Б. Сапарбаев Қазхром ТҰҚ АҚ ұжымымен кездесті

Жергілікті компаниялардың жұмыс орындарын қысқартып, өндіріс көлемін азайтып, әлеуметтік жауапкершіліктерінен жалтаруға әлемдік дағдарыс сылтау емес. Қаржы көздерін тауып, экономиканың тың салаларына түрен салу керек. Осы аптада өңірдегі ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі - Қазхром трансұлттық компаниясының ұжымымен кездескен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев осындай талап қойды. Кездесу барысында компания басшылығы есеп берді. Сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілік және ұжымдық келісім шарттың орындалуы туралы үш жақты меморандумға қол қойылды.

Дөң тау кен байыту комбинаты мен Ақтөбе ферро қорыту зауытын біріктіріп отырған "Қазхром" транс ұлттық компаниясы Ақтөбе облысындағы ең ауқымды кәсіпорындардың бірі. Сондықтан он екі мыңдай адам жұмыс жасайтын алып өндірістегі жұмыс орындарын сақтау мен әлеуметтік міндеттемелер қамтылған ұжымдық келісімшарттың талаптарының орындалуы атқарушы биліктің де назарында. Облыс әкімінің алдында өз жұмысшыларына есеп берген компания президенті Виктор Тиль өткен жылдың қорытындыларын хабарлап, межелі міндеттерін пысықтап өтті.  

ВИКТОР ТИЛЬ, "ҚАЗХРОМ" ТҰК" АКЦИОНЕРЛІК ҚОҒАМЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Былтыр мен биыл өндірісте аздаған қиындықтар болды. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының аясында іске қосылған төртінші цехы өткен жылы толық қуатында жұмысқа көшуі керек еді. Бірақ, белгілі себептерге байланысты жұмыс тежеліп, осы жылдың соңында ғана бұл межеге жетеміз. Алайда, жұмысшылар алдындағы міндеттемелерімізді толық орындадық.

Виктор Тильдің мәлімдеуінше, Дөң тау кен байыту комбинатында 7 мыңнын үстінде жұмысшы бар және орташа жалақылары 164 мың теңгенің шамасында. Ал, Ақтөбе ферро қорыту зауытындағы 4 мыңдай адамның орташа еңбекақысы 153 мың теңгеге жуықтайды. Аталған кәсіпорындарда еңбекті қорғауға бағытталған жүйе жасалып, былтыр адам шығын болмаған. Жиын барысында компания жұмысшылары да облыс әкіміне өздерін толғантқан мәселелер бойынша сауалдарын берді.   

НАҒАШЫБАЙ ӨМІРЗАҚОВ, ДӨҢ ТАУ-КЕН БАЙТЫУ КОМБИНАТЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ

Облыс әкімі осы тектес сауалдарға кезегімен жауап беріп, Хромтау мен аралықта  жол қызметіндегі дербес компания құрудың маңыздылығын және тиімділігін қарастыру керектігін, ал қазіргі кәсіпорындардың мүмкіндіктерінің шектеулі екендігін атап өтті.

Зауыт жұмысшылары облыс әкімінен Ақтөбе қаласындағы автобус аялдамаларының күйі, такси жүргізушілерінің тәртібі, көп қабатты үйлердің аулаларында пайда болған автокөліктер туралы сауалдарын беріп, тұшымды жауаптарын алды. Ал, жастарды, оның ішінде студенттерді қаланы көріктендіру, абаттандыру жұмыстарына тартып, орталық саябақтардың оқу орындарына бекітілетіндігін жеткізді.

 

Ал, нақты өндіріс бойынша өнеркәсіп өнімдерінің көлемін, өндірісте қазақстандық үлесті арттыру туралы облыс әкімі компания басшылығына нақты тапсырмалар берді. Әсіресе, қалақұраушы кәсіпорындар әлеуметтік жауапкершіліктерінің негізінде халық игілігіне жарайтын спорттық, мәдени нысандар салу туралы ұсыныс білдірді.

 

Қазхромның тарапынан ұжымдық келісімшарттың талаптарын орындауға бағытталған 9 жарым миллиард теңге - аз қаржы емес. Бұндай көлемде қаражат бөлетін кәсіпорындар еліміз бойынша санаулы. Қазіргі дағдарыс мәңгілік емес. Ең бастысы, мемелкет қаржысына ұқыптылықпен қарап, барынша үнемдеуге тырысу керек.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімдігі, аумақтық кәсіпорындар орталығы және "Қазхром" трансұлттық компаниясы өзара түсіністік, еңбек қатынастарын реттеу және жұмысшыларға әлеуметтік кепілдіктер қарастырылған үшжақты меморандумға қол қойылды.

Қосылды: 
26.02.2016 - 11:47
Соңғы өзгерiстер: 
05.09.2016 - 13:56