Е.Біртанов Ақтөбе облысының денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік-жеке серіктестікті жүзеге асыру тәжірибесін жоғары бағалады

Ақтөбеде облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Марат Оспанов атындағы БҚМУ-дің 60 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-практикалық  конференция өтті.

Ірі шара ҚР президентінің «Студенттік баспана» бағдарламасы бойынша ҚР денсаулық сақтау министрлігі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің  қолдауымен салынған кешеннің қабырғасында өтіп жатыр.  Өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен конференция холлына Қазақстанның тұңғыш әйел дәрігері Аққағаз Досжанованың есімі берілген болатын.

Екі күндік конференцияға МҒРА және ҚР ҰҒА академигі Төреғали Шарманов, Қазақстанның медициналық жоғары оқу орындарының басшылары, АҚШ, Швеция, Италия мен Польшадан келген шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері қатысуда.

- Елбасы әлеуметтік саланың дамуына баса назар аударады. Кез келген саланың дамуы мамандарға байланысты. БҚМУ 60 жылдық қызметінің ішінде қазіргі таңда еліміздің түпкір-түпкірінде жұмыс істеп, еліміздің ғылымы мен медицинасына зор үлес қосып жатқан 25 мың маманды  дайындап шығарды,-деп атап өтті конференция қатысушыларын айтулы күндерімен құттықтаған облыс әкімі.  

Оның айтуынша 2016 жылы облыста Батыс өңірінің, сонымен қатар, көршілес аймақтар тұрғындарының тексеруден өтіп, жоғары білікті ем алулары үшін Қазақстандағы тұңғыш медициналық кластер құрылды, өңірдегі трансплантология, кардиохирургия, нейроинсульттік көмек беруді дамыту жобалары белсенді жүзеге асырылуда.

- Ақтөбеде өткен «Туған жер» республикалық форумы аясында 29-дан астам  бірегей жоғары технологиялық операциялар, 63 шеберлік сабақтары өткізілді. Біз университетімізді, оның денсаулық саласының дамуына зор үлес қосып жатқан түлектерін, шетелдермен әріптастігімізіді мақтан тұтамыз.

ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов конференцияға қатысушыларды бейне байланыс арқылы құттықтады.

- Ақтөбе облысы елімізде МЖС жобаларын іске асыру жағынан көш басында тұр. Өңірде офтольмологиялық емхана, жедел медициналық көмек бекеті, қалалық балалар ауруханасы және өзге де маңызды нысандар салынуда. Бұл - өзге өңірлер үшін үлгі. «Денсаулық» денсаулық сақтауды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында біз әлемнің жетекші университеттерімен серіктестікті жолға қоя отыра, медициналық білім беруді жаңғырту шараларын қолға алып жатырмыз,-деді Бердібек Сапарбаевқа осы бағыттағы тиімді жұмыстары үшін алғыс айтқан министр.

Конференцияға қатысушылар білім беру процесін жаңғырту, жоғары білікті мамандарды даярлау, стратегиялық серіктестік сұрақтары бойынша пікірлерімен алмасуға мүмкіндік алды. Конференция шеңберінде Израиль, Ресей, Қырғызстан, Украина мен Литва хирургтарының қатысуымен елуден аса шеберлік сабақтары өткізіліп, операциялар жасалады деп жоспарланып отыр. 

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі