Б. Сапарбаевтың қатысуымен баспасөз маслихаты өтті

Ақтөбе облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың экономикалық өсімді арттыру жөніндегі тапсырмалары жыл соңына дейін толық орындалады. Бұл туралы бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді.

Президенттің тапсырмасымен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламалар мен жобалардан түсетін қаржы былтырғы межеден кемімей, жыл соңына дейін 101,5 пайызға орындалатындығына сенімділік мол. Журналистер алдында Бердібек Машбекұлы өңір экономикасына инвестиция тарту, құрылыс және өнеркәсіп өнімдерін өндіруден түсетін қаражатты жинақтауда қиындықтардың бар екендігін ашық айтты. Ал, басы артық шығындарды қысқартудан, яғни құрал-жабдық, көлік пен құрылысты шектеудің нәтижесінде бюджеттің 2 жарым миллиард теңгесі үнемделгелі отыр.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Мұнайлы өлкеде дағдарыстың табы да сезілген. Алайда, үнемдеу арқылы ілгерілеу тәсілімен экономиканың тың салаларын іздеп, қосымша кіріс көздерін табуға, есептілікті жөнге келтіру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Бюджет қаржысын жөн-жосықсыз жұмсамау бағытында облыс әкімі келесі жылы бюджеттік мекемелердің иелігіндегі автокөліктердің толықтай газға көшірілетіндігін айтып өтті. Дегенмен, барлық өсімге бастау болатын қоғамдық-саяси жағдай Ақтөбе облысында тұрақты.Теріс ағымдардың серкелері де сабасына түскен. Денсаулық сақтау саласында арнайы университет бола тұра, дәрігерлер жеткіліксіз. Білім саласында дуалды оқыту жүйесі қолға алынып, балабақша кезегі мемлекеттік және жеке әріптестік нәтижесінде азайтылуы тиіс. Спорттың басым, бұқаралық салалары да облыс әкімінің назарынан тыс қалмайды. Ал, негізсіз өсетін тарифке тұсау салынады, монополистердің әрбір ұсынысына талдау жасалады.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ал, аграрлық салаға импортты азайтуға байланысты тапсырма берілген. "Құлан", "Алтын асық", "Ырыс" бағдарламалары арқылы мал басы 10 мыңға көбейген. Бірақ, ет пен сүтті қайта өңдеу саласы тоқырап тұр. Енді, тұқымның сапалысын ғана егіп, егістік көлемі азайтылса да мал азығы мен бақша дақылдарын отырғызу басымдыққа ие. Журналистер Ақтөбе облысының әкіміне сауалдарды қарша боратты. Әсіресе, күні кеше үкімет отырысында айтылған бюджеттен бөлінген қаражатты игеру мәселесін бірнеше журналист қайталады. Бірақ, жауап - біреу, Ақтөбе облысы қазына қаржысын жыл соңына дейін 99 пайызға игереді. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ақтөбеде 27-қарашада өтетін "Ақтөбе-инвест - 2015" форумында жан жақпен байланыс орнатып, өңірге инвестиция тарту бойынша келіссөздерге қол қойылуы тиіс. Сонымен қатар, Бердібек Машбекұлы Еуропаның даму және қайта құру банкімен, Азияның даму банкімен тиімді байланыс жасала бастағандығын атап өтті. Облыс әкімі журналистердің білім, денсаулық, коммуналдық шаруашылық, спорт пен кадр мәселелері бойынша да сауалдарына тұщымды жауап берді. Бір сағаттан аса уақытта Ақтөбе облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысында нақты, әрі құнды мәліметтер айтылды.

 

Қосылды: 
24.11.2015 - 14:54
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 16:41