"Мәнгілік ел Мәртебелі тіл" патриоттық форумы өтті

You are here

Ақтөбе облысында мемлекеттік тілді меңгергендердің үлесі 91 пайыздан асады. Ал, өзге ұлт өкілдерінің 25 пайызға жуығы қазақшаға жетік. Бұл мәліметтер бүгін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен "Мәңгілік ел - мәртебелі тіл" атты патриоттар форумында айтылды. Форум ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып ұйымдастырылды.

Облыста тілдерді оқыту орталықтары құрылғалы бері 10 мыңнан астам адам қазақ тілін тереңдетіп оқыған.  Алайда, оқудың мазмұны мен сапасына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев күмәнмен қарайтынын білдірді. Форум аясындағы көрмені аралау барысында облыс басшысы ресми мәліметтің мәнісіне көңіл аударды.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Патриоттар форумына қазақ тілін жетік білетіндігі арқылы Ақтөбеде танылған, республиканы мойындатқан жерлестеріміз түгел шақырылған. Алайда, олардың көпшілігі қазақтың қаймағы бұзылмаған ауылдардың өрендері. Демек, қазіргі телефурналист, аралдық Анна Данченкоға,  әйтекебилік Ольга Ганинаға, төтенше жағдайлар комитетінің өкілі, ырғыздық Любовь Аблановаға, Астанадағы Елбасы кітапханасының қызметкері Оксана Лоскутоваға және басқаларға тілді оқыту орталықтарының қажеті болған жоқ. Қазақ балаларымен құлын-тайдай тебісіп өскен орыс, украин жастары қазір мемлекеттік тілдің ырзығын көріп отыр.

ОКСАНА ЛОСКУТОВА "ҚР ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ - ЕЛБАСЫНЫҢ КІТАПХАНАСЫ" МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН БАЙЛАНЫС ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ

Ақтөбелік Череватыйлар отбасының екі баласы қазақ мектебінде оқып жүр. Елдің ертеңі мен қазақ тілінің болашағына сенген ата-аналары Наталья мен Давидті еш ойланбастан қазақ мектебіне берген. Журналист болуды армандайтын Давид қазақ тілінің нәрімен балабақшадан бастап сусындаған.

ДАВИД ЧЕРЕВАТЫЙ

НАТАЛЬЯ ЧЕРЕВАТАЯ

Облыста қазақ тілінде тәрбие беретін балабақшалардың үлесі 70 пайызды, жалпы білім беретін мектептердің саны 64 пайызды құраған. Ұлттық-мәдени орталықтарда диаспоралардың ана тілімен қатар мемлекеттік тілді де оқыту жолға қойылған. Бұл - ұлттар мен ұлыстар сүттей ұйыған, аспаны ашық, мамыражай тірлігі әлемге үлгі Қазақстанның жетісігі. Форумға қатысушыларды құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Елбасы тапсырмаларының негізгі бағыттарына тоқталды.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Форум аясында қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт өкілдері сахнаға шығып, жеке жетістіктерін, қазақ тілін үйренудегі қызықтары мен қиыншылықтары жайында айтты. Ал, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы қазақ тілінде білім беретін балабақша, мектептерге өзге ұлт өкілдерінің бетбұрыс жасағандығын тілге тиек етті. 

ГҮЛАЙЫМ ТӨЛЕБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Тіл саясатының басты саласы ономастика бойынша да облыс аумағында қыруар жұмыс атқарылған. Егемендік алғалы өзгертілуге жататын 167 елді мекеннің жүз қырық екісі тарихи атауларына ие болған. Ал патриоттар форумының қорытындысы бойынша қазақ тілінің өрісі мен қолдану аясын кеңейту мақсатында жиынға қатысушылар ортақ үндеу қабылдады.

 

 

Қосылды: 
15.04.2016 - 15:29
Соңғы өзгерiстер: 
07.09.2016 - 17:19

Жаңалықтар таспасы