Б. Сапарбаев Байғанин жұмыс сапарымен ауданында болды

You are here

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары Байғанин ауданында жалғасты. Бұл - облыс басшысы барған жетінші аудан. Өндірісті өңірде жылына 2 млн. тоннадан астам мұнай өндіріледі. Жұмысшылардың жағдайымен танысқан облыс әкімі мұнай өндірумен айналысатын компанияға  әлеуметтік жауапкершілікті міндеттеді. Ауданның бірқатар елді-мекендерін көріп, мектептердегі білім сапасын көтеруді тапсырды. Аудандық ауруханының жұмысына көңілі толмаған жұрттың пікіріне құлақ түрді. Жалпы актив жиынын өткізіп, барлық мәселелерге байыппен ден қойды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байғанин ауданына жұмыс сапары «Сағыз петрелиум» компаниясынан басталды. Бұл - мұнай саласына маманданған өндіріс. 14 кен орны бар компания биыл 7 ұңғымада бұрғылау жұмыстарын жүргізген. Әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт төмендеуі мұндағы басты проблемалардың бірі болып отыр. Дегенмен, жоспар бойынша биылғы меже - 241 000 тонна мұнай өндіру. Облыс әкімі серіктестіктің басшылық өкілдерімен кездесіп, ауданмен екі жақты байланысты нығайту туралы тапсырмалар берді.

Экономикалық тұрақсыздық, әлеуметтік- теңсіздіктер, саяси теке-тірестер  қазір жиһанның басты мәселесіне айналды. Дәл осындай дағдарыс дүниежүзінде мұнайға деген сұранысқа әсер еткені рас. Дегенмен, облыс әкімі бұл жағдайлардың компаниядағы қазақ-қытай қарым-қатынасына ешқандай кері әсері болмауы тиіс деп қадап айтты. Әсіресе, жалақының төленуінде айырмашылық болмауы керек. Бірінші талап - мұнайшыларды ұлтына қарап алалауға, жалпы ұлтараздықтың туындауына жол берілмеуі керек.

Ауданға қолдау және көмек ретінде компания жылына 27 млн. теңге бөліп келген. Бірақ бұл қаражат ірі инвестор үшін теңізге құйған тамшыдай ғана. Осылай деген әкім компания басшылығынан әлеуметтік жауапкершілік мәселесіне тереңірек мән беруді талап етті.

Облыс басшысы асханада түстеніп жатқан жұмысшылармен тілдесіп, жағдай сұрасты. Компанияның өндіріс ошағын барып көрді. Мұнда Қытайдан және Ақтөбе, Қызылорда, Атырау облыстарының әр түпкірінен екі қолға бір күрек іздегендер нәпақа тауып жүр. Бұдан соң облыс әкімі бастаған топ Ноғайты ауылына тоқтады. Мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың қара шаңырағы Сағыз орта мектебі және ардагерлер бөлмесі, ауыл клубы әкім назарынан тыс қалмады. Айтпақшы ауылдың амбулаториясы әкім келеді деп жанталасқанға ұқсайды. Сыры кеппеген еден жалтырап жатыр. Ноғайтыдан соң іргелес ауыл Жарлыға аялдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мұғалімдерге білім сапасын көтеру мәселесін міндеттеді. Әлемдік кеңістікте кемеміз өрге жүзсін десек, өз тілімізбен бірге ағылшын, орыс тілдерін қатар үйренуіміз керек. Бұл ортақ талапты ойы озық қазақ баласы ұғынуы тиіс. Әңгіме ауаны осылай өрбіді. Бірақ Ноғайтының мектебінде әкім сұрағына жауап бере алмай абыржыған ұстаздар өздерінен күткен үмітті үзе жаздады.

Ал 23 мың халқы бар ауданның орталығы Қарауылкелді басқа елді мекендерге қарағанда өркениетке бір табан жақын. Мұндағы тұрмыс та алыс ауылдардан көш ілгері. Облыс басшысы аудандық ауруханада, Тобық Жармағамбетов атындағы мектепте болды. Жалпы Байғанин өңіріне қатысты барлық мәселе аудан тұрғындары бас қосқан жиында айтылды. Облыс орталығынан шалғайда жатқан қалың жұрттың жол азабын тартқанына көп уақыт болды. Ақтөбе-Атырау бағытындағы күре жолда күрделі жөндеу басталса, шапағаты бізге тиер еді деп қуанып отыр, байғаниндіктер.

