Б. Сапарбаев Ырғыз ауданында жұмыс сапарымен барды

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу облыстың әрбір ауданында қолға алынуы тиіс. Ұсақ шаруашылықтар біріктіріліп, бәсекеге қабілетті құрылымдарға айналуы керек. Бұл туралы кеше Ырғыз ауданында жұмыс сапары кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев мәлімдеді. Аудан жұртшылығымен кездесуде ең өзекті әлеуметтік мәселелер туралы айтылып, өңірдің дамуы бойынша аудан басшылығына нақты тапсырмалар берілді.

Облыстың ең шалғай аудандарының бірі - Ырғыз өңірінің қойнауы тұнған тарих. Өңір халқы әфсанадан сауатты және басты күнкөріс көзі - мал шаруашылығы. Қазақ елінің өз қолы өз аузына жете бастаған тұста ауданның инфрақұрылымы жаңарып, халық еңсесін тіктей түсті. Батыс Европа-Батыс Қытай дәлізі өтетін өңірде бұрын жолаушыларды азапқа салатын Самара-Шымкент тас жолы қайта төселіп, Ырғыз бен Ақтөбенің арасына жүйіткіген көлік төрт сағатта еркін жетеді. Тіршілік белгісі саналатын күре жол айналасындағы шағын ауылдарға да жан бітті. Солардың бірі - Құмтоғай. Енді жергілікті биліктің міндеті сол жолды қыс кезінде уақытылы қардан аршып, қозғалысты үздіксіз жалғастыру.

ТЕМІРЛАН ТҰРМАҒАМБЕТОВ, ҚҰМТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Ел ішінде облыс әкіміне қойылған мұндай сауалдар мен өтініштердің жауапсыз қалғаны болған емес. Бердібек Мәшбекұлы тұшымды жауабын беріп, өңірлік мәселенің түйінін шешуді сол заматта аудан әкіміне тапсырады. Ырғыз ауданы аумағында ресми делегация алғашқы болып аялдаған Құмтоғай ауылының мектебі уақытында кеңшардың күшімен қамыстан салыныпты. Тек, осыдан екі жыл бұрын жөндеуден өткізіліп, қабырғасы кесекпен қапталған. Ал, қазандығы болмағандықтан, мектеп бөлмелері қазақы пешпен жылытылады. 21-ғасырда от жағып, күл шығарып отырған мектептің бұл тірлігі облыс әкімінің назарына ілікті.

 

Құмтоғай өңірінде мал басы жеткілікті. Төрт түлік саны биыл отыз бес мыңнан асқан. Мүйізді ірі қараның өзі үш мыңға жуықтайды. Бірақ, қарапайым халық артық-ауыс малын базарға шығара алмай әуре. Сауда-саттықтың, қауіпсіздіктің талабы бойынша тауық сойылса да арнайы орында, кәсіби қасапшының пышағына ілігуі тиіс. Ал, шаруашылықты ірілендіріп, мал басын көбейту үшін несие алуға ауылдықтардың банктерге салатын кепілдігі жоқ.

 

МАРАЛ ТӨЛЕУОВ  ЗЕЙНЕТКЕР, ҚҰМТОҒАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Облыс әкіміне елге берер жауабы нақты - мал басын көбейтіп, аграрлық саладағы соңғы талаптар сақталуы тиіс. Мәселен, Құмтоғайдың түтіні түзу шығуына елдің азаматы Хамит Өтеуов басқаратын «Алтын-Әсел» серіктестігінің еңбегі ерекше. Ауылдық округтегі малдың дені осы шаруашылыққа тиесілі. Жеке кәсіпкер жергілікті әлеуметтік нысандарға көмектесуде аянып қалған емес. Тіпті, малшысына дейін зәулім үй тұрғызып беріп, Құмтоғайдың Қарақұдық атты шағын фермасында елдің балаларына стадион сыйлаған. Мектеп жанындағы интернаттың шығыны кәсіпкердің мойнында. Бұл - бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің нақты белгісі. 

