Нұрсұлтан Назарбаев: Ақтөбеден бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтіп жатқан «Туған жер» республикалық форумына қатысушыларға құттықтау сөзін жолдады.

Елбасының жолдауын ҚР мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова 28 қыркүйек күні кешке Қобыланды батыр атындағы орталық стадионда өткен форумның басты шарасы кезінде оқып берді:

«Қазақстан қастерлі Тәуелсіздігінің үшінші мүшелін зор рухани жаңғырумен бастады. Менің бағдарламалық мақаламның аясында еліміздің барлық аймақтарында кең ауқымды жұмыстар қолға алынды. Рухани жаңғырудың» негізінде жүзеге асырылып жатқан айрықша маңызды жобалардың бірі – «Туған жер». Әркімнің кіндік қаны тамған жері, қайда жүрсе де, жүрегінің төрінде. Біздің әрқайсымыз туған өлкемізді мақтан етеміз, алыс жүрсек сағынамыз, қамқорлық жасаймыз. Туған жерге іңкәрлік Туған елге сүйіспеншілікпен ұласады»,-деп атап өтті мемлекет басшысы.

Жолдауда «Туған жер» бағдарламасының жалпыұлттық патриотизмнің өзегі іспетті екені, осындай ізгі ниеттер мен шараларды жүйелеп, ортақ игілікке айналдыруды көздейтіні айтылған.

«Форумға еліміздің өңірлерімен қатар, 20 мемлекетте тұрып жатқан ақтөбеліктердің арнайы келуі – біздің ұлттық бірегейлігімізді, туған елге деген шынайы патриоттық сезімдерімізді айшықтай түседі. Бүгін Ақтөбеден бастау алған игі шара еліміздің басқа өңірлерінде жалғасын табарына сенімдімін. Сіздер шынайы патриотизм – «Мәңгілік Ел» мызғымас тұғыры екенін түсініп, осынау патриоттық сезімді барша замандастарыңызға жеткізулеріңізді тілеймін!», - делінген Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына арналған сөзінде.

Шара 4500-ден астам адам жұмылдырылған театрландырылған қойылыммен жалғасты.

Стадион алаңында ойын-сауық ұйымдастырылып, 13 мың көрерменнің назарына тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуы туралы тамаша қойылым ұсынылды.

Шоуға «Муз Арт» тобы, Жанар Айжанова, Марат Әйтімов, Мирас пен Құралай Бекжановтар, Жұлдыз Нұрқасымова, Арман Төлесінов пен тағы басқа қазақ өнерінің жұлдыздары ат салысты.

Ауқымды мерекенің қонағы «Славян базары – 2015» байқауының гран при иегері, "I’m a Singer 2017" халықаралық байқауының жүлдегері Димаш Құдайбергенов болды.

 

Ақтөбе облыс әкімінің баспасөз қызметі