімі мемлекеттік органдарға мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытында өткізуді қамтамасыз етулерін тапсырды.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы өзінің орынбасарлары мен мемлекеттік органдар басшыларының назарын халықтың әлеуметтік желілерде көтерген мәселелерін шешуге аударды.

- Аталған жұмыс нашар жүргізілуде. Халықпен кері байланыс жоқ. Адамдар көкейкесті мәселелерінің шешімі табылады-ау деген үмітпен жазады, бірақ үндеулердің дені жауапсыз қалады. Талдау халықтың көп ретте  баспана, жол мен жол инфрақұрылымы, жұмысқа орналасу, газдандыру, қоғамдық көлік жұмысы, көшені жарықтандыру мен жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін беруге байланысты сұрақтарды көтеретіндерін көрсетті,-деді Бердібек Сапарбаев осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырып.

Ең соңында облыс әкімі өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экономиканы цифрландыру, бөлінген жер теліміні пайдалану, құрылыс индустриясын дамыту, білікті мамандарды даярлау, даму институттарымен ынтымақтастықты жандандыру, экономика өсімінің қарқыны мен халықтың әл-ауқатын арттыру бойынша бірқатар тапсырмаларды қойды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі