Б. САПАРБАЕВ: БІЗ ЕЛБАСЫ ЖОЛДАУЫН ОРЫНДАУ ҮШІН БАР КҮШІМІЗДІ САЛАМЫЗ

Ақтөбе облысының әкімдігінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған облыс активі өтті.

Айта кетейік, бүгін өңірде Ұлт көшбасшысының Қазақстан халқына Жолдауын түсіндіру бойынша іс-шаралардың жоспары бекітілген болатын.

Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Президент әкімшілігінің бас инспекторы Шалқар Байбек, облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың, мекемелер мен кәсіпорындардың, қоғамдық бірлестіктердің және т.б. басшылары қатысты.

-Соңғы жеті күнде мемлекет басшысы Қазақстан халқына екі рет сөз арнады. Алғашқы маңызды құжат — Үндеуде Нұрсұлтан Әбішұлы президенттік өкілеттгінің кейбір тармақтарын Үкімет пен Парламентке беретінін жеткізген болатын. Бүгін Президент «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекелестік қабілеттілік» атты Жолдауын арнады. Сіздер Қазақстанның зор табысқа Президенттің саяси жігерінің арқасында жеткенін білесіздер. Бұл Жолдау бұрынғыларынан өзгерек, өйткені бұл құжат негізінен еліміздің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға, жаңа технологиялар мен инновацияларды енгізуге бағытталған,-деді Бердібек Сапарбаев.

Актив кезінде «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының негізгі бағыттары түсіндірілді. Облыс әкімі Мемлекет басшысы айтқан ауқымды тапсырмаларды жүзеге асыру жолдары мен стратегиялық құжаттың негізгі басымдылықтарын айтты.

Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында өңірде геологиялық барлау жұмыстары күшейтілетінін жеткізді. Өнімді қайта өңдеу деңгейін жоғарылататын ауыл шаруашылық кооперативтерін құру жұмыстары жалғасатын болады. Бүгінде 104 кооператив бар болса, жуырда әр ауданда сүт пен ет өңдеу цехы жұмыс жасайды деп жоспарлануда.

- Ауыл шаруашылығының әр саласына жаңа технологияларды енгізіп, суармалы жерлердің аумағын ұлғайту қажет. 2015 жылы суармалы жерлердің көлемі 12 гектарды құраса, 2016 жылы 18 300 гектарға кеңейді. Бұдан өзге, 19 500 гектар суармалы жерді қайта қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалды.

Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының азық-түлік тауарларын экспорттауды ұлғайту, «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы мен жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын тиімді жүзеге асырып, үлкен қалалар мен оларға жақын орналасқан елді мепкендер арасындағы көлік қатынасын, мемлекеттік-жеке серіктестікті дамыту, білім сапасын жақсартып, үштілділікті дамыту және т.б. үшін облыс бар күшін салатынын баса айтты.

Шара кезінде Президент Жолдауын қолдап, оны жүзеге асыру үшін облыс халқын шақырған қоғамдық ұйымдардың басшылары, облыстық мәслихат депутаттары да сөз сөйледі.

Облыс әкімі: «Президент Жолдауын бүгіннен бастап орындау үшін барлық шараларды қолға алу керек»,-деген тапсырма қойды.

 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі