Б. Сапарбаев жұмыс сапарымен Темір ауданында болды

You are here

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Темір ауданына барды. Ахуал айтарлықтай емес. Қараша жергілікті биліктің жұмысына наразы. Мұнайлы мекеннің халқы мұңлы. Мұқтаждықтың күйін кешіп отырғандары бар. Тұрғындар су, газ, жұмыссыздық мәселесін көтерді. Тәртіп пен тазалық та өзекті болып тұр. Әкім әлеуметтік нысандардағы ахуалды өз көзімен көрді.  Жасалып жатқан жұмыстарға көңілі толмады. Облыс басшысын қара алтынның үстінде отырған аудан халқының бүгінгі тірлігі алаңдатты. Бірақ, жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектері аяқ асты қалмайтынын айтты. Қиындықтарды еңсеру үшін, ел бірлігі бірінші деді облыс әкімі.

Әкімнің жұмыс сапары Кеңкияқ кентінен басталды. Алдымен орталық ауруханаға барды. Сырқаттардың хәлін сұрады. Дәрігерлер барлық жағдай жасалған десті. Сондай-ақ, ауылдағы балабақша ғимаратын аралады. Бүлдіршіндерге жасалған жағдайға көңілі толмады. Аядай бір бөлмеде 25 бала жатады. Бұл санитарлық талапқа сай келмейді деді облыс әкімі. Бұған қоса, кішкентайлар бір бөлмеде тамақтанады, ұйықтайды. Тіпті ойнайды екен. Мұнайлы аудан үшін бұл үлкен сын деді әкім. Кейін клубқа жиналған жергілікті тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдады. Кеңкияқта екі қолға бір күрек таппай отырғандар көп. Барлығының дерлік бас ауруы мұнайшы болу.

НҰРАГҮЛ СЕКСЕНБАЕВА, КЕҢҚИЯҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 

Қара алтынның бағасы құлдыраған уақыт. Барлығы бірдей мұнайшы болу мүмкін емес. Мал шаруашылығын дамыту керек. «Сыбаға», «Құлан» бағдарламалары бар. Заманға байланысты еңбек етуге бейімделетін кез келді, деді - облыс әкімі.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жастар сыбай-салтаң бос жүр. Кәсіп ашқысы келетіндерге қолдау жоқ. Облыстық кәсіпкерлік басқармасы, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлік палатасынан да бетіміз қайтып қалды деп қамыға сөйледі ауыл баласы. 

ЕРКЕБҰЛАН КУЛБАСОВ, КЕҢҚИЯҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Бюрократия болмау қажет. Жас кәсіпкердің мәселесін арнайы тексереміз деді облыс басшысы. Бақсақ, білім сапасы да сын көтермейді екен. Өткен жылы ұлттық біріңғай тесттен сүрінгендер көп болыпты. Ал, мектепке пара берсең ғана жұмысқа алады дейді тұрғындар.

ӘСЕМГҮЛ БАЙМҰХАМБЕТ, КЕҢҚИЯҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Ауданнның ұлттық бірыңғай тестілеудегі көрсеткіші - 67 балл. Жаңа мектептер салынуда. Жалақы да көбейтіліп жатыр. Демек, мұғалімдердің білім деңгейін тексеру керек деді облыс басшысы. Мектептегі жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың да жолын қиямыз. Бастысы бірлік керек деген әкімнің сапары Саркөл ауылында жалғасты. Мұнда екі мыңға жуық адам тұрады. 100 орындық клубта болған ол, мәдениет ошағының басшысына «қалған халық жерде отырама?» деген салмақты сауал қойды. Саркөлден соң, іргедегі Шұбаршиге келді. Сылағы кебе қоймаған 300 орындық мектепті аралап көрді. Қазақстан тарихы сабағына кірді. «Кеңес дәуіріндегі Қазақстан» деген тақырыпты көріп: оқушыларға Кеңес өкіметі қашан құлады? - деген сұрақ қойды. Жауап болмады.

Облыс әкімі Қазақ автономиялық кеңестік социалистік республикасы қашан құрылды деген екінші сұрағын қойды. Өкінішті. Балалар да, мұғәлім де төмен қарады. Мұғалім  жауап бере алмаған соң, оқушыға не деуге болады? деген Бердібек Мәшбекұлы аудан, ауыл әкімдеріне, мектеп директорына білім сапасын арттыруға күш салу керектігін айтты. Кейін клубқа барып, жергілікті тұрғындармен жүздесті. Шұбаршиде аурухана жоқ. Балабақша керек. Жұмыссыз, қол қусырып отырғандар көп екен.

