Н. Назарбаев индустрияландыру телекөпір арқылы бірнеше кәсіпорынның тұсауын кесті

You are here

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев индустриалдандыру бағдарламасының 2015 жылғы қорытындысын шығарып, аймақтармен телекөпір арқылы байланысқа шықты. Еліміздің түкпір-түкпірінде Жалпыұлттық телекөпiр арқылы 18 кәсіпорын ресми түрде іске қосылды. Астана мен аймақтарды тікелей жалғайтын жоба аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен  Ақтөбе облысы Алға ауданында "АкТеП" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ет өңдеу комбинатының жұмысы басталды.

Индустрияландыру бағдарламасының 2015 жылғы қорытындысын шығаруға Елбасының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы негіз болды. Шикізатқа тәуелділіктен арылуға бағытталған индрустриаландыру бағдарламасының алты жылы артта қалды. Алғашқы бес жылдықтың аясында жүзеге асқан жобаларға бүгін тағы 18 кешен қосылды. Солардың бірі - "АкТеП" серіктестігі бастаған жоба - ауыл шаруашылығы кластерін дамыту, ет пен ет өнімдерін экспорттау Елбасының тапсырмасын жүзеге асыруға бағытталған қадам. Жобаның жалпы құны - 2,3 миллиард теңге. Ол қаржының басым бөлігі - "Агробизнес" корпорациясының несиесі. Аймақтың дамуына серпін беретін жобаның инфрақұрылымы "Бизнестің жол картасы -2020" бағдарламасы бойынша бюджет есебінен жүргізілген. Бұл жөнінде серіктестік құрылтайшысы Нұрлан Сағыналин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа телекөпір аясында ресми баяндады.

НҰРЛАН САҒЫНАЛИН, "АКТЕП" ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ҚҰРЫЛТАЙШЫСЫ

Сіз бастамашы болған индустриаландыру бағдарламасы бойынша біз мүйізді ірі қараны жемдеп бағудан бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі аралықтағы ет өңдеу кешенін іске қосқалы отырмыз. Жобаға 2 миллиард теңгеден аса қаржы жұмсалды. Жаңадан 88 жұмыс орны құрылды. Өндіріске Еуропаның заманауи ең озық технологиясы қолданылып, шикізатты өңдеу жүйесі толық автоматтандырылды. Өнімнің 60 пайызы Ресейге экспортталады.

Жаңа өндіріске, қайта өңдеу саласында өзіндік айшығы болатын кәсіпорынға Елбасы да ақ батасын беріп, жаңа бастамалардың басы-қасында жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ризалық білдірді. 

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

Бұл - малды өздері бағып, жем-шөбін дайындап, сойып, өңдеп сатуға дейінгі тізбекті қамтитын алып кластерлік жүйе. Болашақта бордақыланатын мал санын "Актеп" серіктестігі 11 мың басқа жеткізуді көздеп отыр. Репродуктор шаруашылықта Ангус тұқымды 3200 бас сиыр бағылады. Өңірдегі "Сыбаға" бағдарламасынан енші алған шаруашылықтардың да мал қабылданып, ет өңдеу комбинаты дайын өнімдерін басым бөлігін экспортқа жөнелтеді. Енді еліміз бен Ресей федерациясында ет өніміне деген нарықтық сұранысты қанағаттандыру жолында бәсекеге қабілетті жоба бар. Отандық өнім халықаралық стандарттарға, оның ішінде Халал талаптарына толық сәйкес. Телекөпірден соңғы салтанатты жиында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев индустриалдық жобаларды жүзеге асыру барысында жаңадан 6,5 мың жұмыс орны ашылғандығын да атап өтті.

БЕРДІБЕК САПАРБАЕВ, АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Жоба еліміз бойынша трансұлттық серіктестердің қатысуымен жүзеге асырылған 10 жобаның бірі. 1966 жылы кәсібін Германияда бастаған "GSF" компаниясы қазір Германия, Польша, Люксембург, Испания, Украина, Ресей мен Мысыр елдерінде осы тектес жобаларды сәтті жүзеге асырған азулы ұйым. Демек, немістің мүлтіксіз технологиясы қазақ жеріне жетіп, шаруаны ұқыпты жүргізуге мүмкіндік беріп отыр.

БЕРНГАД РОЛИНГ, "GSF" КОМПАНИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ (ГЕРМАНИЯ)

Біз бұған дейін Ресей, Мысыр, ішінара Қытай елінде жұмысымызды жүргізіп отырмыз.  Бұл - біз, қазақ елінде бастаған ең үлкен жоба. Өйткені, біздің жабдықтарымыз бен қызметімізге тапсырыс берушілер сенімділік тудырды. Барлық желі Еуроодақтың талаптарына сай келеді. Біз негізінен жеке бастың тазалығы мен өндірістік гигиенаға мән береміз. Енді жұмысшылар да сол талаптарды ұғынып, тәжірибе жинақтаулары керек.

Сиыр етін тұтастай, жіілктеп, қайта өңдеп, жартылай дайын ет күйінде және мал азығы мен балыққа жеміне арнап ұсақтайтын желі ҚазАгро" холдингінің қатысуымен жүзеге асты. Сондықтан да, бірегей жобаның өніміне қызығушылар көп. Мәселен, Ресей Федерациясының Орынбор және Свердлов облыстарының белгілі сауда желілері мен коммуналдық базарларының құрылтайшылары, еліміздің сауда саласындағы іргелі ұйымдары мен мекемелері келісім-шарт, меморандумдарға қол қойып, сұранысты ұлғайта түсті. 

ГҮЛМИРА ИСАЕВА, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ

Ақтөбе өңірінде мал шаруашылығын өркендетіп отырған шаруашылықтар жеткілікті. Бірақ, заманауи, халықаралық талаптарға сай келетін ет өңдеу кешенінің орны бөлек. Қазір бұл өңірді Сыбаға сияқты мемлекеттік бағдарламалар есебінен мал басы көбейіп келеді. Тек, дәл осындай компания жетіспейтін. Енді сапалы неміс технологиясы арқылы ет өнімдерін Ресей мен Қытай нарығына шығаратын күн туды. Елбасы өзінің жолдауында осы мәселеге мән берген болатын және ұлттың 100 қадамында да ет пен сүтті қайта өңдеудің маңыздылығын атап өтті. Ақтөбенің жері құнарлы, мал шаруашылығына қолайлы. Сондықтан, мүмкіндікті молынан пайдалану керек.

Алғадағы ет өңдеу кешенінің ашылуына көршілес аудандар мен қатар, көршілес облыстар да, тіпті шекаралас елдердің кәсіпорындары да екі қолдарын ысқылап, қуанып отыр. Сондықтан да ет пен ет өнімдерін Ресейдің нарығына шығаруға алдын ала келісімдер бар. Кешеннің ашылу салтанатында Қарғалы ауданынан арнайы келген "Степное" серіктестігінің директоры, Ақтөбедегі Тәжірибе стансасының басшысы Аманқос Төлеуов те қуанышын жасырмады. 

АМАНҚОС ТӨЛЕУОВ,"СТЕПНОЕ" ЖАУАПКЕРШІЛІГІ ШЕКТЕУЛІ СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ

Елбасы бүгін ақжол тілеген кәсіпорындардың басшылары болашаққа нық сеніммен қарайды. Өйткені, ел игілігіне арналған істер қашан да мемлекет қорғауында. Ал, дағдарыстың салқыны шарпыған елді тек отандық өнеркәсіп пен білікті ұйымдастырушылар ғана құтқарады.

Жаңалықтар таспасы