Б. Сапарбаев Қазақстандағы Германия елшілігінің өкілімен кездесті

You are here

Ақтөбе облысы мен Германия арасындағы тауар айналымы былтыр 170 миллион АҚШ долларына жеткен. Ал, нарықта 27 бірлескен кәсіпорын табысты еңбек етіп жатыр. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Германия елшілігінің Астанадағы сенімді өкілінің кездесуінде айтылды.

Германия елшісінің орынбасары Джонни Крамер Ақтөбеге танысу мақсатында келген. Алдымен жергілікті диаспорамен жүздесіп, Хромтаудың хром өндірісіндегі неміс фирмасымен кездесіп келген елшілік өкілі бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болды. Облыс басшысы әңгімесін Ақтөбе облысымен Германия арасындағы әлеуметтік-экономикалық, мәдени байланыстардан бастады. Бүгінде біздің облыста неміс ұлтының 6 мыңға жуық өкілі бар. Кезінде құшағын ашқан қазақ халқымен неміс жамағаты тату тәтті тіршілік кешіп жатыр. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Ақтөбе облысы инвестициялық тартымды өлке. Теміржол, әуе қатынасы және автожолдарымыз батыс пен шығысты жалғап жатыр. Ақтөбені Орталық Азия мен Еуропаның арасындағы қақпа, - деді облыс әкімі.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ақтөбе облысының қазба байлықтарының қоры мол. Қара және түсті металл, мұнай-газ саласындағы басымдықтарымыз осал емес. Демек, осы шикізатты өңдеп, сыртқа шығаратын индустрия саласын бірге дамытсақ тиімді болар еді. Елімізде Елбасының тапсырмаларының инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Салықтық жеңілдіктер жеткілікті. Ақтөбе қаласының өзінде су, газы тартылған аумағы 200 гектар болатын индустриалдық аймақ дайын тұр. Аграрлық салада да осындай серпіліс болады. 

Облыс әкімі Германия елшісінің орынбасарына білім, мәдениет және денсаулық салаларына неміс фирмаларының келуін құптайтындығын білдірді. Әсіресе, соңғы айларда ғана Түрік және Оңтүстік Корея мемлекеттерінің қатысуымен құрыла бастаған медициналық кластерге неміс нехнологиясы мен тәртібі араласса деген ойын айтты. Ал, Ақтөбеде салынатын көлік-логистикалық орталыққа да инвестор қажет. Бұл ұсыныстарды естіген Германия елшісінің орынбасары неміс капиталының Қазақстанға қызығушылығы жоғары екендігін жасырмады.

ДЖОННИ КРАМЕР, ГЕРМАНИЯ ЕЛШІЛІГІНІҢ АСТАНАДАҒЫ ІС БОЙЫНША СЕІНМДІ ӨКІЛІ

Бізді Ақтөбе жеріндегі неміс кәсіпорындарының тынысы қызықтырады. Сонымен қатар, жергілікті диаспорамен кездесу өткіздім. Кеңес одағының көбесі сөгілгелі Қазақстаннан Германияға 800 мыңдай отандасымыз көшіп кетті. Енді неміс ұлтының қазақ жерін мекендеген 180 мыңдай өкілінің тағдырын көзден таса еткіміз жоқ. Сондықтан, Қазақстан мен Германия арасындағы экономикалық, мәдени байланыстардың өркендеуіне мүдделіміз.

Ақтөбедегі нөмірі он бірінші мектеп неміс тілін тереңдете оқытатын білім мекемесі. Осы басымдық көңілінен шыққан Джонни Крамер жергілікті студенттермен де кездесіп, ұлтаралық қатынас, мәдени байланыс тақырыбында дәріс оқитындығын айтты. Ал, облыс әкімімен нәтижелі кездесуден соң қос тараптың жауапты ұйымдары басқа салалардағы байланысты да нығайта түспек.

 

 

Жаңалықтар таспасы