Жергілікті полиция қызметінің басшысы тағайындалды

Еліміз бойынша бірінші қаңтардан бастап жергілікті полиция қызметі жұмысына кіріседі. Бүгін жаңа құрылымның Ақтөбе облысындағы басшысы тағайындалды. Жергілікті полиция құрамына енген 1000-нан астам тәртіп сақшысы ел тыныштығын бақылауды күшейтпек. Бұл туралы облыстық мәслихаттың кезекті отыз сегізінші сессиясында белгілі болды. Сессия жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, басқармалар мен департаменттердің басшылары және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Елбасы елге үндеген 100 нақты қадамының 30-шы қадамында құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейту үшін жергілікті полиция қызметін құруды тапсырды. Мәжіліс пен сенат мақұлдаған заң жобасына Президент желтоқсанның үші күні қол қойды. Бұл құжаттың негізгі тұстарын ішкі істер министрінің орынбасары Берік Бисенқұлов Ақтөбеге арнайы жұмыс сапарымен келгенінде анықтап айтып берген болатын. Бүгін жаңа құрылымның басшысы лауазымына ұсынылған полиция полковнигі Қанат Қалиевтің кандидатурасын депутаттар бір ауыздан қолдады. 

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Сессия барысында облыстық ішкі істер органдарының жергілікті полиция қызметінің негізгі міндеттері мен құзіреті, құрылым қызметкерлерін лауазымға тағайындау және одан босату тәртібі, қаржыландыру мәселесі туралы толық айтылды. Жаңа құрылым басшысы депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

ҚАНАТ ҚАЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ІШКІ ІСТЕР ОРГАНДАРЫ ЖЕРГІЛІКТІ ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ

Құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыстық істердің сотқа дейінгі тексеруін жүргізу сияқты жергілікті полиция қызметінің белгіленген негізгі міндеттері бар.  Қазір жаңа құрылымның құрамында облыстан іріктеліп алынған 1200 тәртіп сақшысы бар.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жергілікті полиция қызметінің құрамына барлық құқық қорғау органдарының өкілдері кіреді. Олардың қатарында жол қауіпсіздігін қадағалаушылар мен  қоршаған ортаны қорғау органдарының қызметкерлері де бар. Жаңа құрылымның жұмысы 2016 жылдың бірінші қаңтарынан басталады. Райгүл Еншібайқызы, Айнадин Молдабеков, Қазақстан Ақтөбе

 

Қосылды: 
29.12.2015 - 14:37
Соңғы өзгерiстер: 
01.09.2016 - 10:58