АҚБОТА НҰРПЕЙІСОВА, ШҰБАРШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 

ЭЛЬВИРА ЖАҚСЫЛЫҚОВА, ШҰБАРШИ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 

Бұдан кейін облыс басшысы Темір қаласында болды. Әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Жергілікті халықтың  жағдайларының жақсы екеніне көз жеткізді. Темір ауданына сапары барысында облыс әкімі аудандық прокуратураның ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Прокуратура жанынан Қазақстанда баламасы жоқ діни сұрақтар бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі ауданаралық орталық ашылды. Мұнда Темір ауданымен бірге, Байғанин, Мұғалжар, Алға аудандарындағы діни мәселелер де зерттеледі. Басты мақсат жат ағымдардың жетегінде кеткен азаматтарды дәстүрлі дінге қайтару. Орталықта скайп байланысы бар.  Мұнда «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының теологтары діни сұрақтар бойынша көмек көрсетеді.

МАРАТБЕК МЫРЗАМҰРАТОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ БІРІНШІ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ  

Сапарының соңында облыс басшысы аудан активінде тұрғындармен кездесті. Тазалық мәселесін көтерген олар «ұзын құлақтан» облыс әкімі келеді деген сыбыс естілген 5 күннен бері ауданда қарбалас тірлік басталғанын айтты.  Қаспен көздің арасында сырлау, ақтау жұмыстары жүргізілген. Жолдар да  жөнделіп қалыпты. Аяқ астынан әлекке түскен халықтың наразылығын естіген Бердібек Мәшбекұлы бұл барып тұрған көзбояушылық екенін айтты. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Маңайдағы мұнай компаниялары жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмайды екен. Орналасатындардың дені өзге аудандардан, облыстардан келгендер. Парасыз тағы болмайды деп, шарасыз күй танытты тұрғындар.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Аудан орталығындағы Қызылжар шағын ауданынының алғашқы кірпіші 10 жыл бұрын қаланыпты. Жаңа қоныста күні бүгінге дейін сусыз, жолсыз, жарықсыз отырғандар бар. 

Ауданда әлі күнге дейін төс белгісін ала алмай жүрген Батыр аналар бар. Басапанасы жоқ көп балалы аналардың бес жыл өтсе де шираты жылжымапты. Құзырлы мекемелердің басшылары «Мұншама баланы неге тудың» - деп аналардың ар-намысына тиетін көрінеді. Ал, бала көтергендері жолда босанып жүр. Қалаға жеткендері ауруханаға дер кезінде қабылданбайды. Айы, күні жеткенше пәтер жалдап жатады екен.  Өйткені, аудандық ауруханада акушер-гинеколог мамандар жетіспейді. Басқада себептері бар. Қысқасы, аяғы ауыр келіншектер босануға қалаға жіберіледі.

АСҚАР  ЕСПАҒАМБЕТ, ТЕМІР АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ

Ауданда биыл тоғыз қылмыс жасалған. Мал ұрлығы көп. Қылмыскерлер ұсталғанымен жазаланбайды. Аяқтарын алшаң басып бостандықта жүр дейді ашынған шаруалар.

МҰРАТ БЕКЕТАЕВ , ТЕМІР АУДАНДЫҚ ІІБ БАСТЫҒЫ

Сабақтың басталғанына 1 жарым ай болды. Бірақ, оқушылар оқулықсыз мектепке барып жүр. Кітаптармен толық қамтылмаған. Сондай-ақ, орталық газ құбырынан көгілдір отынды үйге кіргізу үшін 200 мың теңге керек екен. Бұл қаражатты кез келгеннің қалтасы көтермейді дейді темірліктер. Халықтың мұң-мұқтажын, өтініш-тілектерін тыңдаған Бердібек Сапарбаев жиналғандарды сабырға шақырды. Айтылған мәселелер бойынша Темір ауданын арнайы комиссия тексереді. Ең бастысы ел бірлігі. Қиын-қыстау кезеңде демократия, демократия деп даурығудың жөні жоқ деді облыс әкімі

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Қысқасы, темірліктердің жергілікті шенеуніктерге деген наразылығы нардың жүгіндей. Мұнайлы мекеннің бүгінгі тірлігі аудан, ауыл әкімдерінің, құзырлы орындар басшыларының жұмысына үлкен сын деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. Аудан әкімі Бауыржан Қаниевке жауапкершіліктің жүгі ауыр екенін де ескертті. Кемшіліктер бір айдың ішінде жойылуы тиіс.

Қосылды: 
08.10.2015 - 17:51
Соңғы өзгерiстер: 
31.08.2016 - 14:31

Жаңалықтар таспасы