 

Халықаралық тас жолдың бойындағы Қалыбай ауылының да тіршілігі бірқалыпты. «Қазавтожол» мекемесіне қарасты жолды пайдалану бөлімшесіне ат басын бұрған облыс әкімі жолды күтіміне жауапты кәсіпорын өкілін сұрақтың астына алды. Өйткені, алты ай қыста жолаушылар жолда қалып, бейнетке ұшырамауы керек.

 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Даңғыл жолдың 70 шақырымына жауапты бөлімшеге іргелес апаттық медициналық орталығының қосыны қоныс тепкен. Кәсіби бес маманнан құралған дәрігерлер мен құтқарушылар тобының міндеті - жол апаттары салдарынан кездесетін кісі өлімін болдыртпау. Бірақ, заңды өрескел бұзып, жылдамдықты шектен тыс асыратын жүргізушілердің кесірінен болған жол оқиғасынан бұл учаскеде биылдыққа екі адам мерт болған. Адам өміріне араша болуда шапшаңдық керектігін облыс әкімі құтқарушыларға қатаң ескертті. 

 

Ал, Ырғыздың іргелі ауылдарының бірі Құрылыстың білім мен тәрбие ошақтары қыз-қыз қайнаған тіршіліктің ортасында. 230 бала оқитын Бәймен Алманов атындағы орта мектептің жетістіктеріне риза болды. Өткен оқу жылының қорытындысы бойынша тоғыз түлек мемлекеттік грантқа қол жеткізген, олардың үшеуі - Алтын белгі иегері. Ғимараты көнелеу болса да, мектептегі тәртіп ерекше - дәліздеріне дейін мұнтаздай таза.

 

310 орындық «Мәні» мәдениет үйі ерекше тәртіппен салынған ғимаратта орналасқан. Көрермендер залы мерекелік шаралардан босаған емес. Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізетін жері де осы. Спорттық құрылғылар, бай кітапхана және мағыналы кездесулер осы еңселі шаңырақтың астында өтеді. Кең залда облыс әкімін күтіп алған жұртшылық рухани-әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі қиындықтарымен бөлісті. Мәселен, ауыл ақсақалы Темірбек Зейінов ешқандай инженерлік жобасыз салынып, аз судың да тасқынына шыдамайтын Ақши ауылындағы бөгет туралы ойын білдірді.

ТЕМІРБЕК ЗЕЙІНОВ, ҚҰРЫЛЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Ал, осы өңірдің белгілі термешісі, жастайында айтыстың жүлдесінен құр қалып көрмеген, тігінші, қолөнерші Қазия Балмағамбетова облыс әкіміне арнау өлеңін оқып, батасын берді.

 

Ақши ауылының да қамыстан салынған, іргесі сөгіле бастаған мектебі мен сыздың иісі қолқаны қабатын қосымша құрылыстарын көрген облыс әкімі дереу аудан әкіміне жаңа мектептің жобалық құжаттарын әзірлеп, елді мекенге болашақта газ құбырын тартып, халықты күл алудан бостауды тапсырды. Қазақстанның жетістіктері мен мүмкіндіктері қалың құмның ортасындағы Ақши ауылына да жетуі тиіс. Бұл - президент тапсырмасын жүзеге асырудың белгісі.

 

Аудан орталығында облыс әкімі «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік резерватының әкімшілік ғимаратына аялдады. Табиғат байлығын сол күйінде сақтауға арналған ерекше аумақ 2007 жылдан бері белгіленді. Қызыл кітапқа енген жануарлар мен өсімдік әлемінің сан түрін қызғыштай қорғау - осы мекеменің құзырында. Ал, биыл індетке шалдыққан ақбөкендердің есебі де айтылды.

