Б. Сапарбаев "Ұлы Қабырға" компаниясының ұжымымен кездесті

Әлемдік дағдарыс жергілікті компаниялардың жұмыс орындарын қысқартып, өндіріс көлемін азайтып, әлеуметтік жауапкершіліктерінен жалтаруға сылтау емес. Ал, инвесторлар Қазақстанның өзге де заңдарымен қатар, мемлекеттік тілін де құрметтеуге міндетті. Бүгін "Ұлы қабырға" қазақ-қытай бұрғылау компаниясы басшылығының есебін тыңдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев инвесторларға осындай талап қойды.

Дағдарыс уақытша қиындық және болашақта етек-жеңімізді жиып, осал тұстарымызды анықтап, қарқынды дамуға сеп болатын сын. Ал, қысылтаяң уақытта жұмыс орындарын қысқартпай, өндірісті өрлетіп, әлеуметтік міндеттерін бұлжытпай орындау - Елбасының тапсырмасы. Президенттің талабын орындау үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қытайлық инвесторлардың алдында мұнай мен газға телмірмей, қосымша кіріс көздерін іздеуді, экономиканың тың салаларына түрен салуды тапсырды. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

"Ұлы қабырға" әу бастан СНПС Ақтөбемұнайгаздың күлшесіне күні қараған компания. Бірақ, ондағы қиыншылықтар жұмысшыларды жаппай қысқартатын деңгейге жеткен жоқ. Қазақстанға кірген 16 жылдың соңғы екі-үш жылында ғана қиындықты сезіндік десе де, инвесторлардың мұнайдың қымбат кезінде миллиардтаған доллар қор жинайтын күйі болды. Алайда, бүгінгі есеп беруінде "Ұлы қабырғаның" бас директоры әлеуметтік салаға бөлген қаржыларының жалпы мөлшерін табан астында ұмытып қалып, есесіне, шығындарын тізбелеп зар иледі.

ЧЖАН ЦЗЮНЬ, "ҰЛЫ ҚАБЫРҒА" ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

2015 жылы біздің жұмыс 60 пайызға қысқарды. Бұрғылау қондырғаларының тек 30 пайызы ғана жұмыс істеді. Бірақ, жалақыны тұрақты беріп тұрдық. Қазір біздің компанияда 1610 адам жұмыс жасайды. Жұмысшылар әлеуметтік көмектен қол үзген жоқ. Жалпы, жұмыстың 60 пайызын бізге Ақтөбмұнайгаз акционерлік қоғамы береді. Алайда, биыл бұрғылауға тапсырыс болмайын деп тұр.

Компания басшысының есебін облыс әкімі бірнеше рет шорт кесті. Алдымен, қазақ тілінен қытай тіліне тікелей аудармашының болмауына байланысты облыс әкімі мемлекеттік тілді құрметтеп, шаңыраққа қарауды ескертті. Екіншіден, Ақтөбемұнайгазға алақан жаймай, 16 жылдың ішіндегі табысты уақытта материалдық-базаны нығайтып, бұрғылаудан өзге кәсіпке де бет бұруға мүмкіндік болғандығын қадап айтты. Сонымен қатар, қара алтынның бағасы қымбат кезде компанияның неліктен несие алғандығын түсіндіруді талап етті.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Қысқартуларға байланысты компанияның кәсіподақ ұйымы да есеп берді. Өйткені, қарапайым бұрғышылардың артында қыруар адам бар. Жұмысшылардың отбасылары табыссыз қалмауы тиіс. Серіктестік алдымен, бір адамды жұмыстан босатса да жергілікті әкімдікпен келісіп, оны нәпақасыз қалдырмаудың жолын іздеуге міндетті. Ал, кәсіподақ ұйымының басшысы қысқартылғандар арасында ақтөбеліктердің аз екендігін айтып ақталды.

БЕКБОЛАТ ОМАРОВ, "ҰЛЫ ҚАБЫРҒА" ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІ КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Бүгінге дейін компаниядан 259 адам қысқартылды. Олардың 50-60 пайызы өзге облыстардың тұрғындары. Біз алдымен сансыз жүргізушілерді қысқартуға тырыстық. Қазір 251 адам еңбекақысы сақталмайтын демалыста.

Қытайлық компания басшылығының есебін мұқият тыңдаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің тапсырмаларын жіпке тізгендей етті. Алдымен, компания басшылығы әлемдік дағдарыс кезінде қол қусырып отырмай, қаржы көздерін іздестіруі тиіс. Екіншіден, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болған күнде әкімдікпен бірлесе мелекеттік бағдарламалар арқылы оларды жұмысқа орналастыруы керек. Салалық бағытын өзгертіп, керек болса қосымша жұмыстар атқару үшін компания жарғысын өзгерту енгізсе де артық емес. Қытайдағы бас кесесінің көмегімен қарыздарынан құтылып, айналымдағы қаржысын көбейтуге тырысуы қажет. Қысқартуларды әкімшіліктен бастап, басшылардың санын азайтуды да ойлауы керек.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Нарықта бәсекелестік болуы керек. Сондықтан, Ақтөбемұнайгаздан қазақстандық компаниялар тапсырыс алса, кемшілікті өздеріңізден іздеңіздер. Біз алдымен, отандық компанияларды қолдаймыз. Өйткені, онда қазақстанның азаматтары еңбек етеді. Қытай да алдымен өзінің компанияларын қолдайды емес пе... Жағдайларыңның нашарлауына девальвация сылтау емес. Дағдарыс Қытайға да әсер етті. Ең негізгісі, Қазақстан қазір долларға тәуелділіктен құтылудың жолын іздестіріп жатыр. Долларды ығыстырған Қытай мемлекетінің экономикасы былтыр алты пайызға өсті.  Біздің де мақсатымыз - сол.  

Облыс әкімі шетелден қара жұмысқа адам алдыруды тоқтату керектігін де ескертті. Ең бастысы, уақытша қиындықтарға мойынсұнбай, тығырықтан шығатын жол табуда білікті қаржыгерлерге артылатын сенім мол. Сөзінің соңында қазақ тілін қысқа уақытта тәп-тәур меңгеріп алатын амеркаиылқтарды мысал еткен облыс әкімі аспан асты елінің өкілдеріне де қазақ тіліне құрметпен қарауды ескертті. Ал наурыз айындағы сайлауға біркісідей қатысу ел азаматтарының борышы мен елдің болашағына сенімінің белгісі.

 

 

 

 

Қосылды: 
28.01.2016 - 15:11
Соңғы өзгерiстер: 
19.09.2016 - 16:39