Жамбылдық ауылшаруашылық өндірушілер Ақтөбеде 200 тоннаға жуық өнімді жүзеге асыруды жоспарлап отыр

Ақтөбеде Елбасының өңіраралық кооперацияны дамыту тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының күндері өтуде

2016 жылдың қорытындысы бойынша екі облыс арасындағыв тауарайналым 639,7 млн. теңгені құрады. Ағымдағы жылы осындай ірі іс-шараларды ұйымдастырудың есебінен сөзсіз екі есе өсетін болады. Екі күннің ішінде «Қоныс» спорт сарайының алаңында 140-тан астам ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер мен өндіруші кәсіпорындар 177 тонна өнімді жүзеге асыратын жәрмеңке өтеді.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев жәрмеңкені аралап, меймандардың ұсынған өнімдерін қарап шықты.

Жамбылдық тауар өнімдерін өндірушілер 23 тонна ет, 10 тонна шұжық өнімін, 13 тонна сүт өнімдерін, 5 мың жұмыртқа, 1,5 тонна кондитер өнімі мен 6 тонна макарон, 10 тонна шекер, 7 тонна балық, 2 тонна бал мен 80 тонна жеміс-жидек, көкөністі жүзеге асыруға ниетті. Баға жергілікті базарлардан 10-20 % арзан болмақ.

Сонымен қатар, мал бордақылау алаңдарында ақтөбеліктерге 3 тонна қой мен 3 тонна сиыр еті ұсынылады.

Жамбыл облысының шығармашылық ұжымы қала тұрғындары үшін мерекелік концерт ұйымдастырды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі