Жиырма елден келген 400-ден аса адам “Aktobe Invest-2017” форумына қатысады

12 қазан, бейсенбі күні Ақтөбеде “Aktobe Invest-2017” V халықаралық инфестициялық форумы басталады. Екі күндік форумның басты тақырыбы - «ЭКСПО-2017: өңірлердің даму импульсі».

Форумның негізгі пленарлық отырысы кезінде ЭКСПО-2017 көрмесінде өңірдің экономикасын дамыту үшін ұсынылған жаңа технологияларды пайдалану сұрақтары талқыланатын болады.

Белгілі болғандай, Ақтөбе облысы - ЭКСПО-2017 инновациясын енгізу жағынан өңірлер арасында көш басында тұрғандардың бірі. 25 ақтөбелік кәсіпорында азық-түлік бағасын төмендетуге, еңбек өндірісін арттыруға, сонымен қатар, облыстың экологиялық жағдайын жақсартуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар енгізіліп жатыр.

Форумның негізгі пленарлық отырысының модераторы «Атамекен» ҚР ҰКП комитетінің төрағасы Мұра Әбенов болмақ.

Форумға барлығы жиырма елден келген 400-ден аса адам қатысады. Олардың арасында ҚР үкіметінің, салалық министрліктердің, облыс әкімдіктерінің, квазимемлекеттік сектордың, қазақстандық, халықаралық қаржы институттарының өкілдері, отандық және шетелдік бизнестің топ-менеджерлері де жоқ емес.

Ақтөбе облысының сыртқы байланыстар және туризм басқармасының бастығы Ермек Кенжеханұлының айтуынша, форумның алғашқы қатысушылары Ақтөбе қаласына келіп үлгерді. Олардың қатарында Әзірбайжанның Қазақстандағы бас консулы, Македония елшісі, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің экономикалық кеңесшісі, қаржы институттарының, отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері бар.

Сонымен қатар «Алтын Қыран» компаниялар тобының бас директоры әрі құрылтайшысы, Global Oil Investment Group компаниялар тобының вице-президенті, «ВЕК» КТ (РФ) бас директоры, «MитМитМит» ЖШҚ (РФ) құрылтайшысы, «Al Qudra Holding» шетелдік компаниясының өкілдері, «Аль Масуд», «John Brown Engineering», SINOPEC компаниясының тобы келеді деп күтілуде.

Бұдан басқа, форумға Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов пен Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, Орынбор, Орск және өзге де қалалардың басшыларының қатысуы жоспарланып отыр.

Форум аясында жалпы құны 200 млрд. теңге болатын 11 меморандумға қол қойылады деп күтілуде. Олардың қатарында Ақтөбе және Қостанай облыстары арасындағы өңіраралық серіктестік пен өнеркәсіптік кооперация,  желдік генератор шығаратын зауыттың құрылысы, фармацевтика өндірісін кеңейту жобасы, техникалық селитра мен кармабид  өндіретін зауыттың құрылысы туралы меморандумдар, мұнай-газ жабдықтарының кластерін құру, күйе өндіретін (сажа) зауыттың құрылысы туралы меморандум және тағы басқалар бар.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі