Облыста құны 29,5 миллиард теңге тұратын 12629 жылжымайтын мүлік нысандары жария етілді

You are here

Облыс тұрғындарына сапалы және фармацевтикалық қызметтер көрсету, дәрі-дәрмектер бағасына мониторинг жүргізу мәселелері облыс әкімдігінде аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте талқыланды.

Медициналық және фармацевтикалық қызметтер сапасына бақылау жасау жөніндегі департаменттің басшысы Қайрат Сабырдың айтуынша, облыс аумағында дәрі-дәрмектер өткізумен 455 медициналық мекеме шұғылданады. Қазіргі уақытта маңызды проблемалардың бірі шалғайдағы елді мекендердің тұрғындары үшін дәрі-дәрмектердің қолжетімділігі болып қалуда. Бұл тұрғыдан алғанда медициналық дәрі-дәрмектермен қамтушылық бүгінгі күні 83%-ға жетіп отыр. Ең жоғарғы көрсеткіш Мұғалжар ауданында, ал төмені Байғанин ауданында орын алуда.

2016 жылдың сәуірінде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі мен қоғамдастық арасында фармацевтика саласында медициналық бағыттағы өнімдер мен дәрі-дәрмектер бағасын тұрақтандыру мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес, 106 дәрі-дәрмекке тұрақты негізде баға мониторингі жүргізіледі. Мониторинг нәтижесінде 66 атаудың бағасы төмен, 58-і — белгіленген мөлшерге сәйкес келетіні анықталды, ал 12 дәрі-дәрмек атауы дәріханаларда болмаған.

- Облыстың денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде, алайда сонымен бірге бірқатар көкейкесті проблемалар да сақталып қалуда. Біз тұрғындарға сапалы қызмет көрсету, ірі елді мекендерді дәріханалармен қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға тиіспіз. Бұдан басқа, 2019 жылға дейін өңірдегі барлық елді мекендер медициналық пункттермен қамтамасыз етіледі деп тұрғындарға берген уәдемізді орындау үшін барлық күш-жігерімізді жұмсауымыз керек. Дәрі-дәрмектердің бағасын тұрақтандыру мәселесі де ерекше маңызды. Кадрлар даярлауда айырықша көңіл бөлуді қажет етеді, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы ақтөбеліктердің жазғандарына назар аудара отырып, арыз-шағымдармен жұмыс істеуді де жолға қойған жөн. Осы мәселелердің барлығын шешуде қоғамдық бірлестіктер ауқымды көмек көрсете алар еді,— деп алғы бағыттарды айқындады облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Бұдан басқа, кеңесте 2014 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған мүліктерді жария ету бойынша акцияның өту барысы қаралды. Ақтөбе облысы бойынша жылжымайтын мүлікті жария ету бойынша 13 комиссия құрылды.

Акция қорытындысы бойынша облыста жалпы құны 35,5 миллиард теңге болатын жылжымайтын мүліктің 14 691 нысанын жария етуге қатысты 7 240 өтініш түсті. 29,5 миллиард теңге сомаға жылжымайтын мүліктің 12 629 нысаны бойынша 6 115 өтініш оң шешімін тапты. Ақтөбеде ғана 27 382,8 миллион теңге сомаға 11975 нысан жария етілді.

2016 жылдың басынан бері 53,9 миллиард теңге сомасына 341 банк есепшоты жария етілді, оның ішінде мемлекеттік кіріс органдары арқылы: Ақтөбе қаласы бойынша – 53,3 миллиард теңге, Мәртөк ауданы бойынша – 425,5 миллион теңге, Темір ауданы бойынша – 9,0 миллион теңге.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жаңалықтар таспасы