Литва Республикасының құрметті консулдығы ашылды

You are here

Ақтөбеде Литва Республикасының құрметті консулдығы ашылды. Салтанатты шара алдында шетелдік меймандарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қабылдады. Екі жақ басшылары елдер арасындағы әріптестік байланысты одан әрі нығайту үшін ұсыныстарын білдірді.

Облыс басшысы литвалықтарға алдымен өңірдің әлеуметтік дамуы мен экономикалық қарқынын таныстырды. Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде инвесторларға жасалған жағдайды айтты. Әсіресе шет елдік инвесторларға көзқарас ерекше. Бұл елдер арасындағы тауар айналымын кеңейтіп, келісілген инвестжобалардың көбеюіне себеп. Сондай-ақ облыс басшысы Литва республикасының өкілдерін білім және денсаулық саласында бірігіп жұмыс жасауға шақырды.  Қазақстан және Литва арасындағы байланыстың бұрыннан бар екенін атап өтті.  

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Екі ел арасындағы әріптестікті тек экономикада ғана емес, мәдениет, спорт, білім және денсаулық салаларында да дамыту қажет. Біздің облыстың мүмкіндіктері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сіздерге жақсы таныс деп ойлаймын. Соңғы кездерде өңірде ауыл шаруашылық саласына жақсы көңіл бөлінген. Және біздің аймақта көптеген шет мемлекеттердің өкілдері жұмыс жасайды.

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың ұсынысын шетелдіктер бірден жылы қабылдады. Меймандарды аграрлық сектордың дамуы, атап айтқанда ет өңдеу жұмыстары қызықтырды. Литвалықтар бірлесіп, біздің өңірде медициналық кластер құруға және мамандар дайындауға да дайын екендіктерін жетткізді. 

МАНТВИДАС  БЕКЯШЮС, ЛИТВА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ СЫРТҚЫ ІСТЕР ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Бірігіп жұмыс жасауға біз дайынбыз. Өзіңіз  айтып отырған медицина саласындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік зор. Біздегі ең мықты медицина университеттерінде оқитын студенттердің басым көпшілігі қазақстаннан. Сондықтан болашақта осы салада класстер құруға дайынбыз. 

Кездесуден кейін Литва республикасынан келген қонақтар құрметті консулдықтың ашылу салтанатына қатысты. Литва республикасының Ақтөбедегі құрметті консулы болып Орынбасар Мусин тағайындалды.

ОРЫНБАСАР МУСИН, ЛИТВА РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АҚТӨБЕДЕГІ ҚҰРМЕТТІ КОНСУЛЫ

Литва республикасының сыртқы істер вице министрі маған үлкен сенім артып, мені құрметті консул етіп тағайындады. Кездесуде айтылғандай екі ел арасында бірнеше ұсыныс жасалды. Егер осы аталған салаларда жұмыс жасайтын болсақ, ынтымақтастық кездесуден жақсы нәтиже болад деп ойлаймын. 

Литва Республикасы сыртқы істер вице-министрінің айтуынша, қазір Ақтөбеде визалық орталық ашу туралы сұрақ та қаралып жатыр. Егер бұл шешілетін болса, онда тұрғындар Шенген визасын алысқа бармай-ақ облыс орталығынан алатын болады.

Жаңалықтар таспасы