Екі ауылға көгілдір отын берілді

You are here

Бүгін Мұғалжар ауданының Ақкемер және Алға ауданының Қарақұдық ауылдарына көгілдір отын беріле бастады. Елді мекен тұрғындары үшін үлкен қуанышқа айналған бұл шараларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Енді екі мың шамалас халқы бар Ақкемер мен Қарақұдықтың сегіз жүзден астам тұрғыны отын тасып, күл шығарған бейнеттен арылды.

Ақкемер жұрты көгілдір отынды Кеңес заманынан аңсап келді. Күре жолдың бойында, теміржолдың іргесінде орналасқанымен, бұрын ауылды газдандыруға мүмкіндіктер мүлдем қарастырылмаған. Енді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ауыл аймақты дамыту жөніндегі тапсырмасының негізінде ақкемерліктер де елдің табиғи байлығының игілігін сезінетін сәт туды. Ауылдықтар үшін ғасырдың басты жаңалығына баланатын қуанышты бөлісуге келген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тайлы-таяғы қалмай жиналған халықты осынау ерекше күнмен құттықтады. Бұл - тәуелсіздіктің, Елбасының сарабдал саясатының жемісі.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

47 шақырымнан тартылған газ құбырының құрылысы екі жылдың көлемінде аяқталып отыр. Бас мердігер - "Влад" серіктестігі бекітілген кестеден ауытқымай, жоспарлы жұмыстарын ұқыптылықпен жүргізген. Қазірдің өзінде 52 үй құжаттарын да, тұрбаларын да ертерек қолға алып, көгілдір отынның игілігін көре бастады. Ауыл басшылығының мәліметінше, жыл соңына дейін тағы екі жүзге жуық шаңырақ күл шығарудан құтылады.

ТАЛҒАТ ӨТЕМҰРАТОВ, АҚКЕМЕР АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ

Салтанатты жиын барысында ауыл ақсақалдары, теміржол саласының еңбеккерлері мен жас мамандардың өкілдері де Ақкемердің қуанышына қатысы бар тұлғаларға алғыстарын айтты. Ал, газдың бұранын ашу рәсімі ауыл ақсақалдарына тапсырылды. Үлкенге құрмет облыс басшысының биыл тоқсан жасқа шығып отырған Шамшырақ әжейдің үйіне барып, құттықтауынан да сезілді. 8 баланы өмірге әкеліп, ұлын - ұяға, қызын қияға қондырып отырған кейуана облыс басшысының бұл ілтипаты мен елге келген қуанышқа балаша шаттанып отыр.

ШАМШЫРАҚ БАБАНОВА, АҚКЕМЕР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақкемер ауылындағы сауда орындарының бірін де аралап шықты. Ондағы халыққа ең қажетті азық-түліктің бағасын біліп, кәсіпкерлерге тауарды негізсіз көтеруге болмайтындығын ескертті. Сонымен қатар, ауылда тұрып нан мен сүтті, жұмыртқаны сатып алудың қисынсыз екендігін атап өтті. Жергілікті мектеп те ресурстық орталық атын иеленіп, жас ғалымдарды тәрбиелеуге талпынған. Бірақ, ғимараты ескі, оқу-әдістемелік құралдарының тозығы жеткен. Оқушылар көжек өсіру мен инукубатордың шағын үлгілерін жасаған. Алайда, Ұлттық бірыңғай тестілеу көрсеткіштері бойынша белортадағы мектеп басшылығына ақылын айтты. Үздік мектептің оқушылары Назарбаев университетінен табылуы тиіс.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жергілікті мәдениет үйінде де облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, Елдің кешегісі мен бүгінгісі, алдағы мақсат-міндеттер туралы аздаған дәріс оқыды. Мағыналы әңгімеге ұйыған жастарға да ағалық ақылын айтты. Ең басты талап, жалқаулық пен масылдықтан арылу.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ақкемердегі қуаныш Алға ауданының Қарақұдық ауылында жалғасты. 17 ұлттың өкілі тұратын шағын елді мекен тұрғындары көгілдір отынды күткелі көп болған. Биыл ғана басталған жұмысты "Ерзат" өндірістік кооперативі қысқа уақытта тәмамдап, елдің алғысына бөленіп отыр. 110 миллион теңге толық игерілді, ауылға газ жетті. Ауылдықтар болса ғасырларға созылған бейнеттен құтылды.

