Мемлекеттік бағдарламаларды пайдалану арқылы ауыл шаруашылығын дамыту керек

Все рабочие поездки акима
Сәрсенбі, 13 Шiлде, 2016

Ауыл шаруашылығын дамыту мәселесі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың Байғанин ауданына жасаған жұмыс сапары барысында да кеңінен айтылды. Ол ауданның биылғы жарты жылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалу барысымен танысты. Сапар барысында аймақ басшысы бірқатар елді мекендерді аралап, жергілікті халықпен кездесті. Республикалық маңызы бар жолдың құрылысын, суармалы егістікті көрді. 

Облыс әкімінің суармалы алқаптарды арттыру туралы аудан басшыларына берген тапсырмасы бар. Байғанин ауданында бұл жұмысты көру үшін Бердібек Сапарбаев Қарауылкелді селосынан сегіз шақырым жердегі су тоғанына барды. Қарауылкелді ауылдық округінің әкімі Ерназар Қалиевтің айтуынша, қазір мұндағы бөгетте 3 мың текше метр су жиналған. Бүгінде жергілікті тұрғындар бөгет суын мал суаруға және егістікке пайдаланып жатыр. Өйткені, биыл осы бөгеттің маңынан жыртылған 4 гектар жерге тұрғындар картоп егіпті. 

Ал шалғай аудан үшін жолдың жайы бірбасқа. Байғанин ауданы территориясын республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау» автомобиль жолының 205-330 шақырымы кесіп өтеді. Биыл «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Ақтөбе-Астрахань» тас жолының 220-236 шақырымдарын қайта жаңарту жұмыстарына 1,2 млрд теңге бөлініп, жол құрылысы сәуір айында басталды. Жобаның жалпы құны - 3,6 млрд теңге. Ауданға жасаған сапары кезінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аталған жол учаскесіне жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Биыл осы жылдың Қарауылкелді селосына дейінгі 17 шақырымы салынбақ. Бүгінгі күні жол бойында жұмыс жасап жатқан 128 адамның 70-тен астамы - жергілікті тұрғындар. Жол құрылысына пайдаланылып жатқан битумнан басқа материалдардың барлығы - Ақтөбенің өнімдері. Жолшылар битумды Ақтаудан жеткізуде. Жол құрылысына 71 арнайы техника жұмылдырылыпты.

Бердібек Сапарбаев құрылысты жүргізуші мердігер компания басшыларына жол сапасына айрықша мән беру керектігін ескертті. Сондай-ақ, жол құрылысында карьерді пайдалануда ешқандай проблема болмайтынын айтты. Ауқымды құрылыс алаңы басталған тұстағы қазылған жерге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен капсула қойылды.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Байғанин ауданына жұмыс сапары кезінде ауылдардағы бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты, жергілікті халықпен кездесті. Алтай батыр елді мекенінде өңір басшысы дәрігерлік амбулатория, орта мектеп және балабақша мен ауыл  клубының жағдайымен танысты. Қопа ауылдық округінің орталығы - Ебейті ауылындағы Қопа орта мектебінің ғимаратын аралап, материалдық-техникалық жабдықталуын қадағалады. Ауылдықтардың көкейінде жүрген ауызсу, жол мәселесі, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламаларға  қол жеткізу, шағын несие алу, кооперация заңы туралы сауалдарға жауап берді. Бұл орайда облыс әкімі ұсақ шаруашылықтар іріленуі, бірігіп жұмыс істеуі керек деді.

Аймақ басшысы Қарауылкелді ауылында да бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, шаруа қожалықтары басшыларымен жүздесті. Ауылда мал басын асылдандырып, құс өсіріп отырған шаруашылықтардың ішінде "Алпамыс" қожалығы "Туған жерге тағзым" акциясының аясында құрылған. Қожалық иесі Жақсылық Айжанұлы зейнет демалысына шыққан соң, туған ауылына келіп, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алғанын айтты.

Сапар барысында Бердібек Машбекұлының қатысуымен аудан активі өтті.  Актив жиынына мемлекеттік қызмектерлер мен кәсіпкерлер, ауыл тұрғындары қатысты. Облыс әкімі Байғанин ауданының жарты жылда атқарған жұмыс нәтижелеріне тоқталды. 

Сондай-ақ, активте облыс әкімі мемлекеттік бағдарламалардың көмегімен беріліп жатқан несиелерді толығымен пайдалану қажеттігіне тоқталды. Бүгінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше қолдау болғанмен,  өткен алты айдың қорытындысы бойынша Байғанин ауданында бар болғаны 21 адам несие алып, кәсіп ашқан. Бұл аз деді өңір басшысы.

Активте облыс әкімі жергілікті биліктегілерге аймақта мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту, кооперация құру, жеке меншік үй салу үшін инженерлік жүйелерді өткізу, суармалы жерді кеңейту, мал басын көбейту, көгалдандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлу керектігін айтты. Аудан басшылығы тұрғындар арасында мемлекеттік бағдарламалардың игілігін қалай көруге болатынын айтып түсіндірулері керек. Бұл - ең негізгі тапсырма.