Жыл басынан бері 19 мыңнан астам ақтөбелік жұмыспен белсенді түрде қамтылды

Ақтөбе облысында жұмыссыздар мен өзін өзі өнімсіз жұмыспен қамтығандарды нәтижелі жұмысқа тартудың ауқымды жұмысы жалғасуда. Кешенді жоспарға сәйкес жыл басынан бері 19 мыңнан астам адамға жұмысқа орналасу үшін қолдау көрсетілді.

Бұл туралы 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кеңес барысында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров мәлімдеді. Ол бағдарламаны іске асыруға облыстың биылғы жылы 7,4 млрд. теңге бөлетінін атап өтті. Аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде еңбек нарығында неғұрлым сұранысқа ие мамандықтарға қысқа мерзімді оқыту курстарына 1 913 адам жіберілді. Олардың 564-і оқуын аяқтап, жұмыс тапты. Осы жылдың алты айында жұмыспен қамту органдарының көмегімен 16 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты.

- Елбасының негізгі тапсырмаларының бірі - халықты нәтижелі жұмыспен қамту. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда аймақтағы жұмыссыздық былтырғыдай 4,8% деңгейінде қалып отыр. Жаңа жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажет. Сонымен қатар, тұрақты жұмыс орындарын құруға ерекше назар аудару керек, - деді облыс әкімі.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап 1085 адам техникалық және кәсіптік орта білім алуға кіріседі. Облыс әкімі колледжге тегін білім алатындарды қабылдау кезінде арнайы орта және жоғары білім беру орындарына түсе алмаған 9-11 сынып түлектері мен аз қамтылған отбасылардың мүшелеріне басымдық берілу керектігін атап өтті.

Бағдарламаның екінші бағыты жаппай кәсіпкерлікті дамытуды, атап айтқанда, білім беру, шағын несие беру түрінде қолдау көрсету және жобалар бойынша кепілдіктер ұсынуды қарастырады. Жыл басынан бері 797 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік шеберлігіне оқытылды. Олардың 182-сі ( соның ішінде 170-і ауыл тұрғындары) өз жобаларын табысты қорғап шығып, жалпы сомасы 806 млн теңгеге шағын несиелер алды. 18 азаматқа жалпы сомасы 40 млн. теңгеге инновациялық бизнес-жобаларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар берілді. Жиын аясында сондай-ақ, «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасының жүзеге асырылу барысы қаралды. Биыл оны жүзеге асыруға өңірде 1,7 млрд. теңге бөлінеді. Соның ішінде шағын және орта бизнестің 223 субъектісіне қолдау көрсету жоспарланған.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі