Міндет жұмыс орындары мен өндіріс көлемін қысқартпау

You are here

Сондай-ақ бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бірнеше өндіріс орындарының жұмысымен де танысты. Алдымен ол "Ақтөбе металл құрастыру зауытына"  барды. Кәсіпорын құрылысқа қажетті бұйымдармен Қазақстанның батыс аймағын қамтамасыз етіп отыр. 2013 жылы аймақтық индустрияландыру картасы бойынша жаңа цехты іске қосып, 250 миллион теңге көлемінде инвестицияны игерген. Жыл басынан  кәсіпорында екі мың тоннаға жуық өнім өндірілген. Зауыт құрылтайшысы Қайрат Қойлыбаев облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа компанияның жоспары, кешегісі мен бүгіні  туралы толыққанды мәлімет берді. Облыс басшысы еліміздің нарығында 40 жылдай тәжірибесі бар "Стройдеталь" зауытын да аралап көрді. Зауыттың бас директоры Анатолий Симоновтың айтуынша, кәсіпорынның темірбетон бұйымдары және құрылғылары ірі  құрылыс компанияларында жоғары сұранысқа ие. Мәселен, бұл зауыттың өнімдері "Батыс Еуропа - Батыс Қытай" тас жолының құрылысына, "Нұр Ақтөбе" ауданын салуға кеңінен қолданылған. Жыл соңына дейінгі болжам бойынша,  кәсіпорында 140 мың тоннаға жуық өнім өндіріледі. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ақтөбе хром қосындылары зауытын аралап көрді. 1957 жылы іргетасы қаланған зауыт еліміз бойынша хромның негізінде хром тұздарын өндіретін жалғыз және бірегей өндіріс орны. Жалпы, үш бірдей іргелі кәсіпорын басшыларына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қоршаған ортаны қорғау мәселесіне көңіл бөлу қажет екенін айтты. Сонымен қатар, жұмыс орындары мен өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемін келесі жылы да төмендетпеу керектігін ескертті.

 

Жаңалықтар таспасы