Елбасы мұнай жабдықтарын өндіретін кәсіпорынның әлеуетін жоғары бағалады

You are here

Сондай-ақ, Елбасы өңірге жұмыс сапары аясында Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытында болды. Мұнай өндіру саласына қажетті жабдықтарды шығаратын еліміздегі бірегей зауытта мемлекет басшысы, ірі кәсіпорындардың өнімдері қойылған көрмені көріп, жұмысшылармен кездесті. Президент әлем елдерін қазіргідей жаһандық дағдарыстың салқыны шарпыған кезде жұмыс орындарын сақтап, өнім өндіру көлемін ұлғайтудың маңызы зор екенін атап өтті. Өз кезегінде ақтөбелік кәсіпкерлер  тұрақты, әрі қарқынды дамуға мемлекет тарапынан жасалып жатқан зор мүмкіндіктер үшін Елбасына алғыстарын жеткізді.

Ақтөбе мұнай жабдықтары зауытына келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен, бүкіл елімізге танымал кәсіпорындардың өнімдері қойылған көрмені көрді. Өндіріс орындарының басшылары, өздерінде шығарылатын жаңа өнім түрлері туралы айтып берді. Арасында, тек ішкі нарықта ғана емес, шетелдерге де жоғары сапалылығымен танымал бұйымдар да бар.   

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты мұнай өндіруге қажетті сорғылау штангілері мен тұрбалар шығаратын еліміздегі жалғыз кәсіпорын. Зауыт  мұнай саласына маманданған көптеген ірі компаниялардың сұранысын қанағаттандырып отыр. Кәсіпорын басшылығының мәлімдеуінше, бүгінде ішкі нарықтың 80 пайызы осы зауытта шығарылған өнімдермен қамтылуда. Енді биыл жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, өнім өндіру қуатын арттыру көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде, мұнай саласына қажетті жабдықтардың  түрін көбейтуге де мүмкіндік бермек. Қазірдің өзінде, шетелдерден сұраныс түсуде.     

ГАСАЛ МУСИН, "АҚТӨБЕ МҰНАЙ ЖАБДЫҚТАРЫ ЗАУЫТЫ" АҚ БАС ДИРЕКТОРЫ

Біз экспортқа өнім шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жөнінде Елбасы Жолдауында да айтылған болатын. Өткен жылы өзімізде өндірілетін өнімнің төрт түрі де халықаралық стандарт сапасын иеленді. Бұл бізге әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік беріп отыр. Қазірдің өзінде, Иран, Әзірбайжан және Түркіменстан елдерінен сұраныс бар. Алда уақытта осы бағытта да жұмыс істейтін боламыз. 

Елбасының кездесуі зауыт жұмысшылары үшін үлкен әсер қалдырды. Мемлекет басшысы, кәсіпорындағы жұмыс, еңбек өнімділігі туралы сұрап, білді. Сондай ел бойынша осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып өтті. Әсіресе, қазіргідей қысылтаяң кезеңде жұмыс орындарын сақтап, өндірісті дамытуға біздің елде зор мүмкіндіктің барын айтты.   

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Әлемдік экономика дағдарыстан әлі арыла қойған жоқ. Осы ретте, кейбір өндіріс орындары жаңа технологиялар, инновациялар енгізу арқылы шығуды көздейді. Бұл кезеңнен өту үшін Қазақстанның зор мүмкіндігі бар. Көптеген жұмыс орындарын құрып, келеміз. Бұның барлығы қарапайым халық үшін жасалуда.  

Елбасы, қоғамда еңбек адамдарын құрметтеу, олардың мәртебесін өсіріп, дәріптеу қажеттігін де айттып өтті. Өз кезегінде зауыт жұмысшылары да, елімізде жасалып жатқан игі істер үшін мемлекет басшысына алғыстарын жеткізді.

ЖҮСІП ӘБДІКЕМАЛОВ, АҚТӨБЕ МҰНАЙ ЖАБДЫҚТАРЫ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖҰМЫСШЫСЫ

Ал, ақтөбелік кәсіпкерлер өнім өндіру және қолға алған жаңа жобаларын айтып өтті. Сондай-ақ, Президенттің кәсіпкерлік саласын дамытуға бағытталған саясатына алғыс айтып, кез-келген істе, соның ішінде мемлекет пен жеке кәсіпкерлік серіктестігіне әрдайым қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

АНАТОЛИЙ СИМОНОВ, "СТРОЙДЕТАЛЬ" ЖШС ДИРЕКТОРЫ

Біз жұмысымызды сәтті жалғастырып келеміз. Жұмыс орындарын сақтап, жаңа технологияларды енгізудеміз. Жұмысшылар алдындағы әлеуметтік жауапкершілікті орындау да басты назарда. Біздің кәсіпорнымыз - "Нұрлы жол" бағдарламасының іске асуына өз үлесін қосып келеді. Кәсіпкерліктің дамуына қолдау көрсетіп келе жатқаныңызға алғысымызды білдіреміз. 

 

 

Қосылды: 
10.03.2016 - 09:59
Соңғы өзгерiстер: 
06.09.2016 - 11:27

Жаңалықтар таспасы