Б. Сапарбаев проблемалық сұрақтардың шешімі жайында: «Уәде берген соң орындау керек»

Ақтөбе облысының әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен жиналыс өтіп, барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есептік кездесулерінде аталған проблемалық сұрақтардың шешімі қаралды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 15 қаңтардан бастап 21 ақпанға дейін Ақтөбе облысында барлық деңгейдегі әкімдер 553 есептік кездесу өткізіп, оған 50 мыңға жуық тұрғын қатысты.

Кездесу кезінде 1173 адам өтініштерін, арыз-шағымдарын, ұсыныстарын айтты. Жүгінулердің жалпы санының 29%-ы жұмыспен қамтуға, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен елді мекендерді абаттандыруға, 12,8% - жолдарды жөндеу мен салуға, 10% - әлеуметтік нысандарды жөндеу мен салуға қатысты болды.

Облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржауған Қалауовтың мәліметінше әлеуметтік салаға байланысты барлығы 947 сұрақ қойылған, олардың дені сол жерде түсіндіріліп, шешілген. 200-ден астам сұрақ бақылауға алынып, оның қыруар ақшалай салымды қажет ететін 33-і облыстық әрекет ету жоспарына біріктірілді. Негізінен, оған елді мекендерді газбен, сумен және кәріз жүйесімен (5) қамтамасыз ету, жолдар мен көпірлерді жөндеу және салу (8), оқу ғимараттарының (5) , мәдениет нысандары мен спорттық ғимараттардың (6) құрылысы және т.б. кіреді.

Облыс әкімі баяндаманы тыңдап шығып, бақылауға алынған сұрақтарды дер кезінде және сапалы шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

- Уәде берген соң орындау керек. Бастысы жақын арада нені шеше алатынымызды ашық айтып, қандай жобалардың ұзақ уақыт жүзеге асыруды талап ететіндігі жайында азаматтарды хабардар ету керек. Мәселен,  газға, жолға қатысты сұрақтар уақытты қажет етеді. Бүгінде біздің облыстың газбен қамтылуы 88%, сумен қамтылуы 88%-ды құрайды және біз халықты коммуналды игіліктермен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырамыз. Жолдардың жағдайы -  басты проблемалардың бірі. Үлкен көлемді жұмысты орындау үшін мердігер мекемелерге жол құрылысы материалдарын жергілікті қамтудың есебінен барынша арзандату керек. Осы жылы асфальтты төсей алмасақ, қара жолдар салу қажет,-деп атап өтті өңір басшысы.

Айта кетейік, ақтөбеліктердің есептік кездесулерде көтерілген проблемалық сұрақтарының шешімі облыс әкімінің жеке бақылауында.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі