Б. Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлуді тапсырды

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында мүмкіндігі шектеулі жандарды қозғалыс құралдарымен қамтамасыз ету мен оңалтуға байланысты сұрақтар талқыланды.

Аймақта мүмкіндігі шектеулі 24 мың азамат тұрса, оның үш мыңы – балалар.

Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша мүгедектерді қозғалыс құралдарымен, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету үшін 2017 жылы 869 млн-ға жуық теңге бөлінген. Мүмкіндігі шектеулі жандар протездік-ортопедиялық бұйымдармен, шипажайлық-курорттық сауықтырумен, жеке көмекшілердің, ым-ишара мамандарының қызметтерімен қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, ағымдағы жылы осы мақсатты қаржыландыру екі есе өскен болатын. Тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектерге сегіз электрлі арба, көздері көрмейтін мүгедек жандарға 40 компьютерлік тифлокешен мен 40 Брайльмен оқитын машина және тағы басқа құралдар сатып алынды.

Ақтөбеде МЖС аясында психоневрологиямен ауыратын 18 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылып, 18 жастан асқан тұлғаларға арнап 150 орындық медициналық-әлеуметтік мекемелер ашу шаралары қабылдануда.  

18 әлеуметтік көмек көрсету бөлімі Ақтөбе қаласында, Мәртөк, Қобда, Ойыл аудандарында тұратын 763 мүгедек пен мүгедек балалардың үйлеріне барып қызмет көрсетеді. Аталмыш жұмыс үкіметтік емес ұйымдардың қолдауымен жүргізіліп жатыр.

Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданында тұратын 700-ден аса мүгедек азамат жыл басынан бері  «Инватакси» қызметін қолданған, осындай қызметтерді Мұғалжар мен Алға аудандарында да ашу жоспарда бар.

Мүгедектерді оңалту мақсатында төрт әлеуметтік жоба жүзеге асырылды, олардың қатарында ым-ишара тілі аудармашыларының қатысуымен есту қабілеті нашар жандарға арналған бейнетелефондық диспетчер қызметі, иппотерапия, аудандарда сурдоаудармашы болып жұмыс істеу үшін ым-ишара тілінің мамандарын оқыту курсы бар.  

Облыстың 2017 жылы халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу бойынша кешенді жоспарына сәйкес, биыл мүмкіндігі шектеулі 330 тұлғаны жұмысқа орналастыру жоспарланып отыр, қазірдің өзінде 466 мүгедек жұмыспен қамтылған. Өткізілген 84 бос жұмыс орындары жәрмеңкелерінің қорытындысы бойынша 45 мүгедек жұмысқа орналастырылып, 30-ы уақытша қоғамдық жұмыстарға жіберілген, 13-і әлеуметтік жұмыс орындарына орналасса, 72 адамға кеңес берілді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлу қажеттігін атап өтті.

 - Олардың әрқайсысы мемлекеттік қолдау алуға, белсенді қоғамдық өмірге тартылуға тиіс. Бұл жұмысқа еріктілерді, жастарды, үкіметтік емес ұйымдарды тарта отыра тұрақты түрде жүргізіп тұру қажет. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар өз проблемаларымен жалғыз қалмаулары тиіс. Қозғалыс құралдарымен қамтуға және оңалтуға бөлінген қаражат жүз пайыз игерілуі керек,-деп тапсырды Б.Сапарбаев.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі