Екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары облыс экономикасына үлес қосуға тиіс

Сондай-ақ, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев екінші дейгейдегі банктердің жергілікті басшыларымен, қаржы институттарының өкілдерімен кездесіп, өңір экономикасының дамуына қатысты жасалатын шараларды талқылады. Жаңа экономикалық саясат жағдайында екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарына жүктелетін міндет екі еселене түскені анық. Сондықтан, әлеуметтік бағыттағы жобаларын жалғастыру маңызды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлттық банктің Ақтөбе облыстық филиалының директоры Перизат Әсімбетова мен халықтық банк филиалының басшысы, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қорының, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жетекшілерінің есептерін тыңдап, бірқатар ескертулері мен ұсыныстарын айтты. Ең басты міндет облыс экономикасының өсімін былтырғы межеден артық орындау. Соңғы екі айдағы жеделдетілген жұмыстарға байланысты жыл соңына дейін өнеркәсіп өнімдерін өндіру және құрылыс саласындағы межеленген шамаға жетуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ, инвестиция тарту мәселесінде де әлі де пысықталатын шаруалар қалған. Облыс әкімі банк басшыларына жеке тұлғалар мен шағын және орта бизнес өкілдерін қаржыландырудағы кедергілерді барынша жоюды міндеттеді. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын несиелендіруде кепілдік мәселесіне түсіністікпен қарау керектігін ескертті. Ең бастысы, бұрын соңды ешқандай банктің бөлімшесі болмаған Ырғыз және Ойыл аудандарына екінші деңгейдегі банктердің бірін жеткізу туралы кәсіпкерлік басқармасына нақты тапсырма берілді. Сонымен қатар, көлеңкелі бизнестің тамырына балта шабу,теңгенің еркін айналымға жіберілуінен туындаған өзгерістерді халыққа кеңінен түсіндіру керектігі айтылды.

 

Қосылды: 
19.11.2015 - 16:35
Соңғы өзгерiстер: 
29.08.2016 - 16:55