Ауданның өзекті мәселелері сараланып, жетістіктері мен кемшіліктері талқыланған жиын әдеттегіше мәдениет үйінде өтті. Кең залды лық толтырған жұртшылықтың алдында облыс әкімі алдымен біздің өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайында әңгіме өрбітті. Президент тапсырмасына сай елдің алдында үш міндет бар. Біріншісі, Қазақстанның экспортқа бағытталып өндірілетін өнім көлемін арттыру, экономиканың тың салаларын дамыту. Екіншісі, халықаралық қаржы ұйымдары арқылы елімізге қаражат тару, инвестицияны молайту. Ал, үшіншісі, барлық саладағы негізсіз шығындарды азайтып, үнемдеуді қолға алу.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Төрт түлік саны жеткілікті болғанымен, оның өнімін қайта өңдеу саласы кенжелеп қалған Ырғыз ауданының жай-күйі жергілікті әкім Мейірхан Дуанбековтың баяндамасында айтылды. Тоғыз айдың есебі бойынша ауданда 782 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Өсім былтырғы жылдың межесіне жетпейді, шамамен - 96 пайыз ғана. Бірақ, мемлекеттік «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары бойынша жоспар артығымен орындалған. Ауданда мал бордақылау цехы салынып жатыр. Бірақ, халықтың экономикалық белсенді тобының арасында өз кәсібін ашуға талпынып отырғандар аз. Жалпы, кәсіпкерлік әлдебір себептермен тежеліп, бұрынғы табыстың бизнестің өзі тұралап тұр. Бұл бюджетке артылатын салмақты ауырлата түседі.

 

МЕЙІРХАН ДУАНБЕКОВ ЫРҒЫЗ, АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Сұрақ-жауап тәсілімен қолдарына микрофон тиген халық елдің мәселелерімен қатар, жеке бастарының қиындықтарын күйттеп кетті. Салиқалы сауалдардың қатарында өңірдің көгілдір отынмен қамтылуы, шаруашылықтарды біріктіру, жекелеген елді мекендермен арадағы қатынастың қиындығы болды. Ал, үш өзені мен тоқсаннан аса көлі бар өңірдегі қуаңшылық пен құрғақшылық ауқымды экологиялық апат тудырарын ауыл азаматы Нұрқасым Сәрсенбайұлы жіпке тізгендей етіп айтып берді.

 

 

НҰРҚАСЫМ СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, ЫРҒЫЗ СЕЛОСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

 

Жоспар бойынша биыл Шалқар ауданының Шетырғыз селосындағы газ жинақтау станасынан үш жыл бұрын тартылған құбыр желтоқсан айында Ырғыз селосына кіруі тиіс. Жол бойындағы тағы бірнеше елді мекеннің тұрғындары қаржының түсіміне байланысты көгілдір отынның ырзығын көретін күн де алыс емес. Бірақ, елді толғандырар сауалдар жалқаулық пен жауапкершілік, тәрбие мен тәртіпке тірелетін жеке бас мәселелерінің көлеңкесінде қала жаздады. Масылдық санадан арыла алмаған жастардың азабы күйбеңдеген ата-аналарды қатты алаңдатуы көрініс беріп, тұрмыстың азабына төзе алмағандарды халықтың өзі сабырға шақырды. Өйткені, талабың таудай болса, екі қолға бір күрек табылады.

Жиынды түйіндеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қойылған сауалдардың баршасына жауап қатып, аудан әкіміне де бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде аудан басшыларының міндеттерін еске салып, жұртшылықтың да жауапкершілігін биязы сөзбен жеткізді. Облыс деңгейіндегі басшыны алғаш көрген кейбір ауылдықтар салмақты пікірге құлақ асты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Тоқсан ауыз сөздің түйінін айтқан облыс әкіміне аудан жұртшылығы ризашылығын білдірді. Өйткені, облыстың жаңа басшысының нық қадамы ауылдықтардың еңсесін көтеруге жәрдем берері хақ. Қас қарайғанша жалғасқан жиыннан соң да облыс әкімі аудан орталығындағы әлеуметтік нысандарды аралауын жалғастырды. Мәселен, аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің есебін тыңдап, «Жігер» стадионында жергілікті спортшылардың жетістіктерімен танысты. Сапар соңы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепте жалғасты. 150 жылдық тарихы бар білім саласы сонау Шахмұрат Құлыбеков дәуірінен бастау алады. Ал, облыс әкімінің жұмыс сапары Ырғыз тарихының жаңа парақтарын ашқандығы анық.

 

 

 

 

Қосылды: 
30.10.2015 - 12:00
Соңғы өзгерiстер: 
31.08.2016 - 09:57