Б. Сапарбаевтың есебі-2015 жылғы әлеуметтік экономикалық даму және алдағы міндеттер

"Қоныс" спорт сарайында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2016 жылғы міндеттер туралы есебін берді. Шараға кәсіподақ ұйымдарының, қоғамдық, діни, этномәдени бірлестіктердің, ірі шаруашылық субъектілерінің басшылары, ардагерлер қатысты. Ал, аудан орталықтарына жиналған тұрғындар облыс орталығымен онлайн байланысқа шықты. Сонымен қатар, Парламент сенатының депутаты Елеусін сағындықов, Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Шалқар Бәйбеков және "Бәйтерек" холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаев та есепке арнайы келген. Есептік кездесу барысында "Қазақстан-Ақтөбе" телеарнасы дайындаған облыстың даму көрсеткіштері туралы филм де көрсетілді.

Тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық. Өз сөзін осындай сеніммен бастаған облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың алғашқы есептік кездесуі облыс әкімі қызметіне тағайындалғанына жарты жылға жетер-жетпес уақытқа сәйкес келді. Елбасының тапсырмаларының негізінде өңір экономикасына инвестиция тарту, құрылыс пен өнеркәсіп өнімдерінің көлемін төмендетпеу мәселесі қыркүйектен бастап күн тәртібінен түскен жоқ. Облыс әкімі барлық аудандарды, көптеген елді мекендерді аралап көріп, жергілікті жерлердің күрделі мәселелерін шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.  Дәл осы әлемдік қаржы дағдарысының салқыны көпшілік елдерді шарпыған тұста етек-жеңді жинап, шығындарды азайтып, жұмыс қарқынын күшейтіп, үнемділікке көу керектігін айтқан болатын.

Облыс әкімінің ұстанымы - есеп, талдау және бақылау. Осы бағытты ұстанған өңірде былтыр салық түсімінің жоспары толық орындалды. Облысымызда биылдан бастап мемлекеттік және жеке серіктестіктің ынтымағы беки түсу тиіс. Облыс әкімі биыл осындай әріптестіктің арқасында 29 жобаның жүзеге асырылатындығын айтты. Әсіресе, денсаулық, білім және спорт салаларына ірі компаниялар мен қаржылық ұйымдардың күші тартылып, ел игілігіне жарайтын бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы басталады. Мәселен, словакиялық инвестицияға әлемдік деңгейдегі мұз айдыны, Қазхромның қаржысына Жастар сарайы, СНПС Ақтөбемұнайгаздың күшімен шығармашылық үйі және Алтын қыран комапниялар тобының есебінен облыстық музейдің құрылысы басталуы тиіс. Өндіріс саласында да мұндай жобалар жеткілікті. Ал, жері шүйгін, жайылымы мен шабындығы мол біздің өңірде ауыл шаруашылығы саласында 3 пайызға өсім болғанымен, бұл көрсеткіштің төмен екендігіне тоқталды.

Ауыл шаруашылығы саласына ерекше тоқталған облыс әкімі облыстағы суармалы жерлердің тек 50 пайызға жуығы ғана пайдаланылып отырғандығын айтты. Енді алдағы үш жылда 100 пайызға жеткізу жоспары бар. Ал, бөгет, тоған сияқты гидротехникалық саланы есептеп, жүйелеп жөнге келтіру үшін қазынадан 343 миллион теңге қаралған. Диқандар көкөніс егуге де мойын бұрып, арзан газдың есебінен жылыжайларды көбейту керек деді облыс басшысы. Ал, гектарына 3-4 центнерден ғана өнім беретін бидай алқабының көлемін азайтып, түсімі мол жүгері мен мақсарыға да көңіл бөлетін күн жетті. Мемлекет тарапынан шығаны және орта бизнестің өркендеуіне де толық мүмкіндік берілген. Ал, бағаны тұрақтандыруға көршілес облыстармен жасалған келісімдер септігін тигізуде.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың баяндамасы нақты сандармен дәйектеліп, автөлік жолдары, теміржол байланысы және әуе қатынасы, тұрғын үй құрылысы мен мәдениет, діни тұрақтылық пен білім саласының да кем кетіктері толық қамтылды.

