Б. Сапарбаев Шалқар ауданында жұмыс сапарымен барды.

You are here

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Шалқар ауданында болды. Көгілдір отын мен жол, Шалқар көлінің тартылуы және жұмыссыздық мәселелері - аудан халқының басты шағымдарының негізі. Көп мәселелерді өзі көрген облыс әкімі жуырда халықтың арыз-шағымдарын тексеру және өңірдің нақты даму көрсеткіштерін бағалау үшін Шалқар ауданына арнайы комиссия баратындығын айтты. Толығырақ тілші репортажында.

Шалқар өңіріне көгілдір отын жеткеніне жарты ғасырға жуықтады. Бірақ, газ құбыры, ауданның 60 пайызына ғана тартылыпты. Әдетте, мектебі, балабақшасы мен мәдениет үйі бар Шілікті ауылын үлгі қылып, мәртебелі меймандарды бастап баратын аудан басшылығы бұл жолы да жүрісінен жаңылған жоқ. Бірақ, үйлерін тезек жағып жылытып отырған ауылдықтар газға зәру. Көмірдің тоннасы өткен жылы 11 мың теңге болса, биыл ол 3 мыңға қымбаттаған.

Жылтыр ауылындағы Толытай Шанов атындағы мектеп күрделі жөндеуді қажет етіп тұр. Іргетасы 30 жыл бұрын қаланған қарашаңырақтың төбесінен су кетіп, едендері ыдырай бастапты. Білім ошағының бүгінгі мүшкіл күйін көрген әкім, жергілікті жұртшылықпен жүздесті.

Ал Тоғызда бас аяғы 5 шаруа қожалығы бар. Адамдар Құлан, Ырыс сынды мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыз.  Шалқардағы ауылшаруашылығының шатқыаяқтап тұруының бір себебі де осы.

Шалқарда жол жоқ, ауыз су мен көгілдір отын мәселесі де өзекті болып тұр. Ал, ауылдың алтыауызын айтар адамдар, әкімге кіре алмай жүр. Ербол Данағұловты кеңсесіне сан мәрте іздеп келіп, сан соғып қайтқан қариялар облыс әкіміне ағынан жарылды. Аудан активіне жиналғандар, Данағұлов сөзіне тұрмайды, тамыр-таныстарын ғана жұмысқа алады деп,  айды аспаннан бірақ шығарды. Бірақ, әкімнің жауабы дайын.

ЕРБОЛ ДАНАҒҰЛОВ, ШАЛҚАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Кездесу барысында, жұмыссыздық мәселесі, ауылдағы жолдардың жайсыздығы, көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер сөз болды, халықтың жағдайын сұрай келген облыс басшысына тұрғындардың айтар арыз-шағымы көп болды. Бензинің шектік бағасын белгілеген үкімет қаулысының Шалқарда күші жоқ. Заңды белінен басқандар сұйық отынның бағасын өздері белгілейді. Ал, Шалқар көлінің тайызданып, ластануын облыс әкімі үкім басшысына да айтқан.

Базой, Айшуақ ауылдарына баратын жолдың мұнай тасымалдаушы ауыр жүк көліктері тозығын шығарған.. Оларға қой дейтін адам табылар ма екен деп тұқырды тұрғындар. Бершігүрде қиыршық тас шығаратын 9 зауыт бар екен. Олардан көтерілетін шаң -топырақ аудандағы экологиялық ахуалын одан әрі асқындырып жіберген. Бірақ, аудан әкімі ақталатын жол тапты.

Аудан әкіміне ашулы тұрғындар жетіп артылады.. Шалқарда тәртіп жоқ. Сәйкесінше қылмыс көп дейді олар. Дүкендер түнімен дамыл таппайды. Жастарға қарызға арақ-шарап береді. Осының бәрін бақылап отыратын аудан басшысы, жұмыс болмаса қайтейінге басты.

Бұған дейінгі аудандарда кездескен мемлекеттік бағдарламалардан хабарсыздық және дәрменсіздік Шалқар ауданында да кездесті. Мал өсіріп, төрт түлік санын көбейтуге ынта білдіргендерді аудан әкімдігі қолдамайтын сияқты. Өйткені, кәсіпкер жігіттер облыс әкімінен араша сұрады.

Аудан әкімі облыс басшысының алдында жауаптан мүдірген жоқ. Бірақ, микрофонға таласқан халықтың нөпірі билік пен бұқараның арасындағы алшақтықтың дәлелі болса керек. Жиналғандар аудан әкіміне кірудің өзі мұң екендігін айтады. Оған да Данағұловтың жауабы әзір.

Шалқарда шешімін таппаған мәселелер қордаланып қалғанға ұқсайды. Қысқасы, Шалқарға да арнайы комиссия баратын болды. Аудан активінде көтерілген барлық мәселелер бойынша тексерулер жүргізіледі.

Шалғайдағы Шалқар әкімдігінің тағдырын енді арнайы комиссия анықтауы тиіс. Өйткені, мемлекеттің саясаты мен халықты қолдауға бағытталған бағдарламасының жемісін ауылдықтар да сезінуге құқылы.

Қосылды: 
20.10.2015 - 10:29
Соңғы өзгерiстер: 
31.08.2016 - 11:19

Жаңалықтар таспасы