ЗИНАИДА ӨТЕҒҰЛОВА, ҚАРАҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

Көгілдір отынның жетуіне байланысты салтанатты жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген соңғы 24 жылда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен халықтың әл-ауқаты жақсарғандығын атап өтті. Еліміздің ең шалғай ауылдарына дейін жетіп жатқан әлеуметтік саладағы жаңашылдықтар мен қолдау - Президенттің бастамасы.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Тұрғындардың қуанышымен бөліскен облыс әкімі Бердібек Сапрбаев тоғыз жүздей тұрғыны бар ауылдағы жекенің қолына өтіп, қаңырап қалған Мәдениет үйін де көрді. Кезінде одақтың қамбасына миллион тонналап астық құйған ауыл үшін қазіргі тіршілігі келісті емес. Облыс басшысы тез арада мәдениет үйін жөндеп, ил игілігіне пайдалануды тапсырды. Ал, орта мектептің іргесі де сөгіле бастаған.  Бірақ, ұстаздар мен оқушылардың білімге құштарлығы жоғары. Ал, бұрынғы түлектерінің көмегі орасан.

БЕРІК АҚДӘУЛЕТОВ, ҚАРАҚҰДЫҚ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Қарақұдық ауылына жаңа мектеп салынатын күн де алыс емес сияқты. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы аудан басшылығына жаңа ғимараттың құжаттарын рәсімдеп, алдағы жылдары қаржы бөлуге сақадай сай қылуды тапсырды. Облыс әкімі бас сұққан ауылдық фельдешерлік-амбулаториялық бекеттің де тіршілігі қалыпты. Бас дәрігердің есебі түзу, бағыты дұрыс.

Ал, Маржанбұлақ ауылында асыл тұқымды сиыр өсіріп, ойсыл қараның тұқымының әр басынан 16-17 литрден сүт алып, май-қаймағын қала базарларына өткізуді жолға қойған "Русарт" шаруа қожалығының басшылығы өз ісіне сенімді. Сементал тұқымды 50 сиырдың сүті қала базарларында жоғары сұранысқа ие. Малдың жем-шбі, суы мен тұзы алдында тұр. Тіпті, дуалды оқыту жүйесін енгізуге байланысты Ақтөбе ауыл шарушылығы колледжінің оқытушылары мен студенттері де шаруашылыққа қолғабысын тигізіп жатыр.

СЕРІКҚАЛИ ЖАҚЫПОВ, АҚТӨБЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КОЛЛЕДЖІНІҢ МҰҒАЛІМІ

Облыс орталығынан 20 шақырым жердегі Маржанбұлақ ауылында ешкі өсіріп, сүтін нарыққа шығаруды көздеп отырған шаруа да бар. Облыс әкіміне ісінің қыр-сырын айтып, жоспарларымен бөліскен шаруашылық иесінің кәсібіне облыс әкімі оң бағасын берді. Ал, шағын жылыжайда қыс мезгілінде құлпынай өсіруді қолға алған Темірхан Құлбасовтың бизнесі біздің өңір үшін тың бастама. 200 шаршы метр жерде 600 түп құлпынай отырғызған шаруа алғашқы өнімін алып үлгерді. Бірақ, әзірге қыста қызарған жеңсік ас құтты болсын айтқан ағайындардан ауыспай тұр. Алайда, Құлбасовтың жемісін базардан табатын күн де алыс емес.

ТЕМІРХАН ҚҰЛБАСОВ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР

Жалпы, бұл іске жеке кәсіпкер өзінің 12 миллион теңге қаражатын салған. Болашақта жұмыс орындарын да көбейтеді. Негізінен, еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларды өркендету саясатында да осындай кәсіпкерлердің үлесі жоғары. Ал, газ жүргізу, құбыр тарту сияқты күрделі құрылыстарды мемлекет өз күшімен атқарады. Мәселен, 2013 және 2015 жылдар аралығында Ақтөбе облысының 30 елді мекеніне көгілдір отын берілген. Жалпы облыстың 86 пайызы бүгінгі күні газбен толық қамтылып отыр. Ал 2015-2017 жылдар аралығында "ҚазТрансГазАймақ" серіктестігінің есебінен облыстың тағы да 9 елді мекеніне көгілдір отын жеткізілмек. Ақтөбе, Алға, Қандыағаш қалаларында автоматтандырылған газ тарату станциялары салынады, Шалқар қаласының газ желісі жаңғыртылмақ. 

 

Жаңалықтар таспасы