Б. Сапарбаев БҰҰ Юнисеф балалар қор өкілдерімен кездесті

You are here

Біріккен ұлттар ұйымының Юнисеф балалар қоры  өкілдері бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесті. Халықаралық ұйым Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бері жұмыс істеп келеді. Келелі кездесуде - екі жақты байланысты нығайтып, балаларды қорғау бағытында атқаратын жұмыстарды талқылады.

Ақтөбеге арнайы екі күндік сапармен келген халықаралық ұйым өкілдері облыс орталығындағы бірнеше мекемелердің жұмысымен танысты. Олар "дәру" медициналық оңалту орталығы, "Үміт" сәбилер үйі, "Аңсар" ақпараттық талдау орталығы мен жастар ұйымдары. Мәселен, "Үміт" сәбилер үйіндегі балалардың өмір сүру жағдайымен танысқан мамандар олардың тұрмыс-тіршілігіне, қызметкерлердің біліктілігіне және заманауи техникалармен жабдықталған базасына жоғары баға берді. Бүгінде өңірде бала мен ана өліміне қатысты және жасөсірімдер арасында суицидтің тіркелуі  сияқты келеңсіз жағдайлар төмендеп келеді. Дегенмен әлі де шешілмеген мәселелер бар.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ,  АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жуырда мамандармен бірлесіп бала мен ана денсаулығы, мектеп жасындағы балалардың тәрбиесі және суицидпен күреске қатысты арнайы кездесу өткізген болатынбыз. Бірнеше мәселелерді талқыладық. Басты мақсат - мектептерде, оқу орындарында түсіндіру, тәрбие жұмыстарын жүргізу. Осы мәселені қолға алуымыз қажет.

Мамандар "Аңсар" ақпараттық-талдау орталығының өкілдерімен де кездескенін айтты. Онда кейбір адамдардың екпе алуға қарсылық білдіретін жағдайлары талқыланған. Жиын барысында бала құқығын қорғау жөнінде орталық ашу қажеттігі айтылды.

ЮРИЙ  ОКСАМИТНЫЙ, БҰҰ БАЛАЛАРДЫ ҚОРҒАУ ҚОРЫНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ӨКІЛІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бала құқығын қорғау жөнінде орталық ашу туралы айтқан болатын. Бұл тек Астана қаласында ғана емес, өзге де өңірлерде құрылғанын қалаймыз. Мұнда мамандар бала мәселесіне қатысты атқарылған жұмыстарды сараптап, зерделеп отыруы тиіс. Егер осындай орталық Ақтөбеде ашылып жатса, біз ұйым тарапынан қаржы бөлсек дейміз.

Юнисеф балалар қорының өкілдері Ақтөбеде балаларды қорғауға, өмір сапасын жақсартуға қатысты 14 жобаның жүзеге асырылуын қалайды. Осыған орай қордың арнайы бағдарламасы бойынша өңірде жұмыстар жолға қойылмақ.

 

 

Жаңалықтар таспасы