Корей кәсіпкерлері Ақтөбе облысына инвестиция салуға ниет білдіріп отыр

You are here

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жұмыс сапарымен Оңтүстік Кореяға барды. Өткен жылы Ақтөбе өңірі мен Оңтүстік Корея арасындағы тауар айналымы 92,3 миллион АҚШ долларын құраған. Облыс аумағында кореялық капиталдың қатысуымен 10 кәсіпорын тіркелген. Олардың қатарында "LG International" және мұнай өндірумен айналысатын «Ада Ойл» фирмасы, «Алтиес Петролеум» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Қалған кәсіпорындар шағын кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайды. Оңтүстік Кореяға келген алғашқы күні өңір басшысы жергілікті ұлттық мұнай корпорациясының басшылығымен кездесті. Оның ішінде, 1979 жылдан бері мұнайды  барлау және өндірумен, оны стратегиялық түрде сақтаумен және ел ішінде таратумен айналысып келе жатқан "Kнок" мемлекеттік компаниясы бар. Бүгінде "Кнок" компаниясы әлемнің 21 елінде өз жобасын жүзеге асыруда. Бердібек Сапарбаев "Кнок" президенті Джанг Раэ Ким мырзаменкездесуінде «Алтиес Петролеум Интернэшнл» және «Ада Ойл» фирмасының мұнай өңдеу деңгейін төмендетпеуі және жұмыс орындарын қысқартпаулары бойынша шаралар қолдануын сұрады. Одан кейін облыс әкімі ҚР елшілігінің қызметкерлерімен бірлесе отырып, осы елдегі 50 компанияның басшыларымен де кездесті. Өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылып, Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Корея арасындағы серіктестікті кеңейту мүмкіндіктері туралы айтылды. Кездесу барысында ірі кәсіпкерлердің  бірқатары болашағы бар жобаларға инвестиция салуға қызығушылықтарын білдірді. Облыс әкімі оларды 28-29 қыркүйекте Ақтөбеде өтетін халықаралық инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Сондай-ақ, Сеулде Корея бизнесмендерімен Ақтөбе облысы және Оңтүстік Корея арасындағы ынтымақтастық бойынша үш меморандумға қол қойылды. Құжаттар мұнай-газ, тау-кен металлургиясы, медицина және медицина өнеркәсібі салаларында жаңа бірлескен жобалардың басталуына жол ашады. Ал Чунчонпук-до провинциясында облыс әкімі провинцияның губернаторымен келіссөздер жүргізді. Екі жақ инновациялық жобаларды жүзеге асыру бойынша ұсыныстарымен бөлісті.  Сондай-ақ, бердібек сапарбаев "Кангнам Северанс" емханасымен тығыз байланыс орнатылғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық, іскерлік және мәдени қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін ынтымақтастық құруды ұсынды.

 

Жаңалықтар таспасы