Ауданға тек екі-үш жылдың шамасында көгілдір отын кірді. Қарауылкелді мен Жарқамыс ауылдары отын тасып, күл шығарған бейнеттен арылған. Бұл - аудан экономикасының тамырына қан жүгіргеннің белгісі. Бірақ, газ құбыры елді мекендерге де тартылады деген үміт күдікке айналып барады.

Жалпы жиындағы әңгіменің төркінін үш мәселе төңірегінде түйіндеуге болады. Ауданға газ керек. Бұл - бір. Екіншіден, жолдың сапасы сын көтермейді. Жоқты түгендеудің бір себебі - осы. Үшінші: ауыл-аймақта ауыз су тапшы. Ал су - тіршілік көзі. Тұрғындар жиын барысында облыс әкіміне көкейкесті тілектерін көсіле айтты. Мұны мақұл көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аудан басшылығына түйіткілді сұрақтарды анықтап, шешуді тапсырды. Одан өзге әкім алмақтың да салмағы барын баса айтты. Әркім өзінің тұрмысын өзі түзеуге ұмтылу керек. Ауылдың тірлігі төрт түлікке тәуелді болуы тиіс. Облыс басшысы соңғы жылдары малдың саны азайып, сапасы да төмендеп кеткеніне тоқталды.

Мал баққанға бітеді. Бірақ соңғы уақытта жиі соққан аусыл мен сарыптың кесірінен мал басы күрт төмендеп кеткен. Тұрғындар басшылыққа базына айта сөйледі.

Өркениеттің көшінен қалмау - уақыт талабы. Кәсіпкерлікті өрістеткендерге қарап, бой түзеу керек. Ілгері жылжу үшін табандылық жетіспейді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев көтерілген сұрақтардың бәріне байыппен жауап берді. Тікелей аудан басшысына қатысты сауалдардың жауабын аудан әкімі Мамырғали Аққағазов жүйеледі. Тұрғындар оның «шешіп беремін» деген уәдесін облыс әкімінің алдында алды.  Тұрғындар бас ауыртар басты мәселе - экологиялық ахуалға да әкім назарын аударуды сұрады.

Жеке бастың қамына байланысты қойылған сұрақтар да жауапсыз қалмады. Тұрғындар аудандық аурухана дәрігерлері білімсіз, біліксіз деп шағымданды.

Ал аудандық білім бөлімі балаларды сауықтыру-демалыс лагерлеріне жолдамаларды алалап береді. Дректордың, мұғалімнің, бухгалтердің баласы болмаса, былайғы жұрттың жолдамаға қолы жетпейтін көрінеді. Облыс әкімі бірден бас дәрігер мен ауданның бас мұғалімін орындарынан тұрғызды. Атқамінерлерді ауданның әл-ауқатын барынша жақсартып, өзекті проблемаларын шешу керек деп тұқыртты. Ауданның тазалық мәселесіне де қатысты сын айтылды. Ауылды әкім келеді деп емес, өздерің үшін тазалаңдар деді облыс басшысы.

«Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», - деген данышпан Абай. Қаймағы бұзылмаған, қазақы қалып сақталған аудан жұртына сөз соңында әкім қазақтың өз ішіндегі береке-бірлігі күшті болуы керек дегенді баса айтты. Ол үшін діни көзқарас дұрыс болып, жастарды түрлі ағымдардың жетегінде кетуден сақтандыру ауданның ақсақалдарына сын деді әкім. Жалпы жиынға жұрт көп келді. Залда ине шаншар жер болмады. Түрегеп тұрғандар да облыс басшысымен тілдескендеріне разы болды. Бұл жолғы жиын бұрынғы басқосулардан өзгерек десті тұрғындардың өздері.

Қосылды: 
09.10.2015 - 18:10
Соңғы өзгерiстер: 
31.08.2016 - 12:08

Жаңалықтар таспасы