Б. Сапарбаев бірқатар әлеуметтік және өндірістік орындардың жұмысымен танысты

You are here

Ясный ауылында жаңа мектеп салынады. Қазақ мектебінің балабақшадан қалған ғимараттағы қымтырылған күйін көрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе қаласы әкімі мен қалалық білім бөлімінің басшысына жаңа мектептің құрылысына қамданып, жобалық құжаттары мен қолайлы жер телімін әзірлеуді тапсырды. Өткен сенбі күні бірқатар қала мектептерін аралап көрген облыс басшысы өндіріс орындарының да жұмысымен танысты.

Тұрғындардың арыз-шағымдарымен жете таныс облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ескертусіз баруы мекемелер мен ұйымдардың басшыларына оңайға соғып жатқан жоқ. Мәселен, Ясный ауылындағы мектептердің тарлығы, білім сапасы туралы да облыс басшысы өзіне айтылған өтініштер арқылы хабардар.

Ясный ауылындағы Ақтөбе орта мектебі қазақ және орыс тілдерінде білім береді. Қалыпты мектепте болуы тиіс ғылым мен техниканың жетістіктері, қарапайым тақтаның да күйі - мектеп директорының ұйымдастырушылық қабілеті мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Сол себепті, облыс әкімінің талабы  - төте.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ақтөбе орта мектебі оқушыларының білім деңгейі де байқалып қалды. Бір сыныпта тіпті үздік оқитын бала жоқ. Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы да төмен. Облыс әкімі мектеп директорына осы мәселе бойынша ескертуін айтып өтті. Бұл мектепке көршілес қалалық №41 мектептің қиындығы мүлдем басқа. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары балабақша ретінде салынған ғимарат 600 оқушыға тар. Үш ауысымнан әупірімдеп құтылғанымен, мектептің ұжымы өлместің қамын жасаған. Тапалтақ спорт залы жертөледе, құрқылтайдың ұясындай тар әрі қараңғы. Ауасы да жөнді алмаспайды.

АЙЖАН ОРАЗАЛИНА, №41 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ

Арнаулы кабинеттерді байыппен аралап, оқушылармен де тілдескен облыс әкімі Ясный ауылына жаңа мектеп керектігіне көз жеткізіп қана қоймай, жаңа құрылысқа дайындықты бастауды қала әкіміне сол бойда тапсырды. Енді, жобалық құжаты сайланып, арнайы бос жер табылса, қырық бірінші темір жол бекеті ауданындағы балалардың қуанышқа бөленер күні де алыс емес. Ал, мектептің көне ғимараты қайта жөнделіп, балабақшаға айналады.

ЛӘЗЗАТ ОРАЗБАЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Облыс әкімі мұнай өнімдерін сақтау, тасымалдау және сатумен айналысатын «Батыс жер» серіктестігіне де бас сұқты. Компания жетекшілерінің жоспары мен мүмкіндіктерін тыңдап, өндірістік аумағын аралап көрді. Ең бастысы, мемлекет тарапынан өтімді және маңызды жобаларға қолдау әрқашан болатындығын атап өтті. Қазір біздің өңірге газ құю бекеттері қажет. «Южпромснаб» серіктестігінде де дәл осындай жағдай. Мұнай өнімдерін тасымалдайды, сұраныс жоғары салаға бейімделуге де дайын. Бердібек Сапарбаев осы серіктестіктің темір ұсталары цехына ерекше көңіл бөлді. Күнделікті тұрмыс пен безендіру аспаптарын жасауды жолға қойған серіктестіктің өнімдері таяу күндері қала көшелерінен де қылаң беруі мүмкін.

Сәңкібай батыр даңғылындағы «Тенке капитал» серіктестігінің кеңсесіне де облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы барды. Негізгі автокөлік сату кәсібімен қатар салауатты салаға бетбұрыс жасаған жеке кәсіпкер Сембай Салжанов ғимараттың шатырын спорт алаңына айналдырған. Футбол, волейбол мен баскетболды серік еткен балалар шатыры ерекше, ауасы кең алаңда асау тайдай заулап жүр.

ЕСКЕНДІРБЕК МАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Мемлекет пен жеке бизнестің әріптестігін ынғайту - Елбасы өңір әкімдеріне қойған басты талаптардың бірі. Сол себепті, бюджетке салуы мен күтіп ұстауының салмағы  мол әлеуметтік нысан тұрғызудан бұрын ғимараты дайын кәсіпкерлермен әріптестік арқылы шартқа отырып, мемлекеттік тапсырыс беру тиімді. Жаңа жылдан бастап, кәсіпкер облыстық спорт басқармасымен шартқа отырып, балалар мен жасөспірімдердің шынығуына жағдай жасауға дайын.

"Әлихан" спорт кешенінің басшысы Әскербек Мамырбаев облыс әкіміне спорт залының артықшылықтарын, жетістіктерін қуана айтты. Жоспарларымен де бөлісті. Жеке кәсіпкер спорт кешенінің жанынан сырттан жарысқа келетін спортшыларға арнап қонақ үй салуды да жоспарлап отыр.

ЕСКЕНДІРБЕК МАХАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев барған сәтте «Каспий плюс» серіктестігіндегі жұмыс қызған шақ еді. Қазақтың жас жігіті өндірістің сұранысына сай құрал-жабдық әкеліп, кәсібін бастағалы көп бола қойған жоқ. Үлкен цехтың бір бұрышында темірді пісіріп, енді бір бұрышында жуан сымды иіп жатса, заманауи техника қалыңдығы 1 сантиметрге жуықтайтын темірді  турап, тесіп, қағазша тілгілеп жатты. 

Серіктестік басшысы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа әрбір құрылғының ерекшелігін түсіндіріп берді. Қазір шағын кәсіпорынның өніміне сұраныс мол. Әсіресе, мұнай компаниялары, алып зауыттардың өзі тіреуіш, бекіткіш құралдарға тапсырыс беріп келеді. Автокөліктер мен арнаулы техникалардың қосалқы бөлшектерін де осы жерден жонып шығаруға болады.

САНЖАР ЖАБАЕВ, ИНЖЕНЕР

Жинақы зауытты аралап көрген облыс әкімі «Каспий плюс» тәрізді отандық өнім шығаруға бейім және ынталы кәсіпкерлерді мемлекет әркез қолдайтындығын атап өтті. Дағдарысқа қарамастан импортқа тәуелділіктен арылып, қосымша жұмыс орындарын ашу - Елбасының талабы.

 

Жаңалықтар таспасы