Б. Сапарбаев Самұрық Қазына Фармация ЖШС төрағасымен кездесті

You are here

2016 жылы облыс тұрғындарын дәрі-дәрмекпен тұрақты қамту мәселесі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен кеңес барысында талқыланды. Оған "Самұрық-Қазына Фармация" ЖШС-нің өкілдері, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының және медициналық мекемелердің басшылары қатысты. Негізінен дәрі-дәрмек түрлерімен ақысыз және үзіліссіз қамтудың маңыздылығына айырықша көңіл бөлінді.

Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып, халықты кепілдендірілген медициналық тегін қызметпен қамтуда дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттамауын, медициналық және фармацевтикалық мекемелер препараттардың сапасына көңіл бөлуі керектігін айтты. Биыл "Саламатты Қазақстан" бағдарламасының алғашқы кезеңі аяқталады. Алда, жаңа бағыттар мен міндетті медициналық сақтандыру мәселелерін қамтитын жобалар бар. Сондықтан да, ақ халаттылар адам денсаулығын сақтау мен қорғауда салғырттыққа жол бермеуі тиіс, - деді облыс әкімі.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Астанадан арнайы делегацияны бастап келген, Қазақстан Республикасының аумағында фармацевтика саласының тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында құрылған "Самұрық Қазына-Фармация" серіктестігінің басқарма төрағасы Нұржан Әлібаев жиналғандарға өзі басқаратын ұйымның алдындағы мақсаттар мен міндеттерді айтып берді. Біріншіден, аймақтық медициналық мекемелердің серіктестік алдындағы қарыздарының өтелуі, дәрі-дәрмекпен алыс ауылдардың өзін үздіксіз қамтамасыз ету, медициналық препараттардың сапасын қадағалауға және басқа да маңызды мәселелердің оң шешілуіне мемлекеттік серіктестік мүдделі.

НҰРЖАН ӘЛІБАЕВ, "СК-ФАРМАЦИЯ" ЖШС БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ

Дәрі-дәрмекті сақтау мен тасымалдаудың да маңыздылығына тоқталған серіктестік басшысы Ақтөбенің медициналық препараттар шығаратын зауыт салуға мүмкіндігі бар екендігін және тың жобаларды қолдайтындығын жеткізді. Қазір медициналық жабдықтарды республикалық және жергілікті бюджеттерге салмақ түсірмей, лизинг арқылы сатып алу мүмкіндігі жасалып отыр. Ал, "СК-Фармацияға" ақтөбелік ауруханалардың қарызының өтелуіне де осы жиында нүкте қойылды.

ӘСЕТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылдары қарызы қордаланған облыстық аурухана мен жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігерлерін орындарынан тұрғызып, есептерін тыңдады. Тиісінше, медицина және фармацевтика саласының барлық өкілдеріне дәрі-дәрмек бағасын көтеруге ешқандай негіз жоқтығын қадап айтты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұл мәселе бойынша "Самұрық Қазына-Фармация" басшысы да түсінік беріп, қазір ел көлемінде дәрі-дәрмек қорының жеткілікті екендігін, алдағы жылдың қажеттілігіне дәрілердің биылғы бағамен сатып алынып жатқандығын айтты. Ал, облыс әкімі әрбір жылдың басында, яғни алғашқы тоқсанында күрделене түсетін дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау керектігін ескертті.

 

 

Жаңалықтар таспасы