Мақсат-елбасының мәңгілік ел идеясын насихаттау

You are here

Бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Ақтөбеге Елбасының "Мәңгілік ел" идясын халыққа түсіндіруі мақсатында келген парламент мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахманов Хромтау ауданына барды. Жұмыс сапары аясында әлеуметтік және өндіріс орындарын аралап, мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті. Толығырақ тілшіміз Серік Әбдібек айтып береді.

Тәулігіне 600-700 адам баратын сауықтыру кешенінде жұмыстан тыс уақытта Дөң тау кен байыту комбинатының жұмысшылары мен олардың бала-шағасы тегін жаттығады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов орталықты толық аралап шықты. Спорттың бірнеше түріне арналған залдарды көрді, жаттықтырушылармен тілдесті. Мәселен, орталықтың заманауи бассейнінде шынығатын жүзгіштер арасынан ел чемпиондары шықты. Облыс әкімі әңгіме арасында депутатқа жуырда Ақтөбеде гір спортынан әлем чемпионаты өтетіндігін айтып қалды.

Хромтау тау кен техникалық колледжінің де тыныс тіршілігі тау кен комбинатымен тығыз байланысты.  Түлектердің 96 пайызы қолдарына дипломын алған соң, жұмыс іздеп сабылмайды. Дуалды оқыту арқылы нағыз қат мамандарды даярлайтын оқу орнының материалдық-техникалық күйіне қонақтар жоғары баға берді. Бердібек Сапарбаев пен Сауытбек Әбдірахманов жер асты шахтасы іспеттес оқу бөлмесіне де көрді. Тас түнек қараңғылықта ауыр техникаларды басқарып, кен өндіретін шахтерлердің тіршілігін сезінді.

Елімізде моноқалалар тізіміне кірген Хромтаудың әлеуметтік-экономикалық тірегі - тау кен байыту комбинаты екендігі анық. Енді кәсіпорын баспана тауқыметін сезінген жұмысшылары үшін 120 пәтерлік екі үйдің құрылысын бастап кеткен. Бірінің үшінші қабатына дейін қаланған, екіншісінің құрылысы бүгін ертең басталады. Комбинат пәтерлерді Қазақстанның ипотекалық компаниясы арқылы өз жұмысшыларына 7 пайыздық өсіммен 20 жылға несиеге береді. Соның өзінде үй кезегіндегі 800 адамның ішінде нағыз мұқтаждарға басымдық беріледі.

МАРАЛ БЕКЕЕВ, ДӨҢ ТАУ-КЕН БАЙЫТУ КОМБИНАТЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

НҰРЛАНБЕК ЕРМАХАНОВ, ДӨҢ ТАУ-КЕН БАЙЫТУ КОМБИНАТЫ ҚҰРЫЛЫС ЖӘНЕ ЖӨНДЕУ ЦЕХЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Құрылысқа қажетті материалдардың ішінде төбенің жабындық плитасынан өзге материалдарды Қазхром трансұлттық компаниясының өзі шығырады. Жұмыс күші де меншікті болғандықтан, дайын пәтерлердің өзіндік құны шаршы метріне 120 мың теңгеден бағаланған. Кәсіпорын болашақта тұрғын үйлер құрылысын еселеуді көздегенімен, Хромтауда жер тапшы. Бұл қиындықты естіген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сол бойда аудан әкіміне тапсырма берді.

Қонақтар Хромтауды елге танытқан керпіш зауытына да барды. Күйдірілген қызыл кірпішке бүгінде еліміздің әр аумағында сұраныс жоғары. Бердібек Сапарбаев пен Сауытбек Әбдірахманов өндіріс желісін көрді, жоспарларын білді, шикізат көзі мен дайын өнімнің сатылу жолдары туралы сұрады. Ал, Хромтаудағы негізгі жиын Мәдениет үйінде өтті. Мәңгілік ел идесын халыққа түсіндіру үшін аймақтарға шыққан депутаттар жұртшылықпен кездесуді мақсат тұтқан. Жалпы, мәжілістің регламенті бойынша депутаттар үш ай сайын ауыл ауылды аралауға міндеттелген. Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашты.Облыс әкімінің айтуынша, Хромтау ауданына Нұрлы жол бағдарламасы бойынша 390 миллион теңге бөлінген. Ол қаржы игерілсе, қаражат тағы еселенеді.

Облыс әкімі аймақтағы қоғамдық саяси жағдай тұрақты екендігін, іргелі кәсіпорындардың жұмысшылар санын қысқартпай, есесіне тау кен комбинаты жаңа жылдан бастап жалақыға үстеме қосқандығын ерекше айтып өтті. Ал, Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов Мәңгілік ел идеясының жеті негізгі тұғырларын атап көрсетті.

САУЫТБЕК ӘБДІРАХМАНОВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Облыс әкімі мен мәжіліс депутатына сауал беруге мүмкіндік алған тұрғындар тұрмыстық мәселелерімен қатар, ел ішінде соңғы күндері түсінбестік тудырған жер кодексіне қатысты мәселелерді көтерді. Мәселен, 12 түтіні қалған, түгін тартсаң майы шығатын шұрайлы жері бар Ойсылқара ауылынан арнайы келген зейнеткер ауылдың болашағына алаңдаушылығын айтты. Мектеп жабылған, шаруашылықтарға берілген үлестің есебінен жайылым да тарылған.

Зейнеткердің сауалына байланысты облыс әкімі облыстық жер қатынастары басқармасының басшысына сол бойда Ойлсылқара ауылына барып, мәселені бақылауға алуды тапсырды. Ал, жергілікті жастардың бірі жер кодексіндегі өзгерістерге байланысты өзін толғантқан сауалын берді.

Жер мәселесіне байланысты облыс әкімінің айтуынша, облыс аумағында ауыл шаруашылығына арналған 25 миллион гектар жер бар. Олардың ішінде 14 миллион гектар жер пайдаланылмай жатыр. Ал, оларды ел игілігіне жарату бүгінгі буынның алдындағы міндет. Ал, шетелдіктерге қазақ жерінен ұлтарақтай болса да жер сатылмайды.

Мәжіліс депутаты аймақтардағы атқарушы органдардың жер кодексіндегі өзгерістерді түсіндірудегі сылбырлықтарына сын айтты. Бұл уәжді толық қолдаған облыс әкімі кез келген түйіткілді мәселенің келіссөздер арқылы шешу керек деді. 

 

Қосылды: 
05.05.2016 - 11:36
Соңғы өзгерiстер: 
16.09.2016 - 15:43

Жаңалықтар таспасы