Б. Сапарбаев Чехия республикасымен байланыс нығаяды Элишка Жигова

Чехия ел аймақтарымен соның ішінде Ақтөбемен де қарым-қатынас орнатуға ниетті. Бұл туралы бүгін облыс әкімімен кездескен Қазақстандағы Чехия Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Элишка Жигова мәлімдеді. Кездесу барысында ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтуға бағытталған бірнеше жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік бары айтылды. Әсіресе, экономика, денсаулық сақтау, білім беру және спорт салаларында бірлесе жұмыс істелмек. Чех кәсіпкерлері де үлес қосуға дайын. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев шетелдік инвесторлар үшін біздің аймақта барлық жағдай жасалатынын айтты.

Чехия Республикаксының Қазақстандағы елшісі Ақтөбеге алғаш рет келіп отыр. Бұған дейін еліміздің бірнеше аймақтарында болып, келіссөздер жүргізген. Негізгі мақсат - екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайту жолында түрлі жобаларды жүзеге асыру. Кездесу барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Ақтөбенің мүмкіндіктерін атап өтті. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Біздің облыстың мүмкіндіктері көп. Қазба байлықтарынан өзге, көлік тораптары да жеткілікті. Европа мен Орталық Азия арасында орналасқан. Теміржол, әуе қатынастарынан өзге, Елбасының тапсырмасына орай, Ақтөбе-Атырау-Астрахань жолы мен Орталық-Батыс дәлізі салынатын болады. Сондықтан да бизнес үшін де маңызды өңір.  

Бүгінде Қазақстан мен Чехия арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын дамып келеді. 2014 жылдың қортындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 1 млрд АҚШ долларынан асқан. Бұл көрсеткіш одан әрі артуы әбден мүмкін. Себебі, бұған дейін Украинада жүзеге асқан жобалар енді Орта Азия соның ішінде Қазақстанда жалғасатын болады. Өйткені мұнда шетелдік компаниялар үшін өте қолайлы жағдай қалыптасқан. 

ЭЛИШКА ЖИГОВА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЧЕХИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ

Біз Қазақстанның Астана және Алматы қалалары ғана емес, аймақтарымен де тығыз байланыс орнатқымыз келеді. Бірқатар салаларда бірлескен жобаларымызда жүзеге асырсақ дейміз. Бұл екі ел үшін де өте тиімді екенін тәжірибе көрсетіп отыр. Мәселен, біз қазір Өскеменде чех маркалы көлік шығарудан басқа көптеген жобаларды іске асырып келеміз. Сондықтан Ақтөбеге кәсіпкерлеріміз де келуге ынталы.      

Бірлесе жұмыс істеуге Ақтөбе облысы да дайын. Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, экономика, денсаулық сақтау, білім беру және спорт соның ішінде Чехияда жақсы дамыған хоккей ойынын қалыптастыруға болатынын айтты. Салынып жатқан мұз айдыны құрылысына да чех компаниясы үлес қосатынын атап өтті. Ал, өңірге келіп жұмыс істегісі келетін шетелдік компаниялар үшін жер учаскелері беріліп, салықтың негізгі 4 түріне жеңілдіктер қарастырылатынын жеткізді. Екі ел арасында әуе қатынасын қалыптастыруға да көңіл бөлу қажет деді. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұл ретте әуе рейстерін ашу туралы ұсынысымыз бар. Себебі, қазір біздің жерлестеріміз, алдымен көлікпен Орынборға, кейін Мәскеуге содан соң Прагаға ұшады. Осыны жеңілдету керек деп ойлаймын. Әсіресе, маусымдық кезеңде ұшып-қону жолға қойылуы керек.  

ЭЛИШКА ЖИГОВА, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЧЕХИЯ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ

Бұл ұсынысыңызды өте қолдаймын. Себебі біздің туристік саладағы компанияларымыз қазақстандықтарды жақсы көреді. Айта кететіні: бізде виза беруде біраз жеңілдіктер қарастырылған. Негізінен, Астана және Алматы қалаларында беріледі. Бірақ енді алдағы уақытта аймақтарда да беру жүзеге асады. 

Қазірдің өзінде, екі бірдей ақтөбелік компания чехиялықтармен бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірген. Оның бірі құрылыс саласында әріптестік орнатқысы келсе, енді бірі ауылшаруашылық саласын таңдаған. Олардың қатарын толықтырып, екі жақтың байланысын нығайтуда енді біздің өңірде Чехия Республикасының құрметті консулы жұмыс істемек.

Қосылды: 
10.02.2016 - 13:53
Соңғы өзгерiстер: 
02.09.2016 - 14:16