Облыс әкімінің баяндамасынан соң Қоныс спорт сарайына жиналғандарға сауал беру кезегі тиді. Алдымен, микрофон алған еңбек ардагерлері Есімхан Есенбаев пен Бердіхан Кемешовтар облыс әкімінің есебіне ризалықтарын білдіріп, ауылдық жерге инвестиция тарту, Ақтөбе-Астрахань тас жолының құрылысы жобасына байланысты сұрақтарын берді. Негізгі сауалдар білім тәрбие, жастардың уақыттарын тиімді өткізәу мәселелері мен жекелеген азаматтардың тұрмыстық жағдайларын қамтыды. Тас жол мен газ, ауыз су мен электр жарығына байланысты мәселелер өңірдің даму бағдарламасында көрсетілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылып, қаржының түсіміне байланысты кезегімен шешілетін шаруалар деді облыс әкімі. Ал, Байғанин ауданы аумағында мұнай қалдықтарына арнап салынуы мүмкін полигонға байланысты сауалға да облыс әкімі тұшымды жауабын берді.

СЕРІКБАЙ ҚАЙДАСҰЛЫ, ЕҢБЕК АРДАГЕРІ

Тас түскен жеріне ауыр болса да, облыс әкімі ауыл-ауылға тартылатын жолдың қиындықтарымен жақсы таныс. Алайда, облыстық, аудандық деңгейдегі жолдар маңыздылығына байланысты кезегімен жөнделеді. Жалақасын даулағандар, өндірістік апаттан зардап шекккендер мен пәтер және жер телімін сұраушыларға да нақты жауап қайтарылды. Мәселен, Ақтөбе облысында жер кезегінде тұрғындар саны 150 мыңға жуықтаған. Бұл осы саладағы тәртіптің төмендеп, есептің жүгенсіз кеткендігі. Ал, пәтер кезегі де заңмен реттеледі. Облыс әкімі жекелеген сауалдар бойынша басқарма басмшылары мен өзінің орынбасарларын да орындарынан тұрғызып, нақты тапсырмалар берді.

ЕСЕТ ТҰРМАҒАМБЕТОВ, МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Облыс әкімінің есебін онлайн режимінде көріп отырған бірқатар аудандардың да тұрғындарын Бердібек сапарбаевқа сауал берді. Мәселен, Ырғыз өңірінен байланысқа шыққан Нұрқасым Сәрсенбайұлы Нұра ауылын ауыз сумен қамтудың жағдайы туралы сұрады. Ал, ақтөбелік серіктестіктердің бірінен маңдайақы қаржысын даулап жүрген Ауған жерінде әскери-медициналық борышын өтеген санаулы қыздардың бірі Гүлсім Сибағатованы облыс әкімі келесі аптада жеке қабылдайтын болды. Соңғы кездері жанкүйерлер арасында сан-қилы әңгіме тудырып жүрген футболшыларға байланысты да облыс әкімі нақты жауабын айтты.

Облыстағы қоғамдық-саяси тұрақтылықтың көрінісі бүгінгі есеп кезінде де байқалды. Даурыққан, дауласқан жан жоқ, нақты қиындықтардың нақты жоспарлары елдің көз алдында. Демек, билік пен бұқараның арасындағы сенімділік пен байланыс Ақтөбені әлі алға жетелері сөзсіз. Қоныс спорт сарайын лық толтырған тұрғындар шынайы мәліметтерге қанықты, уәделердің орындаларына сенім білдірді. Бұл өз кезегінде Елбасының сарабдал саясатын жүзеге асыруда күш біріктірудің кепілі.

Қосылды: 
24.02.2016 - 11:32
Соңғы өзгерiстер: 
05.09.2016 - 14:06