Б. Сапарбаев АТВ Қазақстан телеарнасына келді

You are here

Журналистер - билік пен бұқараның арасындағы алтын көпір. Осы ынтымақты жалғастырушыларды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әркез қолдайтындығын айтты. Бүгін облыс басшысы "Қазақстан Ақтөбе" телекомпаниясының баспасөз орталығында телеарна мен облыстық "Ақтөбе" және "Актюбинский вестник" газеттерінің ұжымдарымен кездесу өткізді. Журналистиканың міндеті мен мүддесі, өңірдегі әлеуметтік, рухани мәселелер кеңінен айтылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе телевизиясының қара шаңырағы - "Қазақстан-Ақтөбе" телеарнасының жұмысымен танысуды жаңалықтар қызметінен бастады. Еліміздің, облысымыздың жаңалықтарын қалт жібермей, тәулігіне 4 мәрте тікелей эфир арқылы тарататын журналистердің техникалық мүмкіндіктерін көріп, тілшілермен тілдесті. Жұмысын таңғы жетіде бастап, түнгі он екіге дейін көрермендерін сапалы хабармен қамтитын арнаның жарнама бөлімі, техникалық қамту қызметі де облыс басшысына жете таныстырылды.

ЖЕКСЕНБАЙ ҚҰЛДАНҰЛЫ, ТЕЛЕАРНАНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ

Телеарна директоры Раукен Отыншин облыс басшысына заманауи студияларды да көрсетті. Тікелей эфирде хабар таратуға мүмкіндік беретін кең бөлмелер заман талабына сай жабдықталған. Қазір бұрынғыдай жарығымен қызуы қатар жүретін көне жарық шамдары жоқ. Жарқыраған студияның "Қазақстан-Ақтөбе" арнасында жетеуі бар. Мәселен, "Адам және заң" студяисының қонақтары халықты құқықтық сауаттандыруды міндетіне алса, "Прокурор уақыты" хабарында заңның орындалуын қадағалаушылар сұхбат береді. Ал, таңалакеуімнен қалың бұқараны әсем әуенмен, қызықты ақпараттар арқылы оятатын "Қайырлы таң" хабарының аудиториясы көршілес облыстарды да қамтиды. Бұл жетістіктерді көріп білген облыс әкімі жаңашылдықтарға жылы лебізін білдірді.

Сексенге жуық маман қызмет ететін телеарна іс жүзінде Қазақстан ұлттық арнасының филалы. Дұрыс маркетинг арқылы телеарна басшылығы жергілікті бюджетке де, бас кеңсеге де алақан жайып отырмай талшықтық оптикалық желі тарттырды. Бүгінде арнаның қазанында қырықтан аса бағдарлама қайнап шығып, көрермендерге сандық форматта жол тартады. Білдей екі ұжымның өкілдерімен кездесуді облыс әкімі ашып, осы жетістіктерді саралап өтті. Мұндай жабдықталу мен мүмкіндік басқа өңірлерде кездесе бермейтіндігін де атап өтті.

Облыс басшысы журналистер алдындағы міндет ел тәуелсіздігінің құндылықтарын насихаттау екендігін айтты. Тұрлаулы уақыт артта қалып, еліміздің барлық салада дамуын көрсете білу де журналистік шеберліктің шыңы. Ал, қазір талғамы биік көрермен мен оқырманды таңдандыру қиын. Сондықтан, сапалы дүние көбейсе, нағыз еңбек адамының кәсібі насихатталып, салт дәстүрді дәріптейтін хабарлар таратылса билік пен бұқараның байланысы беки түседі. Облыс әкімінің алдында сөз алған телеарна директоры Раукен Отыншин де негізгі жетістіктері мен ұсыныстарын айтып өтті. Өз кезегінде облыс әкімі Ресеймен шекаралас аудандарды қазақстандық арналармен қамту керектігін де тілге тиек етті. Әсіресе, Орынбор жеріндегі қандастарымыздың елге деген сағынышын, рухани шөлін басуды да басты міндеттердің бірі ретінде атап өтті. Ал, облыстық қос газетті біріктіріп отырған "Шамшырақ-Ақтөбе" серіктестігінің директоры Мейірхан Ақдәулетұлы газет шығару, баспа ісін ұйымдастырудағы жетістіктері мен қиыншылықтарын да сөз етті. Мәселен, қазір облыстық газеттер аптасына алты күн шығады. Тек Ақтөбе газетінің тиражы ғана жиырма үш мыңның шамасында.

МЕЙІРХАН АҚДӘУЛЕТҰЛЫ, "ШАМШЫРАҚ-АҚТӨБЕ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ

Ресми баяндамалардан соң журналистер де көкейлеріндегі пікірлері мен сауалдарын да айтты. Мәселен, телеарна ардагері Жақсылық Айжанұлы кезінде әр шаңырақта әні әуелеген радионы жандандыру, Бәкір Тәжібайұлының 90 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту, қарапайым еңбек адамдарын құрметтеу туралы ойларын айтты.

ЖАҚСЫЛЫҚ АЙЖАНҰЛЫ, ТЕЛЕАРНА АРДАГЕРІ

Кездесу барысында "Естен кетпес есімдер" хабарының жүргізушісі Гүлбағда Көбеева Ақтөбе қаласындағы көше атауларының арасында қисынсыздары кездесетіндігін, әлі күнге кеңестік атаулардан арылмай отырғандығын айтты. Ал, негізгі мамандығы дәрігер болғанымен, журналистиканы жаны қалаған Іңкәр Қарашаева денсаулық саласының мәселелерін ауқымдырақ жеткізуге мүмкіндік беретін студияға мұқтаждықты жайып салды. Жаңалықтар қызметінің шеф редакторы Айгүл Байменова жекелеген мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тілге құрметтің аздығын, басқарма басшыларының қазақ тілінде сұхбат беруден қашқақтайтындығын да жасырмады.

АЙГҮЛ БАЙМЕНОВА, ЖАҢАЛЫҚТАР БӨЛІМІНІҢ ШЕФ РЕДАКТОРЫ

СЕРІК ӘБДІБЕК, ЖАҢАЛЫҚТАР ҚЫЗМЕТІНІҢ РЕДАКТОРЫ

Журналистердің сауалдарына кезегімен жауап берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев айтылған сын пікірлердің, ұсыныстардың орынды екендігін атап өтті. Ең бастысы, әріптестерімізге ағалық ақылын айтып, ел тәуелсіздігінің құндылықтарын насихаттауға байланысты жол көрсетті. Күні кеше қазақ мемлекеттілігінің сан ғасырлық тарихына шүбә келтіретіндерді нақты әлеуметтік-экономикалық, рухнаи-тарихи жетістіктеріміз арқылы тәубесіне түсірдік. Ендігі міндет, қазақтың бойындағы басты кемшіліктердің бірі - масылдықпен күрес, деді облыс басшысы.

Облыс әкімі журналистердің сауалдарына байланысты биыл Ақтөбе қаласында облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнап жаңа ғимараттың құрылысы басталатындығын атап өтті. Сонымен қатар, нақты мәртебесі жоқ журналистер қауымын баспанамен қамту да басшылардың көкейінде жүретін мәселелердің біріне айналмақ. Облыста арысы - айтыс, бергісі басқа да мәдени іс шаралар биылдан бастап көбейіп, ақтөбелік ақын-жазушылардың мерейтойлары кең көлемде тойланады. Ал, нағыз еңбекті насихаттап, қайырымдылықты әспеттейтін бағдарламалар жасау, мақалалар жазу - журналистердің қоғам алдындағы парызы, деді облыс әкімі.

Жаңалықтар таспасы