Б. Сапарбаев, семинар Гүлшара Әбдіқалықова

You are here

Бүгін Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова Ақтөбе облысына екі күндік жұмыс сапарымен келді. Жұмыс сапарының алғашқы күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен «Зайырлы қоғам және жоғары руханият - бірлік пен келісім кепілі» тақырыбындағы өңіраралық семинар болды. Семинарға қатысушылар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру, конфессияаралық қарым-қатынастарды үйлестіру және діни экстремизмнің алдын алу бойынша кешенді мәселелерді талқылады.

Семинар-кеңесті ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев алдымен облыстағы діни ахуалға тоқталды. Бүгінде Ақтөбе облысында билік ен бұқара арасындағы байланыс берік. Өңірдегі діни ахуал да тұрақты.  Тәуекелді жастары бар Мұғалжар, Шалқар, Байғанин және Темір аудандарында халықтың діни сауатын арттырып, жастармен жұмыс жүргізу мақсатында аймақтық орталық құрылды. Облыста жергілікті жұртшылық тату-тәтті тірлік кешіп, Құрбан айт пен Рождествоны бір үйдің балаларындай мерекелейді. Осы мәселелерді мысал еткен облыс әкімі Елбасының тапсырмаларының негізінде өңір халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясаттың жалғаса беретіндігін айтты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ал, мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықова  өзінің кіріспе сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды демократиялық, зайырлы және экономикалық дамыған мемлекет ретінде даму векторын нақты айқындап бергенін  атап өтті. Мемлекеттік хатшы «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясының маңызды құндылығы - зайырлы қоғам және жоғарғы руханият еліміздің барлық азаматтарын бірігуге шақыратынын, сонымен қатар, осы құндылықтарды қалыптастыруға және дамытуға мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның күшін бағыттау керек, - деп атап өтті.

ГҮЛШАРА ӘБДІХАЛЫҚОВА, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ХАТШЫСЫ

Ал, Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов елімізде заңның үстемдік құруы керектігін баса айтты. Құқықтық Қазақстанда заңнын орындалуын қадағалау, діннің бұрмалануына жол бермеу, діни кітаптар тарату мен миссионерлердің әрекеттерін заң аясынан шығармау керектігіне тоқталды. Имамдар еліміздің ресми ұстанымы бойынша белсенділік танытып, жан-жақты ақпараттық шабуылдарға тосқауыл болуы керек. Түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілер отбасылары шеттетілмеуі керек деді, - вице-министр. 

МАРАТ ӘЗІЛХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Семинарда сөз алған Орал және Ақтөбе облыстарының архиепсикопы Антоний де еліміздің діни тұрақтылықты қалыптастырудағы оң қадамдарына тоқталды. Әсіресе, татулық пен бірлікке үндейтін Елбасы саясатына ризашылықтарын білдіріп, теріс ағымдардың ықпалынан жастарды қорғау туралы ойларын айтты. Жас буынды қолдау мен теріс ағымдардан сақтау мәселесі бойынша Атырау облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан да өз тәжірибелерімен бөлісті.  

ШЫҢҒЫС МҰҚАН, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбедегі өкіл имамы, облыстық Нұр ғасыр мешітінің бас имамы Нұрлан қажы Асанов бүгінде жамағатқа қойылатын талаптар туралы ойларын білдірді. Мәселен, оның біріншісі, ел болып теріс ағымдармен күресу. Екіншісі, исламның талабы бойынша басшыға мойынсұну.

НҰРЛАН АСАНОВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ "НҰР ҒАСЫР" МЕШІТІНІҢ БАС ИМАМЫ

Ашық әңгімеге Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарының ақпараттық-сараптамалық орталықтарының өкілдері де араласып, өңірдегі діни ахуал, теріс ағымдармен күрес мәселелерін бойынша тәжірибелерін ортаға салды. Ал, белгілі ғалым Амангелді Айталы қазір жастарды теріс ағымдардан да, діннің мәнін түсінбейтін мемлекеттік органдардан да қорғау керектігін айтты.

АМАНГЕЛДІ АЙТАЛЫ, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ

Жиынды Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылап, елдегі татулық пен дінаралық түсіністікті сақтауға көп болып күш жұмсау керектігін жеткізді.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Семинар-кеңес барысында еліміздің дінаралық татулықты, тепе теңдікті сақтау бойынша әлемге үлгі болып отырғандығы мысал ретінде айтылды. Ең бастысы, мұндай толерантты саясат Қазақстанда жалғаса береді.

Қосылды: 
26.01.2016 - 11:09
Соңғы өзгерiстер: 
02.09.2016 - 10:02

Жаңалықтар таспасы