Б. Сапарбаев Менің жетістігім Тәуелсіздігімнің жетістігі жастар форумы

You are here

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбіқалықова Ақтөбе облысына жұмыс сапарының екінші күнінде Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған "Менің жетістігім - Тәуелсіздігімнің жетістігі" атты жастар форумына қатысты. Оған Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Қызылорда облыстарының өкілдері, сондай-ақ Ресейден Орынбор облысының делегациясы келді. Елімізде алғаш рет Ақтөбе жерінен бастау алған форум аясында ел жастарына арнап үндеу қабылданды.

Мемлекеттің тірегі - жастар. Бұл - Елбасының сенімі. Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен сәттен Мемлекет басшысы жастардың сапалы білім алуына ерекше мән берді. Сол сарабдал саясаттың, ішкі-сыртқы қатынастарды ұтымды жүргізудің нәтижесінде еліміз дамыған елу елдің қатарына қосылды. Ендігі меже - төрт құбыласы түгел отыздық. Елі мен Елбасының қажырлы еңбегі жастардың болашағын айқындай түсті. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев елімізде тұңғыш рет өткізілген форумдағы кіріспе сөзінде жас достарына жол көрсетті. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Форумның құрметті қонағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісіне басым көңіл бөлініп отырғандығын атап өтті. Елбасы Қазақстан халқына жолдауында атап өткендей, елімізде 2017 жылдан бастап жастарға кәсіптік-техникалық кәсіби білім тегін беріледі. Өткен жылы ғана өңірлерде жастар сасяатын жүзеге асыру үшін қазынадан 4 миллиард теңгеден аса қаржы бөлінген. "Дипломмен ауылға" бағдарламасы аясында ауыл-ауылға 37 мың жас маман барған.

ГҮЛШАРА ӘБДІҚАЛЫҚОВА, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ

1994 жылдан бері 11 мыңнан аса жас ізденуші Болашақ бағдарламасы арқылы алыс-жақын шетелдердің ең озық оқу орындарында білім алған. Мемлекеттік хатшы жастарға тегін білім беруге арналған "Серпін" бағдарламасының авторларының бірі Ақтөбе облысының қазіргі әкімі Бердібек Сапарбаев екендігін де атап өтті. Жастар үшін алынбас қамал жоқтығын орынборлық қонақтар да растап берді. 

ВИТАЛИЙ ЧАЛОВСКИЙ, ОРЫНБОР ОБЛЫСЫ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРЫНЫҢ ӨКІЛІ (РЕСЕЙ ФЕДЕРАЦИЯСЫ)

Қазақстан мен Ресейдің мәңгілік достығы жастар үшін де тиімді болып отыр. Бүгінде Қазақстанның 20 мыңнан аса жас ізденушілері Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы мен Орынбордың жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Өз кезегінде Ресейдің шекаралас облыстарының жастары да Қазақстанда білім алуға мүмкіндік алған. Екі елдің жастары әртүрлі жиындарда кездесіп, тәжірибе алмасып келеді. Бүгінгі форум да біз үшін өте маңызды.

Форумда студенттік, жұмысшы және ауыл жастарының, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, жас кәсіпкерлер, тәуелсіздік құрдастары сөз сөйледі. Әсіресе, Атырау облысының әкімі Дулат Ғұбайдолланың жалынды тілектері көпшіліктің қолдауына ие болды. Маңғыстауды жұмысшы жастарының өкілі де еліміздің нақты саясатының жемісі туралы ұстамды ойын айтты.

ДУЛАТ ҒҰБАЙДОЛЛА, ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ (АТЫРАУ ОБЛЫСЫ)

ҒАНИ ӘБДІСАДЫҚ,ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ (МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ)

Елімізде жастардың жан-жақты дамуы үшін жасалған қолайлы жағдайлар мен тиімді жұмыс үлгісі туралы, қала мен аудандарда жастармен жасалған жұмыстардың нәтижелерін де жастардың өздері баяндады. Ғылыми экономиканы құрудағы жастардың үлесі туралы да кеңінен айтылды. 

ОРХАН НАСИБОВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ ӨКІЛІ

ӘДІЛ ИБРАХИМ, ФОРУМҒА ҚАТЫСУШЫ (ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ)

Форум барысында жалынды, патриоттық әндер де шырқалды. Отанға деген ыстық сезімді оятатын әндерге залдағы жастар қосылып, студенттер сарайы тербеліп кетті. Форум қорытындысы бойынша сахнаға ақтөбелік жастар көтеріліп, Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып алғаш рет біздің облыстан бастау алған 5 марафоннан тұратын "Болашақтың 25 идеясы" атты іс шаралар топтамасын жария етті. "Спортсыз бір күн жоқ", "Болашақтың 25 идеясы" ғылыми марафоны, "25 қайырымды іс" қайырымдылық марафоны, "Экотренд 04" экологиялық марафоны және "Бабалар ізімен" атты ұлттық мәдениет шығармашылық бастау алды.  

Жаңалықтар таспасы