Б. Сапарбаев құрылыс және жобалау тур жиын өтті

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен құрылыс және жобалау саласының мәселелерін талқылаған жиын өтті. Оған сәулет, құрылыс басқармасы, қаладағы құрылыс жұмыстарымен айналысатын жекеменшік ұйымдар басшылары қатысты. Тендерлерді ұтып алған мердігерлердің жауапкершілігіне, жобалау жұмыстарына және келісілген мерзімінде пайдалануға берілмеген ғимараттарға қатысты сын айтылды. Облыс басшысы жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс көлемінде салынып жатқан ғимараттардың сапасы тек тұрғындардың ғана емес, облыс әкімінің де көңілін көншітпейді. Бүгін Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткен  келелі кеңесте облыс басшысы осындай мәселе қозғады. Құрылыстың сапасы мен оны пайдалануға беру мерзімі туралы айтылған жиында жобалаушылардың да жұмысы назардан тыс қалмады. Бердібек Сапарбаев қазіргі уақытта екі есе жұмыс істеу керектігін қадап айтты.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Біздің жобалаушылар бір жобамен бір жыл немесе 9 ай жұмыс істейді. Бұндайды доғару керек. Жобаларды көктем айына дейін дайындап, жазға таман жұмыстарын бастайтындай ету қажет. Қазір мен қандай да бір әлеуметтік нысандардың жобаларын сұрасам, дайын емес дейді. Қазір жұмысты жеделдету үшін біз Астана мен Алматы, тіпті Шымкентте салынып жатқан ғимараттардың сызбасын алуға мәжбүрміз. 

Басқосуда сондай-ақ, мемлекеттік сатып алулар жайы сөз болды. Ендігі кезекте тендерлік құжаттамалардың шарттарына өзгерістер енгізіліп, өткізілу барысы қатаң бақылауға алынбақ. Өйткені кейбір мердігерлер тендер талаптарын өрескел бұзған. Тіпті, жиын барысында әкім оларды орындарынан тұрғызып жауап талап етті. Бөлінген қаржының игерілмеуі, ғимараттар тапсырылғаннан кейін көп ұзамай сапасының сыр беруі сынға ұшырағанын облыс басшысы өз мысалында айтып өтті.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жақында маған "Нұр Ақтөбе" тұрғын үй кешені маңында орналасқан балабақша туралы арыз үсті. Ондағы ата-аналар, жұмысшылар желтоқсан айында пайдалануға берілген нысанның төбесінен су ағып тұр дейді. Сонда бұл ғимратты қабылдап алған мемлекеттік комиссия қайда қарап отыр. Осындай қателерді қолға алып, қайталанбайтындай етіп жұмыс істеу керек.

Келелі кеңесте жақында Ақтөбе-Атырау-Астрахань бағытындағы автожолдың құрылыс жұмыстары басталатындығы айтылды. Ал келесі жылы "Батыс өңірінің орталығы" жобасы, яғни Ақтөбе арқылы Арқалық, Астанаға, Ырғыз бен Шалқардан Ақтауға өтетін жолдың құрылысы басталмақ. Сөйтіп, Ақтөбе тоғыз жолдың нағыз торабына айналмақ.

 

Қосылды: 
12.02.2016 - 14:52
Соңғы өзгерiстер: 
02.09.2016 - 15:55