Мемлекеттік бағдарлама аясында 13 жоба іске қосылады

You are here

Биыл Ақтөбе облысында мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында 13 жоба пайдалануға беріледі. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен Ақтөбе облыстық әкімдігінде өткен жұмыс отырысында талқыланды. Биыл алғашқы жартыжылдықта қуаттылығы жылына 100 мың тоннадан асатын мұнай өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Енді жыл соңына дейін іске қосылатын жобалар қатарында жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салатын құрылыс комбинаты бар.

Бұл өз кезегінде болашақта импорт материалдарды ығыстыру есебінен баспана бағасын төмендетуге мүмкіндік береді. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Ақтөбе қаласы, Мұғалжар, Алға және Хромтау аудандарының кәсіпкерлері белсенді болғанымен, Ырғыз, Ойыл және Қобда аудандарында бұл жұмыс кенжелеп қалған. Облыс басшысы жаңадан тағайындалған аудандардың әкімдеріне бұл мәселеге көңіл бөлуді тапсырды. Ол саны көп, сапасы жоқ өндірістерден арылуды, яғни индустриаландыру картасына ұсынылатын жобаларды іріктеуді міндеттеді.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Бұл мәселеге барлық жауапкершілікпен қарау керек. Он емес, бес жоба болса да болашақта өңір экономикасының дамуына оң әсер ететін, облыс тұрғындарын тұрақты түрде жұмыспен қамтамасыз ететін тиімді инвестициялық жоба болулары керек.

Қазір облыстың Кәсіпкерлікті қолдау  картасына 13 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 94 жоба еніп отыр. Жалпы, 16 жылда индустриаландыру бағдарламасы аясында 79 жоба іске қосылған. 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Кеңес қорытындысында Бердібек Сапарбаев Мемлекет басшысының кәсіпорындар қуаттылығын 100 пайызға жеткізуге қатысты тапсырмаларын орындау қажеттігіне тоқталды.

Жаңалықтар таспасы