Б. Сапарбаев облыс жолдарында құтқару жұмыстары жалғасуда

Ауа райының қолайсыздығына байланысты, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен демалыста шұғыл жиын өткізді. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалардың және коммуналдық мекемелердің басшылары, аудан әкімдері алыс елдімекендер мен  ауыл-аймақтарда қалыптасқан жағдайды баяндады. Бердібек Сапарбаев жылумен, жарықпен және ауызсумен тұрғындарды үздіксіз қамтамасыз етуді қатаң тапсырды. Сонымен қатар, облыс басшысы Хромтау бағытындағы тас жолда қалған көліктерді барып көріп, жүргізушілермен, жолаушылармен тілдесті.

Қаңтардың бірі мен бесі аралығында Қазақстанның автожолдарында 1270-тен астам адам эвакуацияланды, қар құрсауында қалған  639 адам құтқарылды. Мереке күндері Ақтөбе облысында да ауа райы мың құбылғаны белгілі. Ат құлағы көрінбейтін ақ түтек борандардың әсерінен облыс аумағында жолдарды уақытша жабуға тура келді. Жол бойында тұрып қалған көліктер нөпіріне төтенше жағдайлар қызметі көмекке барды. Республикалық маңызы бар жол учаскелерінде қозғалыс шектелді. Аталған учаскелерде 10 жылыту пункті құрылып, тамақтандыру ұйымдастырылды. Облыс басшысы жағдайды өз көзімен барып көріп, тәртіпке бағынбаған жолаушыларға басу айтты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық штабтың отырысы өткізіліп, аймақтағы төрт ауданда орын алған төтенше жағдайды шешу жолдары талқыланды. Өңір басшысы Белогорка ауылына барып, жылыту пунктіндегі  жолаушылармен кездесті. Ақтөбе-Хромтау бағытындағы құтқару жұмыстарын және жөндеу жұмыстарының техникалық жарақтандырылуын пысықтады. Көліктері жолда қалып, Ақтөбедегі мектептердің біріне орналастырылған өзбек азаматтарының жағдайымен танысты.

Бүгінгі күні әскери қызметшілер сондай-ақ, ірі кәсіпорындар мен шаруашылықтардың техника құралдары қосымша тартылуды.  Жағдай қалыпты, облыстық және аудандық маңызға ие жолдарды аршу жұмыстары жасалып жатыр. Бұл дайындық қана. Алда қаңтардың қытымыр аяздары мен ақпанның ақтүтек борандары бар.

 

 

Қосылды: 
05.01.2016 - 16:12
Соңғы өзгерiстер: 
01.09.2016 - 09:57