Б. Сапарбаев Алға ауданының өндірістік әлеуметтік нысандарын аралап көрді

You are here

Облыс әкімі Алға ауданында актив жиынына қатысан соң, Алға қаласындағы бірқатар әлеуметтік және өндірістік орындардың жұмысымен танысты. Елбасының жаңа Жолдауы жүктеген міндеттерге маңыз беру керектігін тапсырды. Алдымен, "Молочные истории" серіктестігі салып жатқан ет өңдеу кешенінің құрылысын көрді.

"Алға" өндірістік аймағында жуырда ашылатын жаңа ет өңдеу кешені сағатына 15 бас малды сойып, жіліктеуге қуатты. Жобаның жалпы құны - 2,1 миллиард теңге. Ол қаржының басым бөлігі - "Агробизнес" корпорациясының несиесі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев кешеннің дайын құрылғыларын көріп, ғимараттарын түгел аралап шықты. Себебі, аймақтың дамуына серпін беретін жобаның инфрақұрылымы "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасы бойынша бюджет есебінен жүргізілген. Бұл - малды өздері бағып, жем-шөбін дайындап, сойып, өңдеп сатуға дейінгі тізбекті қамтитын алып кластерлік жүйе. Болашақта бордақыланатын мал санын "Актеп" серіктестігі 11 мың басқа жеткізуді көздеп отыр. Серіктестік басшысы алып кешеннің жұмысы мен қуаты туралы облыс әкіміне толық мәлімет берді. 

Әлеуметтік саладағы мемлекет пен жеке кәсіпкерлік серіктестігінің айқын белгісі - Алғадағы "балдырған" балабақшасы. Уақытында қаңырап қалған бес қабатты үйді жаңартып, бүлдіршіндер тәрбиесіне лайықты кең сарайға айналдырған Балкенже Аймұхамбетова облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа жетістіктері мен қиындықтарын жайып салды. Балабақшаның үш тобында қазір 75 бала тәрбиеленіп жатыр. Балабақшаның жиһаздары - Ақтөбеде жасалған. Бұл мәліметті естіген облыс әкімі өзінің орынбасарына облыс бойынша әлеуметтік сала кәсіпорындарының қажеттілігіне тек отандық өнімді пайдалануды тапсырды. Ал, балабақша басшылығының да өз мұқтаждығы бар.

БАЛКЕНЖЕ АЙТМҰХАМБЕТОВА, ЖЕКЕ БАЛАБАҚША ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ

Аталған мәселелер бойынша облыс әкімі өзінің орынбасарына істің анық қанығын білуді тапсырды. Ал, Алға индустриалдық-техникалық колледжі қазір заман талабына сай білім мен тәжірибені ұштастырып отырған бірегей білім шаңырағы. 6 мамандық бойынша 300-ге жуық оқушы білім алатын колледждің материалдық-техникалық әлеуеті жоғары. Тігін шеберханасы ұлттық киім үлгілерін жайнатып қойса, болашақ аспаздар қазірдің өзінде тәтті дәмнің түр-түрін дайындауға маманданған. Дәнекерлеу цехтарында оқушылар темірді пісіріп, өңдеудің қыр-сырын меңгереді. Ал, автокөлік жөндеушілердің арасындағы қыздар да қажетті құралдарды жонып, қашап, икемге келтіруге машықтанған. Әрбір зертхананы зер салып аралап шыққан облыс әкімі оқушылардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөлді.

ҚАНАТ НҰРҒАЛИЕВ, АЛҒА ИНДУСТРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ КОЛЛЕДЖІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Облыс әкімі жергілікті Шипагер шипажайын да аралап көрді. Балшықпен, тұзбен тірек-қимыл жүйелерін, буын ауруларын емдеуге машықтанған шипажайда қысы-жазы емделушілер қатары толастаған емес. Ал, "Париж коммунасы" серіктестігінің Бестамақ ауылы тұсындағы мал өсіру кешенінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өндірістің ішкі нарықтағы сұранысты қамту тұрғысындағы жоспарларын тыңдады. 

 

Қосылды: 
04.12.2015 - 11:47
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 15:53

Жаңалықтар таспасы