Б. Сапарбаев Мұғалжар ауданындағы тау-кен металлургия комбинатының құрылысымен танысты

9 қазан, дүйсенбі күні Бердібек Сапарбаев Мұғалжар ауданындағы  тау-кен металлургия комбинатының құрылысы бойынша ірі инвестициялық жобаның жүзеге асырылуымен танысты.

Аталмыш жоба аясында Алтынды ауылында қуаттылығы жылына 5 млн тонна алтын рудасы болатын алтын өндіру фабрикасы құрылысының дайындық жұмыстары жүргізілуде. Кен шығарылатын орынды іске қосу жоспарда бар. Жоба құны 148 млрд теңгені құрайды. Бұл комбинат көлемі жағынан Қазақстан бойынша екінші орында болады деп күтілуде.

«АltynEx Company» «Юбилейное» алтын рудасының кен орнын 2015 жылдың қазан айынан бастап игеріп келеді.  Қазіргі таңда кәсіпорын жерасты тәсілімен 300 мың тонна руда өндіреді.

Айта кетейік, компания алтын өндіру фабрикасының құрылысын құрамында алтыны аз руданы ашық тәсілмен игеруге көшуіне байланысты бастаған болатын. Бұл жоба нашар рудаларды Доре қорытпасын ала отыра өндіруге мүмкіндік береді.

Осы жылдың сәуір айынан бастап кәсіпорын жобаға 10 млн-нан астам АҚШ долларын инвестициялады, келесі жылдың көктеміне дейін тағы 100 млн АҚШ долларын аудару жоспарда бар.

Қазіргі уақытта мұнда жергілікті тұрғындардың ішінен 600-ден аса жұмысшы жұмылдырылған. Олар жаңа өндіріс іске қосылғаннан кейін, қайта даярлықтан өткен соң фабрикаға қабылданбақ.

Жаңа өндіріс 2019 жылдың соңында іске қосылады деп күтілуде, толық жобалық қуаттылыққа 2020 жылы шығатын болады.

Кездесу кезінде өңір басшысы «АltynEx Company» АҚ басшылығымен бірге облыс басшылығының араласуын талап ететін проблемалық сұрақтарды талқылады.

Атап айтқанда,  тау-кен өндіру кәсіпорнының өкілдері қажетті инфрақұрылымдарды жүргізуге жәрдем беруін өтінді.

Өңір басшысы облыс үшін маңызы бар жоба қолдау табатынын, соның ішінде мемлекеттік бағдарламалар аясында да көмек көрсетілетінін атап өтті.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі