Македония және Түркиямен ынтымақтастық өрістей түспекші

You are here

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Македония республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Илия Псалтировпен және Түрік Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі агенттігінің өкілі Әли Ихсан Чагларменмен кездесті.

Кездесу барысында Бердібек Сапарбаев өңірдің кәсіпкерлік және инвестициялық әлеуеті туралы хабардар етті. Екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары басты әңгіме өзегіне айналды.

Елші Илия Псалтировпен арада облыстың Македониямен өзара экономикалық мәдени байланыстарын одан әрі дамыту мәселелері қозғалды. Екі жақ пікірі өнеркәсіп, оның ішінде азық-түлік, фармацевтика және медицина, туризм саласында, сондай-ақ инвестициялық ынтымақтастық және мәдени байланыстарды нығайту мәселесінде перспективалар бар екендігіне тоғысты.

— Біздің облысымыз — еліміздегі бизнесті ашу және жүргізу үшін барлық жағдайлар жасалған перспективалы өңірлердің бірі. Біз Македонияның әлеуетті инвесторлары мен бизнес қауымдастығы өкілдері үшін тартымды болатын бірқатар жобаларды ұсынуға әзірміз. Сіздің бұл сапарыңыз біздердің іскерлік және мәдени байланыстарымыздың одан әрі дамып, кеңеюіне жағдай жасайды деп сенемін,— деді елшіге арнаған сөзінде Бердібек Сапарбаев.

Македония республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі өз кезегінде ынтымақтастықты ұлғайту үшін елдер арасындағы визалық режимді оңтайландыру туралы бірқатар мәселелерді шешу қажеттігін алға тартып, Македония мен Ақтөбе облысы арасындағы байланыстарды дамыту бағытында барлық күш-жігерін жұмсауға әзір екендігін білдірді.

Бұдан кейін облыс әкімінің Түрік Республикасы Үкіметі жанындағы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі агенттігінің өкілі Әли Ихсан Чагларменмен кездесуі өтті.

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі агенттігінің филиалдары қазіргі уақытта әлемнің 54 елінде ашылған. Облыс әкімі қонақты өңірдің бәсекеге қабілетті басымдықтарымен және инвесторларға жасалатын артықшылықтармен таныстырды.

- Түркия — Ақтөбе үшін де, тұтастай алғанда Қазақстан үшін де басымдықтағы инвестициялық әріптестердің бірі. Біздің облысымыздың аумағында біраз бірлескен кәсіпорындар жұмыс істейді. Өткен жылдың қаңтар айында «Hemogens Health Care» түрік компаниясымен Ақтөбеде жедел медициналық жәрдем стансасының құрылысы туралы келісім-шартқа қол қойылды. Келісім-шарт аясында 2016 жылы толығымен жарақтандырылған 16 реанимобиль жеткізілді, 2017 жылы тағы да 34-і әкелінеді. Егер басқа да түрік инвесторлары біздің өңірде жұмыс істеуге шешім қабылдайтын болса, біз өз тарапымыздан барлық қолдауды жасаймыз, деді Бердібек Сапарбаев.

Әли Ихсан Чаглармен біздің аймақта шағын және орта бизнесті, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту, кәсіби және техникалық білім беру саласында қызметкерлердің біліктілігін көтеру бойынша жобаларды бірігіп жүзеге асыруға Түрік ынтымақтастық және үйлестіру жөніндегі агенттігінің дайын екендігін атап көрсетті.

Кездесу қорытындысы бойынша одан әрі ынтымақтастық үшін ұсыныстарды бірігіп әзірлеу туралы келісімге қол жеткізілді.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Жаңалықтар таспасы